jasqazaq.kz

Мерей Оңғаров: Алматыны газдандыру 100 пайызға жақындады

Бүгін, 13:59
alargaz.kz

alargaz.kz

Алматы қаласында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Биыл жылу желілері мен қазандықтарды қайта жаңарту, көпқабатты тұрғын үйлерді модернизациялау, газ желілерін кеңейту және электр инфрақұрылымын күшейту бағытында нақты жұмыстар жүргізілді. Осы шаралардың мәні мен нәтижесі туралы Jas Qazaq тілшісі қаланың Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы басшысының орынбасары Мерей Оңғаровпен әңгімелесті.

– Мерей Рахатұлы, Алматыдағы көпқабатты үйлерді энергия тиімділігі бойынша модернизациялау қандай деңгейде жүргізіліп жатыр?

– Биыл Алматы қаласында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Бұл бағыттағы негізгі мақсат – тұрғын үйлердің энергия тиімділігін арттыру, жылу шығынын азайту және ғимараттардың техникалық жай-күйін жақсарту.
Атап айтқанда, 132 көппәтерлі тұрғын үйде кешенді жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 50 көпқабатты тұрғын үйде 115-тен астам лифт заманауи жаңа лифттерге ауыстырылды. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі мен тұрмыстық жайлылығын арттыруға мүмкіндік берді.
Жөндеу жұмыстары инженерлік желілерді жаңартуды, шатыр жабындарын жөндеуді, подъездер мен қасбеттерді күрделі жөндеуден өткізуді қамтыды. Қасбеттерді жаңарту кезінде жылу оқшаулау элементтері қолданылып, ғимараттардың жылу сақтауы айтарлықтай жақсарды. Нәтижесінде тұрғын үйлердің энергия тиімділігі артып, коммуналдық төлемдер көлемін азайтуға нақты алғышарттар қалыптасты.

– Қаланың жылу желілерінің тозу деңгейі қазіргі таңда қанша пайызды құрайды және осы тозуды азайту үшін қандай жаңарту жұмыстары жоспарланған?

– Алматы қаласының жылу шаруашылығы – күрделі әрі ауқымды инфрақұрылымдық жүйе. Биыл осы жүйенің техникалық жағдайын жақсарту мақсатында «Алматытеплокоммунэнерго» ЖШС тарапынан жоспарлы реконструкция және жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, қала аумағында 39 шақырым жылу желісі толық жаңартылып, 17 қазандық реконструкциядан өтті.
Осындай жүргізілген шаралардың нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 1,8 пайызға, ал қазандықтардың тозуы үш пайызға төмендеді. Қазіргі таңда жылу желілерінің жалпы тозу деңгейі 54,3 пайызды, қазандықтар бойынша 62,1 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіштер бір жылда қалыптасқан мәселе емес, ондаған жыл бойы жиналған тозудың салдары екенін атап өткен жөн.
Осыған байланысты, 2026 жылы да жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасын табады. Алдағы жылы жылу желілері бойынша тозу деңгейін тағы 1,8 пайызға, қазандықтар бойынша үш пайызға төмендету жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар қаланы жылыту маусымына тұрақты дайындауға және апаттық жағдайлардың алдын алуға бағытталған.

– Газдандыру бойынша қалада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз. Қаладағы қандай аумақтар газды күтуде?

– Алматы қаласында газдандыру деңгейі бүгінгі таңда жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Қаладағы жеке сектордың газбен қамтылу деңгейі 99,6 пайызды құрайды. Дегенмен, жаңадан салынып жатқан тұрғын алаптары мен жекелеген шағын аудандарды газбен қамтамасыз ету қажеттілігі сақталып отыр.
Осы мақсатта Басқарманың тапсырысы бойынша «AKBARS STROY Ltd» ЖШС Наурызбай ауданында магистральдық газ құбыры желілерінің құрылысын жүргізіп жатыр. Жоба аясында 6,7 шақырым газ құбыры салынып жатыр. Құрылыс аяқталғаннан кейін «Alma City», «Елім-ай 4», «Елисейские поля» тұрғын алаптарында тұратын шамамен 3 мың тұрғын табиғи газбен қамтылады.
Сонымен қатар, бұл жоба болашақта салынатын тұрғын үйлерді де газдандыруға мүмкіндік береді. Газдандыру – экологиялық тұрғыдан тиімді, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыратын маңызды инфрақұрылымдық бағыттардың бірі.

– Енді қаладағы электр желілерінің жүктемесі мен тұрақтылығы туралы қандай мәлімет бересіз?

– Алматы қаласының электр желілері «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның құзыретінде. Қазіргі таңда қаладағы электр желілерінің тозу деңгейі 63,3 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш мегаполис үшін өзекті мәселе болып саналады. Себебі электр энергиясына деген сұраныс жыл сайын артып келеді.
Осыған байланысты электр желілерін жаңғырту және қайта жаңарту бағытында жүйелі жұмыстар жоспарланған. Атап айтқанда, «Тариф – инвестицияға айырбас» бағдарламасы және 2026–2029 жылдарға арналған Ұлттық жоба аясында электр инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңарту көзделіп отыр.
Мұндай шаралар электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға, желілердегі жүктемені теңгеруге және қала тұрғындары мен кәсіпорындарды тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге бағытталған.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 14:07
Алматы жастары экомәдениетті қалыптастыруда көш бастап тұр
Бүгін, 13:59
Мерей Оңғаров: Алматыны газдандыру 100 пайызға жақындады
16 желтоқсан, 14:00
Алматы: Жылу жүйесі қыс маусымына дайын
15 желтоқсан, 14:01
Алматының индустриалдық аймағы – даму драйвері
12 желтоқсан, 17:21
Алматыда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында пластик қақпақтарды жинау бойынша эконауқан өтеді
12 желтоқсан, 12:32
Алматы: «Таза Қазақстан» экоакциясының жыл қорытындысы
12 желтоқсан, 12:09
Алматыда «Эко-шырша Алматы» ашық байқауы басталды
11 желтоқсан, 14:20
Алматыда тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді
10 желтоқсан, 23:45
Алматының тазалығын сақтау – ортақ міндет