«Менің авторлық орамалым»: ерекше балалардың анасына арналған ерекше жоба

22 ақпан, 15:23

Алматы қаласының галереясында ерекше балаларды  тәрбиелеп отырған оннан астам анаға «Менің авторлық орамалым» атты ерекше шеберлік дәрісі ұйымдастырылды. Қайырымдылық жобаны Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығы мен  суретші Дарияш Қасымова бірлесіп өткізді. Жобаның мақсаты — инклюзивті ортаны дамыту, мүмкіндігі шектеулі балаларды  өсіріп отырған аналарға мерекелік көңіл-күй сыйлау және психикалық ауруларға шалдыққан жандардың өзекті мәселесіне қоғам назарын аудару.

Жобаға қатысқан аналарға арт-терапиялық шеберлік дәрісте қиялын қағазға бейнелеуге мүмкіндік ұсынылды. Жобаның демеушісі  отандық бренд саналатын SenQ дизайнерлері қатысушылар салған қағаздағы суреттерді  матаға көшірді. Сөйтіп ұйымдастырушылар 8 наурыз мерекесі қарсаңында әр авторға өзі салған сурет пен есімі жазылған орамалды салтанатты түрде тарту етеді. Шеберлік дәрісінің ашылуында сөз сөйлеген Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев мұндай терапияның тұңғыш рет ұйымдастырылып отырғаны, алдағы уақытта ерекше бала тәрбеиелеп отырған әкелерді де қатыстыру ойда бар екенін жеткізді.

Сапар Рахменшеев, Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры:

«Бүгінде Алматы қаласы бойынша  2500-ден астам бала диспансерлік есепте тұр. Олар ақыл-есінің кемістігі бар, аутизм, шизофрения, органикалық өзгерістер диагноздары бар балалар. Орталықтың басты міндеті — осы диспансерлік  бақылауда тұрған балаларды қоғамға бейімдеу. Орталық жас балалардың реабилитациясына баса назар аударады. Жуырда балаларға арналған театр сыныбын ашу ойымызда бар. Бұған дейін ересектерге арналған  Қысқы бақ ашқан едік. Енді арнайы жер бөліп, кішкентай балаларға да арнап бақ ашамыз.  Балалар өздері сол баққа түрлі ағаш пен гүл отырғызатын болады.

Ал енді бүгінгі іс-шараға келсек, өздеріңіз білесіздер ерекше бала тәрбиелеп отырған  ата-аналарға қиын. Оларды қоғамға бейімдеп, көңілін көтеру үшін осындай шаралар жиі ұйымдастырылуы керек.

Көбінесе ерекше баласын ата-аналар дәрігерге кеш әкеліп жатады. Ол дұрыс емес. Балаға туылғаннан бастап көңіл бөлу керек. Егер ол балада қандай да бір ауытқу болса, бірден дәрігерлерге жүгіну керек. Мысалы, өз тәжірибемнен айтайын. Осыдан үш жыл бұрын 83 жастағы ата мен апа өздерінің 38 жасар ерекше баласын алып келді. Ол кісілер баласын бірде-бір рет орталыққа алып келмеген екен. Тіпті мамандарға көрсетпеген. Ақсақалдан «балаңызды неге ертерек әкелмедіңіз» деп сұрағанымда «ұялдым, намыстандым» дейді.

«Ал енді қазір неге алып келдіңіз» десем, біз о дүниеге кеткен соң  баламыз мүгедектігі бойынша жәрдемақы алып отырсын» дейді. Осындай ата-атаналар өте көп. Баласындағы ерекшелікті көре тұра, тиісті мамандарға әкелмейді. Сондықтан дер кезінде емді бастап кету маңызды», — дейді.

Жобаға қатысқан аналар ең алдымен арт-терапияның әдіс-тәсілдерімен танысты. Бой сергітетін жаттығулар жасағаннан кейін, аналар қылқаламды қолға алып, көктемді өздері қалай елестетіндерін ақ қағазға түсірді.

Жоба ұйымдастырушысы суретші Дарияш Қасымова арт-терапияның аналар үшін айрықша маңызы бар екенін атап өтті.

Дарияш Қасымова, суретші:

«Мен өзім мұндай жобаларға жиі қатысамын. Өткенде осыған ұқсас жоба Павлодар қаласында өтті.  Ерекше балалар тәрбиелеп отырған аналарға қуаныш сыйлағым келді. Содан Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығына арнайы хабарластым. Өйткені  бейнелеу өнері адамның  көңіл-күйін көтереді. Арт-терапияда қатып қалған ереже жоқ. Кез келген адам еркін түрде нені бейнелегісі келсе, сол ойындағы нәрсені қағазға түсіреді. Біз осылайша ерекше бала өсіріп отырған аналарымызға бір сәтке болса да тіршілік тауқыметін ұмыттырып,  қуаныш сыйлағымыз келді. Бүгін аналар арт-терапияның үш әдісін үйренеді. Үйлеріне барып, балаларымен бірге өмірлік тәжірибесіне қолдана алады. Бұл әдіс ана-мен баланы жақындастырады, сурет салу арқылы бірін-бірі түсінеді.

Бүгінде елімізде инклюзивті ортаны дамыту жан-жақты қолға алынып жатыр. Осындай  шеберлік дәрістері жиі болып тұруы керек деп ойлаймын. Өйткені ерекше бала өсіріп отырған аналар балалары үшін барын салады, тіпті өзін ұмытып кететіндері бар. Сондықтан олар қоғам назарынан тыс қалмауы керек.

Арт-терапияға қатысып, ерекше сезімге бөлінген аналар да бүгінгі шарадан алған әсерлерімен бөлісті.


Дина Иманбаева, жобаға қатысушы:

«Мен ерекше қыз өсіріп отырған анамын. Арт-терапияның шеберлік сабақтарына қызыммен бірге қатысып жүргенмін. Қазір жаңа әдісті үйрендім. Ең алдымен қағазға түрлі түстерді араластырып, суы кепкенше жағып алдық. Енді осы түстерден көзімізге қандай бейне көрінеді, соны ерекшелейміз. Қазір мен өз түстеріме қарап отырсам, гүлдер мен жапырақтың бейнесі шықты. Бір сәт қиындықты ұмытып, өзім сияқты аналармен бірге сурет салу ерекше әсер сыйлады».

Арайлым Әбдібек, жобаға қатысушы:

«Мен ерекше екі егіз ұлдың анасымын. Бала күтімімен отырғаннан кейін сыртқа шығуға көп уақытымыз бола бермейді. Бүгінгі  шеберлік сағатына қатысып, ерекше  әсер алдым. Бізге көктем деген тақырыпқа сурет салуға  тапсырма берілді. Қазір соны қағаз бетіне түсірейін деп отырмын. Бір сәт қиындықты ұмытып, өз арманымызды, қиялымызды ақ қағазда бейнелеуге мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғыс айтамын».

Дамуында ауытқуы бар, ерекше күтімді талап ететін балаларды қоғамға бейімдеу — бүгінгі заманның басты талабы. Оларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың да қамқорлықтан тыс қалмағаны дұрыс. Сол үшін де бүкіл елді инклюзияны жан-жақты дамыту үшін арнайы жобалар қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Алдағы уақытта да осындай жобалар жалғасын табады деген сенімдеміз. Бұл біздің қоғам үшін қажет.

 

Мақпал Ноғайбаева,

Суреттерді түсірген автор

 

 

29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды