«Мен жалған жиһадшының әйелімін»

20 қантар 2017, 11:57

Қазақ баспасөзі тағы бір жаңа басылыммен толықты. «Дүрбі» аймақтық қоғамдық-танымдық тәуелсіз газеті Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарында тарайды. Жаңа басылымның Бас редакторы, әріптесіміз Ұлдай Сариева «Жас қазақта» жарияланған дін тақырыбындағы өткір де өзекті зерттеу мақалаларымен оқырманның есінде. Сол бағыттан ауытқымай арнайы газет ашып отыр. «Дүрбі» дәстүрлі ислам діні мен діни жат ағымдардың аражігін ажыратады, ата-бабадан қалған салт-дәстүрді, ұлттық құндылықтарымызды, қазақы мәдениетімізді, «тал бесік-тәрбиемізді» дәріптейді. Адасқанға жол көрсетеді, тарыққанға сүйеу болады деген үміттеміз. Назарларыңызға газеттің алғашқы нөмірінде жарық көрген «Мен жиһадшының әйелімін» деген мақаласын ұсынып отырмыз.

Жарқынай Еселбаева:

«Күйеуім маған ренжімейтін шығар деп ойлаймын. Айттым, түсіндірдім, өзім жеткізе алмағанды мамандар жеткізер деп теологтарға да апардым. Ойым отбасын сақтау, балаларды тірі жетім қылмау еді… Жетекке жүрмеді. Осы жолды өзі таңдады. Бір емес, екі рет адасты. Ақыры темір тордың арғы жағынан бір-ақ шықты…»
Бұл – 41 жастағы әйелдің күнделігінен үзінді. Жарқынай бір кезде ата-енесін тәрбиелеп баққан келін, бір жігіттің сүйікті жары болған. Исламның теріс бағытымен адасқан өмірлік қосағын дәстүрлі исламға, бес баласына, отбасына кері қайтарамын деп жылдар бойы тер төккен күрескер әйел. Жар, әйел ретінде шеккен қасіреті шексіз. Бірақ осынау шынашақтай нәзік әйелдің бойында бір қайсар рух бар. Ол өзі айтқандай, ата-анасы берген тәрбиеде жатыр. Ол тәрбие атадан балаға мирас болған салт-дәстүр мен отбасы құндылығына толы.

Бала махаббат тағдырыма айналды

Ұл-кыздарым – өмірімнің негізі. Құдайға шүкір, бес қазақты өмірге әкелдім. Қазір орта жасқа келдім. Оң-солымызға баға беретіндей көрген-түйгеніміз бар. Алды-артымызға қараймыз. Өз басым кіршіксіз өмір сүрдім деп айта алмаймын. Себебі біз періште емеспіз, қатесіз адам болмайды. Кейде сөзден, кейде ісіңнен жаңыласың. Бірақ адамның тәрбиесі жақсы болса, өмірдің небір қиыншылығына төтеп береді деп ойлаймын. Аллаға мың шүкір, ата-анамның берген жақсы тәрбиесі менің өмір бойғы темірқазығыма айналды. Мойымай алға жылжуыма көмектесті.
Мен жиһадшының әйелімін. Көзіммен көріп, басымнан өткен жағдайлар мүмкін біреулерге сабақ болар деген оймен өз өмірімнен бір үзік сыр айтқым келді. Және Алладан жасырмағанды адамнан несіне жасырайын, шын аты-жөнімізді көрсеттім. Менің тұрмысқа шығып, түтін түтеткеніме биыл 20 жыл толды. Сол жылдардың ішінде тағдырымның басыма салғанын көрдім де, көтердім де, көндім де…
Мектептен басталған бала махаббат тағдырыма айналып, тауқыметін тартқызды. «Өткен іске өкінбе» деген. Аллаға шүкір, жолдасым Алмасбаймен 20 жылдай уақыт біреуден артық, біреуден кем өмір сүрдік. Екеуміз бір мектепте оқыдық. Сүйдім оны…
1995 жылдың 4 қыркүйегі. Алмасбай армиядан келді. Артынша мені алып қашты. Жастай тұрмысқа шығамын деп ойламағанмын. Кетіп қалайын десем «анама, мұғалім деген атыма кір келе ме» деп көнгенмін. Ол кезде алып қашқан адамға қолданар заң жоқ. Және тәрбие де басқа, өзіңді емес, ұятыңды ойлайсың. Бір аптаның ішінде, яғни 10 қыркүйек тойымызды жасап, заңды некеге тұрдық.
Ата-енем, әжем, төрт қайын апам, қайын аға-абысын, кайным бар екен. Ата-енем жайлы, түсінігі бар адамдар еді. Екі жылдан кейін енем ауырып, қайтыс болды. Көзі көрмейтін, екі аяғынан сал әжем мен атамды бағып қалдым. Одан соң әжеміз қайтыс болды. Ауылда екеумізге де жұмыс жоқ, зейнетақыға қарап отырдық. 1999 жылы Оралға көшіп келдік. Алмасбай жұмысқа орналасты. Мен атам мен балаларды бағып, үйде отырдым. Атам инсульт алып, бір аяқ, бір қолы жансызданып, тілі байланып, төсекке таңылып жатты. Ер адамды бағу мен үшін оңай болған жоқ. Жылап-жылап алып, үндемей жүре беретінмін. Содан қайын атам да дәм-тұзы таусылып, о дүниелік болды.
Бір күні Алмасбай ойламаған жерден «Сары Әулие» атанған Мараттың сеансына қатысады. Оның үгіт-насихатын тыңдап, үйге келген соң дін жолына түсетінін айтты. Өзімнің әжем қазақы салт-дәстүріміз бен исламды ұштастырып, бес мезгіл намаз оқыған адам еді. Қарсы болмадым.
Содан күйеуім мешітке барып, Рәсми деген түрік ұстаздан сабақ алып, намаз оқуды үйренді. Күндердің-күнінде Алмасбай Ақсай қаласындағы «SSS-SAIPEM» компаниясына жұмысқа орналасты. Қайсар (достарының есімдері өзгертілді) деген жігітпен бір пәтерде жатты. Ол жігіт те намаз оқиды екен. Сол жігіт Алмасбайға уағыз айтып, Оралдағы Сапар, Айғали деген жігіттермен таныстырады. Олар Орал қаласында бір үйден «медресе» ашып, сабақ береді және Алматыға оқуға жібереді екен. Алмасбай сол жігіттермен танысып, Алматыға оқуға баратын болып шешті. Жанұяны тастап, 40 күнге Исматулла «тақсырдың» дәрісін алуға кетті. Мен де қарсы болмай, керісінше, «түзеліп, таза

жүреді» деп қуанып шығарып салғанмын. Сол кеткеннен мүлдем хабарсыз кетті. Шыдай алмай, Алматыдағы оқу орнының телефонын алып, хабарластым. Тұтқаны алған бір жігіт: «Алмасбай аман-есен, бірақ оған сөйлесуге болмайды» деп трубканы бермеді. Сол жерде ойыма күдік кірді. Бірер сағаттан соң қайта телефон шалдым. Амалсыз өтірік айтуыма тура келді. «Қызы хал үстінде жатыр, Алмасбай тез үйге қайтсын» дедім. Содан Алмасбай аман-есен үйге келді. Исматулланың дәрісін алып, «зікір» салып, «уазипа» (таспих) тартуды үйреніп келді. Бірақ оның «зікір» салғаны, екі сағат таспих санап отыратыны, мешітке жоламайтыны, тапқан табысының көбін сол «зікіршілерге» беретіні мүлдем ұнамай, күдігімді күшейтті.
Бір күні Тәңірберген деген адамның үйіне жиналып, зікір салатындарын және менің де баруым керектігін айтты. Қарсы болмадым. Себебі оның қандай ортада жүргенін білгім келді. 6-ықшамаудан жақта бір жер үйге жиналдық. Ер адамдар төргі бөлмеге, әйелдер бөлек, төменгі бөлмеге жайғастық. Дәлізден басқа бөлменің жарығын өшіріп тастады. Ер адамдар айқайлап, азан шақырғандай мәтінмен әндетіп бастады. Сол кезде бәрі көздерін жұмып, бастарын шайқай бастады. Біреуі маған «Көзіңді жұм да, біз сияқты қайтала!» – деді. Бірақ мен көзімді ашып, бәрін бақылап отырдым. Құдай сақтасын! Бастарын шайқап, бейнебір ішіне жын кірген адамдай иықтарын жұлқылап, орамалдары шешіліп, шаштары жайылып, тіпті оны жинауға да шамасы келмей беріліп кеткені соншалық, айқайлап, кейбірі жылап, әлем-тапырық күй кешті. Осы көрініске қарап, шошып отырдым. Шыққан соң Алмасбай маған: «Қалай, ұнады ма?» деді. «Ұнаған жоқ. Бірінші және соңғы келуім болсын» – дедім.
Енді маған ой кірді. Күнде газет-журналдан «зікір» жөнінде ақпарат іздеп, жауап таба алмай жүрдім. Бір күні теледидардан «Антизікір» деген бағдарлама болды. Сол бағдарламадан таба алмай жүрген сұрақтарыма жауап алдым. Хабарды көшіріп алып, Алмасбайға көрсеттім. Дұрыс жол емес екенін, адасып жүргенін айтып, зар иледім. Алмасбай ойланды. Ақыр соңында түсініп, зікіршілермен байланысын үзді. Бұл 2001-2004 жылдар еді. Керемет тыныш өмір сүріп жаттық. Намазын оқып, мешітке барып, жұмысын жасап, табысын толық үйге жұмсап жүрді. 2005 жылы жер алып, өзіміз тас соғып, үй салып алдық. Достары Алмасбайға «Сен үй салып көрдің, енді бізге де көмектес» деп алып кетіп жүрді.

Бар пәле осыдан басталыпты

Ойлап отырсам, бар пәле осы үй салудан басталыпты. Біржан деген ағаймен танысып, сол кісінің үйін тұрғызуға көмектесті. Бір күндері сақалын өсіре бастады. «Неге қырынбайсың?» десем, «Пайғамбардың сүннеті» деді. Кешікпей балағын қысқартты. Сөйтіп, елдің аузында «уахаббист» болып тарап кеткен, «сақалдылардың» қатарына қосылып шыға келді. Ағайын-туыс, көрші-көлеммен араласудан қалдық. Олардың сойған малын «харам», намаз оқымайтындарды «кәпір» деді. «Ширк»деп жұма күні шелпек пісірткізбеді. «Намаз оқымай, кәпір болып өлді» деп ата-енемнің артынан Құран оқытқызбады, «Кілең өтірік ақпарат» деп теледидар көрсетпеді. «Үйге қонақ келсе, ер мен әйел бөлек отырып, екі бөлмеде тамақтану қажет. Ер мен әйел бір-біріне көрінуге болмайды, себебі бір-біріне көзі түседі» – деді. Күннен-күнге тыйымдары көбейе берді.
Бір күні есімін «Омар» деп өзгертіп келді. «Мешіттің имамдарының уағызы қате» деп шықты. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қас жауына айналды. Мұның бәрі маған күдік туғызды. Неге олай? Есімін неге өзгертті? Неге мешітке қарсы шығады? Неге балаларға Әнұранды айтқызбайды? Не үшін? Сұрақ көп, жауап жоқ… Діни кітаптар алып оқып, мешіттің сайттарына кіріп, сұрағыма жауап іздеп, үнемі ізденіс үстінде жүрдім. Жан жарымды отбасына, балаларына, бір кезде мектепте тұтанған алғашқы махаббатымызға қалай оралтамын? Аласұрып күрестім. Сұрақтарыма жауап іздеп, кітаптарға үңілдім, имамдарға, дін мамандарына жолықтым. Бірақ менің көз жасым мен жалбарынуым оның жүрегіне жетпеді… Менің ендігі мақсатым – балаларымның санасын таза сақтау болды. Оларға «Әкеңді тыңдама!» деу қиынға түсті. Бірақ айттым… Өзімнің қарсы екенімді сұрақ қою арқылы білдірдім. «Сен былай дейсің, ал кітапта осылай жазылған» деп қарсы шығатынмын. Ол енді Сирия, жиһад туралы айта бастады…

Ұлдай Сариева, Орал
(Жалғасы келесі нөмірде)

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды