Мен оған сеніп едім!.. (видео)

17 ақпан 2017, 13:44

Өзегін өртеген өкінішті, басына түскен қайғыны өкси жылап айтып берген Айнагүл есімді бойжеткен бір көрмекке әп-әдемі қыз екен. Өкінішін өз аузынан жазып алуға да қарсы болған жоқ. Себебін де түсіндірдік. Өзге сіңлілерің сенің күйіңді кешпесін, сабақ алсын дедік. Мұндай күйге қалай ұшырағанын сұрағанымызда, алданып қалдым дей береді. Өзінің айтуына қарағанда, құлай сүйген жігітін әлі де жамандыққа қимайды. Бірақ әлденеше мәрте телефон шалып хабарласқысы келгенімен, бір кезде сүйдім-күйдім деп шақшадай басын шарадай еткен сері жігіт ізім-қайым жоқ.

Бір-біріне қойдың егіз қозысындай ұқсас тағдырлар. Әрі аянышты. Қайғысы да бір, мұңы да ортақ.
Жетімдіктің запыранын жұтқан балалық шақ. Балалар үйі, әйтпесе алыстан қосылатын ет жақын ағайынның босағасы. Қылтиып қыз болған кезде табанының бүрі жоқ, әлдекімдермен кездейсоқ танысу. Жазатайым жар басу, оңбай опық жеу, соңында қарақан басының қайғысына мыңбатпан тағы бір қайғы жамау. Жарық дүниеге келген жас сәби өзімен бірге шат күлкілі шаттыққа толы қуаныш емес, өзегін өртер өкініш әкеледі. Ендігісі не баспанасы, не жұмысы жоқ, жас ананың қайда барарын білмей, қайда паналарын білмей шақшадай басын шарадай етуі.
Біз тілдескен барша ананың, барлығы болмаса да түгелге жуығының тағдыры осылай өрбиді. Суға кеткеннің қармайтын жалғыз талы іспетті талмаураған үміт аймақтағы қайырымды, қалталы азаматтардың қаражатымен ашылған «Аналар үйі» болып отыр.
Көкшетау қаласының Аналар үйінің ашылғанына үш жыл болыпты. Осы үш жыл ішінде ондаған, жүздеген аналар аз ғана уақытқа болсын паналаған. Мекеменің үйлестірушісі Көгершін Хасенованың айтуына қарағанда, қазір он шақты жалғызбасты жас ана кішкентай бөбектерімен осында тұрып жатыр.


– Жобаның ережелеріне сәйкес орналасқаннан кейін олар баспанамен және күнделікті тамақ, әрі киіммен қамтамасыз етіледі. Тағдырдың тәлкегіне түскен жас аналар ес жиып, оң-солын бағдарлап, өздері күнкөрістеріне қолдарын жеткізгенше жәрдемдесеміз, – дейді Көгершін Хасенова, – бізге жаңа келген бетте олардың халдері өте мүшкіл болады. Материалдық тұрғыдан ғана емес, үміті үзілген, қайраты кеміген міскін қалыпта. Біздің психологтар басынан кешкен талайлы тағдырларының егжей-тегжейлі сұрап біліп, өмірден баз кешуге сынық сүйем қалған жас аналардың көңілдерін демеп, көкіректеріндегі үміт отын жағуға тырысады. Алдап кеткен әкеге деген, өз бастарына қатыгездеу көрінген өмірге деген өкпені сейілту де оңай жұмыс емес. Бірақ мамандар бар күш-жігерлерін салып бағады.
Мұндағы тұрмыс жайы кәдімгі бақуатты отбасынікінен кем емес. Тұрақ-мекендері еңселі, екі қабатты коттедж, ішіп-жемі де мол, киім-кешектен де тарығып жүрген жоқ. Былай қарағанда бәрі бар, төрт құбыласы тең сияқты. Бірақ ақыл таразысына салсаң, жетпейтін жалғыз нәрсе – сенім. Сенім селкеу тартқан. Алдап кеткен бір адамның қырсығынан бұлар айналаның бәріне сенімсіздікпен үрке қарайтын тәрізді. Осы жері қиын.


Алдымен біреуімен тілдеспекші болдық. Бірақ сырғақсып тілге келмеді. Бәлкім, ұялған болар, әйтпесе ескі жараның орнын тырнағысы келмеді ме. Екіншісі, тіпті мінезінен де көрсетіп тастады. Жазған құлда шаршау жоқ, әйел затынан бетіміз қайтып көрмеген біз пақыр блокнотымыз бен қаламымызды дайындап үшіншісіне беттедік. Өзге ұлт өкілінің қызы екен. Тек аты-жөнімді жаза көрмеші, елден ұят деді. Әрине, мақтанатын жер, мақтанатын жағдай емес қой.
– Он сегізімде тұрмыс құрғанмын, – деді ол, – анам да он жетісінде тұрмысқа шығыпты.
Содан соң сәл жымиып күлді. Сәл томпақтау көрінетін ұртында дөп-дөңгелек шұңқыры бар екен. Күлген кезде жүзіне өң беріп, әдемілеу көрінеді. Бірақ сәл суықтау сұлулық. Жүзі күлгенімен, қабағы күлмейді екен.
– Тұрмысқа шыққаннан кейін тәп-тәуір тұрып жаттық. Өзіміздің баспанамыз жоқ. Ал анамның үйі бір бөлмелі. Онда қайтып тұрарсың? Анам тұратын пәтердің жанынан біз де пәтер жалдадық. Күйеуім бір фирмада экономист болып істейтін, табысы тәп-тәуір. Пәтерақы төлеуге де, ас-суымызға да, киім-кешегімізге де емін-еркін жетіп жатты. Бәрі ұмытылды деп ойладық біз. Бұрынғы жетіспеушілік, тиын есептеген қиын кез, көрінгенге қол жайып қарыз сұрап жүретін уақыт. Ас та төк молшылық болмаса да, өзіміздің қарақан басымызға жетіп жатыр. Үйленгеннен кейін бесінші, әлде алтыншы ай өтті-ау деймін күйеуім үйге кеш келетінді шығарды. Оның үстіне жолсапары жиілеп кетті. Айдың қақ жартысын сапарда өткізеді. Кей кезде кеш келгенде, үстінен әйелдің әтірінің исі шығып тұратын.


Бір күні қас қарая келді. Жұмыс уақыты әлдеқашан бітіп кеткен. Тағы да үстінен әлгі бір жағымсыз әтір иісі шығып тұр екен. Өзі күрк-күрк жөтеледі. Сөзге келіп қалдық. Бұл жолы қаттылау. Шыдамның да шегі бар емес пе. Ол болса тағы да жолсапарға кеттім деп киім-кешегін алып үйден шығып кетті. Мен үйде біраз отырдым да, болған жайды анама айтып, ішімді босатып ақылдасайын деп анамның пәтеріне бет алдым. Барсам анам жалғыз емес екен. Есіктің алдына өзі шықты, үстінде жеңіл халаты ғана бар. Мен болсам ағыл-тегіл жылап, айтып жатырмын.
– Жылай берме, – деп жұбатты анам, – еркек атаулының әдеті сол емес пе?
– Енді онымен тұра алмайтын сияқтымын, – деп мен өкпемді өкси жылап айтып жатырмын.
Бір кезде есігі жартылай жабылған анамның пәтерінен күрк-күрк жөтелген таныс дауыс естілді. Құдай-ау соныкі ме деп қалдым, әлдебір күш артымнан итеріп, алдымнан жетектегендей анамның жолымды кескеніне қарамай кіріп барсам, төсектің үстінде тыр жалаңаш күйеуім жатыр. Тіл байланып қалды. Сол кезде менің қандай сезімде болғанымды мынау жарық дүниеде ешкім де түсіне алмайтын шығар.
Анам болса қояр да қоймай қолымнан жетектеп дәлізге алып шықты.
– Бұл, – деді саусағын шошайтып тұрып, – саған үйленбей тұрып менің жігітім болған. Күндердің бір күнінде жас иіс аңсайтынын білдім де саған үйлендірдім. Енді ол екеуіміздікі.
Содан бері анамның да, күйеуімнің де бет-жүзін көргім келмейді. Ай-күнім жетіп мына шақалақты дүниеге әкелген соң барар жер, басар тауым қалмады. Өзіме жаңағыдай сатқындық істеген анамның үйіне қайтып бара алмаймын ғой, не деп барамын. Міне, біздің тағдыр осындай. Өзім де әкесіз өсіп едім, енді мына кішкентай Ажар да жарық дүниеге келген сәтінен бастап жазықты болып, әкесіз өсетін болды. Тұрмысқа шыққанда қуанып едім, өзім әкенің жанашырлығын, қамқорлығын көре алмасам да, балаларым көреді ғой деп.
Жас келіншек өксіп-өксіп жылады. Айдай аппақ жүзі әп-сәтте қарақат көздерінен үздіксіз аққан көз жасымен шыланып қалды. Қаншама кітап оқып, махаббат машақаты туралы қаншама кино көрген қарақан басым дәл мынандай оқиғаны естіп көрмеппін. Мал құлағы саңырау. Бұрынғылар жүре берсең, көре бересің деуші еді. Қым-қуыт уақыт есімізді алып, жанталасқан қатыгез заманда мұндай да болады екен-ау дедім де қойдым. Орыс ағайындар айтатын «өзгенің жан дүниесі қараңғы» деп.
Тағы бір тағдырмен таныс болдық. Бұл жолы өзгеше өрім, басқаша пішімді тағдыр. Он беске жасы жаңа толған, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, «бесіктен белі шықпаған», әлі өзі де бала мына бір қыздың егіз баласы бар екен. Шекесі торсықтай екі ұл. Дәл осы жерде жаратқан айтыпты дейтін бір сөз санама сақ ете түскені «Баланы ұялсын деп қызға, баға алмасын деп кедейге беремін» депті. Ал қаншама отбасылар бір шикі өкпеге зар болып жүр. Мойындарына бұршақ салып тілесе де, жаратқан иенің мейірім түспеген соң амал нешік.
Он бесінде бір емес екі сәбиді жарық дүниеге әкелген қыз ата-ананы былай қойғанда, ағайын-туыстан ада, тіпті алыс аталастары да жоқ жетім екен. Жетімдер үйінде өскен. Колледжге түсіпті. Аяғының ауыр болып қалғанын өзі де байқамаған. Аналар үйіне колледждің шебері жетектеп әкеп өткізіпті. Қазір әлгі бала екі баласын бағып осында жүр.
– Үш жасар қызыммен осында қалуыма мүмкіндік бергендері қандай жақсы болды, – дейді тағы бір жас ана, – әйтпесе жетімдер үйіне тастап кеткеннен басқа лажым жоқ еді. Бәлкім, онда жүрегім мұншама қайғы-қасіретті көтере алмауы да мүмкін-тұғын. Сол үшін де аналар үйін ұйымдастырған, бізді қамқорлығына алып отырған абзал жүректі азаматтарға айтар алғысым шексіз.
Тағы бір келіншек 23 жаста екен. Алыс ауылдардың бірінде ата-анасымен бірге тұрған. Ал оған шейін жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітірген. Оң жақта отырып, жүкті болып қалған соң ата-анасы намыстанып үйінен қуып шыққан. Сөйтіп, оңбай опық жеген, жас келіншек барар жер, басар тау таппай қаңғырып қалған.
Аналар үйі өне бойы кілкіген мұң емес екен, ара-тұра қайғының қара шымылдығын жақсылықтың шуақты қолы серпіп жіберіп, шымқай қара аспан да нұрын себезгілеп төгетін сәт болады екен. Таяуда жас аналардың біреуін ақылға келген күйеуі келіп, аяғына жығылып, кешірім сұрап алып кетіпті. Әлгі байғұстың тілмен айтып жеткізгісіз қуанышына барша мұңлық қоса қуанып, шаттанса керек. Бәрінікі бір қайғы, бір тағдыр ғой.
Жанарының астында көгілдір таңбасы айықпаған, тән жарасы жаңа-жаңа жазылып келе жатқан енді бір жас ана күйеуінен көрген қорлығын айтып тауыса алар емес. Екі иығы солқылдап, жүзін төмен салып жылайды-ай келіп. Үзіп-үзіп айтқан сөзінен көп ештеңе ұға алмадық. Тағдырдан тартқан ащы сыйы да аз емес қой деп жан жарасын қайтадан тырнағымыз келмеді.
Жас аналарға ие болып отырған Көгершін Зәлелқызы былай дейді:
– Бізге балалары өсіп кеткен аналар да келеді. Бірақ біз бір жасқа дейінгілерін ғана алдық. Міне, бүгін тағы бір ана телефон шалды, баласы алты жаста екен. Өзінің айтуына қарағанда, жұмысы да, тұратын жеріде жоқ, уақытша паналай тұрсақ дейді. Енді қайтсін бауыр еті балаларын көзі тірісінде балалар үйіне қайтып жіберсін. Осында істегеніме жеті ай болды. 17 бүлдіршінді анасының бауырынан ажыратпай, аман сақтап қалдық. Осы жобаны жүзеге асырушылар әркімнің де қателесуге хақысы бар. Тым болмаса бір мәрте болсын ойланбай опық жегенге көмектесейікші дейді.
Ал аналар үйін паналап жатқандардың одан арғы тағдыры не болмақ? Жұмыс табыла ма, үйдің кезегіне тұра ала ма? Қала әкімі Ермек Маржықпаев жатақханадан уақытша бір бөлмеден береміз деп уәде еткен екен. Әзірге тым-тырыс.
Жас аналар кезектесіп ас дайындайды. Үй ішін жинап, ретке келтіреді. Бір-бірінің баласына қарайласады. Әзірге қауымдасып, қоғамдасып жомарт жандардың ізгі ниетінің арқасында селбесіп келеді.
Жалғыз-ақ өкініштісі, осылардың ішінде өз ұлтымыздың қыздарының көптігі. Балалы болған балалардың обал-сауабы кімнің мойнында сонда?!.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Ақмола облысы

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды