Кімнің бай болғысы келмейді дейсің? Шекеміз терлемей, алақанымыз ойылмай, қалай да оңай жолмен қалтамызды қампайтқымыз келіп тұрады. Алдар Көсенің әлдебір аңызында сондай оқиға бар-ды. Бірақ жеңіл ақшаның жолы да, сұрағы да қашан да ауыр. Оны Алдар туралы әңгімеден бала күнімізде оқып, көкейге тоқыдық. Бірақ Алдар жайлы аңыз естісе, Көсені мазақтап күлетін жұрттың өзі әлі алданып жүр. Бұл қалай?
Әңгімені басынан бастайық. Оңай жолмен ақша табуға бәріміз неге құмармыз? Анық-қанығына көзіміз жетпей тұрса да, соған ақша салып, оны еселеп қайтарып алуға неге әуеспіз? Өткенде жеделсатыда бір жігітпен танысып қалдық. Бізді бір көргеннен әңгімеге тартып, іші-бауырымызға кіріп бара жатыр. Жеделсатыда «жолдас» бола қалғанымызға соншалық, жалпаңдағанына қарап, ішім қылп етті.
– Қандай жұмыс істейсіздер? Айына қанша табыс табасыздар? – деп сұрақтың үстіне сұрақ қояды. Қасымдағы әріптесім сақа журналист, көпті көрген кісі еді.
Әлгінің бізді майлы ішекше айналдырғанын онша құп көрмеді. Анау қояр емес: «Қосымша ақша тапқыларыңыз келсе, бізбен жұмыс істеңіздер. Ақша артық етпейді ғой», – деп, қозысын қорыған тұмса тұсақтай екеумізді шыр айналады.
– Ол не қылған батпан құйрық? – дедім, әлгінің әдепкіден тым сыпайы мінезінен тез құтылғым келіп. Ол да менің әңгіменің түйінін күтіп тұрғанымды сезді-ау деймін.
– 100 мың теңге салып, жарты жылда 1 миллион теңге табатын жұмыс, – деп лақ еткізді.
– Оппана! – деппін, аузымнан түсініксіз таңданыстың қалай шығып кеткенін байқамай. Анау сондай сәтті пайдаланып менің телефон нөмірім мен жұмысымды сұрап үлгерді. Одан бері екі аптадай уақыт өтті. Әлгі жігіт күніне ерінбей-жалықпай, телефонының ақшасын қиып отырып маған екі рет қоңырау шалады. Жұмысына, жиналыстарына, тренингтеріне шақырады. Мен де ертең, ертең деуден бір шаршамаймын.
Осы оқиға ұмытылмай жатып, күні кеше ғана қаржылық пирамидаға алданып қалғандар жер-жерде шу шығарды. Арасында әншілер мен актерлер де бар. Әртіс демекші, халықтың жердегі жұлдыздарға деген құрметі, ілтипаты қашан да бөлек! Алайда өздерін халықтың қызметіндеміз дейтін өнер адамдары өз жанашырларын осы жолы тақырға отырғызды. Алдап соқты деуге болады. Өйткені, жұртты дүрліктірген әлгі бірнеше қаржылық пирамиданың былығы осы аптада әшкере болды. Ломбардқа әдетте халық шүбәсіз сенеді. Аналар сондай сенімді атты ұтымды пайдаланған. Бейнероликтері мен жарнамасына түскендер – кілең әртістер мен әншілер. Қазақ өнерінің мен-мен деген мықтылары. Арасында әнші Айқын Төлепберген, ағайынды актерлер Артур мен Асылхан Төлеповтер де бар. Олардан бөлек, блогерлер мен вайнерлер де жүр. Белгілі әнші Бағланның жарнама роликтегі сөзін көзіміз шалып қалған. Әнші «Меніңше, бұл біздің нарықтағы ең тиімді, ең қолайлы алып-сату болып табылады. Сондықтан, өз мүмкіндіктеріңізді пайдалы жұмсаңыздар!» – деп, өзінің табынушыларын әлгі бизнес пирамидасына ақша салуға шақырып отыр. Халықтың психологиясы белгілі: күнде жұрттың көз алдында жүрген соң өнер адамына имандай сенеді. «Анау Айқын мен Бағлан ақымақ дейсің бе? Спортшылар білімсіз деймісің? Олар да ақша салыпты. Тиындарын бірнеше есе көбейтіп алыпты», – деп, жарнамаға жалп еткендерінде шүбә жоқ.
Ал әнші-әртістердің айтуынша, өздері де жер сипап қалған көрінеді. Ағайынды Төлеповтер 13 миллион теңгемізді салып, аузымыз күйіп қалды деп отыр. Айқын да досымен бірге барып алданып қалыпты. Ол: «Достар мен аталған ломбардқа ешқандай қатысым жоқ. Мен де сіздер сияқты алданған адаммын. Бір досымның шақыртуымен жарнамаға түстім. Менің жарнамама еріп барып, сан соғып қалған болсаңыз, кешірім сұраймын. Бұлай болғанына қатты өкінемін», – деді. Алайда өнер жұлдыздарының бұл жауабы оларды жауапкершіліктен құтқармайтын сияқты. Ішкі істер министрлігі тергеу басқармасының басшысы Санжар Әділовтың айтуынша, ломбард ылаңы бойынша жарнамасын жасап, халықты сендірген, ақша салуға шақырған әнші-әртістердің бәрі жауапқа тартылады. Жауапгершілік демекші, белгілі әнші Меруерт Түсіпбаева өз әріптестерінің айыбын бетіне басып, жұртты қалай алдаса, заң бойынша солай жауап беру керектігін, кешіріммен құтылып кетпеуін ескертіпті.
Әлгі Алдар Көсенің өзі туралы өлеңінде:
Мен Алдармын, Алдармын,
Шайтанды да алдадым.
Сусыз жерде өсемін,
Сондықтан да Көсемін, – деген өлеңі болушы еді. Бірнеше мың адамды сан соқтырған ломбард ылаңында әртістер мен әншілер Алдардың рөлін ойнағандарын аңдай ма екен?
Жарас КЕМЕЛЖАН