«Мемлекеттің бір тал шегесі сенікі ғана емес, менікі дейтін жанашырлық болмай»…

25 қыркүйек 2020, 12:30

Омархан Өксікбаев,
Парламент Мәжілісінің депутаты:

Сыбайлас деген жақсы сөз емес. Құраққа түрпідей тиеді. «Біреумен сыбайлас болыпты» деген сөздің әуелдегі мәні қалай еді? Қазір ше? Бұрынғысын қайдам, қазіргісі сорақы. «Сыбайласты» біз парақорлыққа қатысты айтып жүрміз. Тіпті ұғымымызда да солай қалыптасты. Бүгінгі әңгіменің не туралы болатынын бірден сезген шығарсыздар. Кейіпкеріміз — жемқорлық тақырыбын жетік білетін маман.

Jas qazaq: Омархан аға, өзіңіз жемқорлық тақырыбын жетік білесіз. Қаржы саясатын басқару жүйесінде жұмыс істедіңіз. Елімізде парақорлық көбейді ме, әлде азайды ма? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің деректеріне қарасақ, күн сайын жемқорлыққа қатысты жаңа дерек естиміз. Біріншісі екіншісінен асып түседі.

О.Өксікбаев: Қазір мемлекет үшін де, қоғам үшін де ең сорақы, ең өкінішті жағдай осы – парақорлық болып тұр. Жемқорлық барлық саланы жайлап алды. Қоғам дертіне айналған парақорлық азайған жоқ. Мұның бір себебі, әсіресе, мемлекеттік қызметке кездейсоқ адамдардың келуінен дер едім. Кездейсоқ келген адамнан не күтесіз? Ондай жандар пара ала да, бере де алады. Мемлекеттік қызметке келген адам «аспаннан түспеуі» керек. Ол еңбегімен, білім-білігімен көтеріліп жетуі керек.

Жемқорлықпен күрес тек Қазақстан ғана емес, әлемнің басқа да елдері үшін де аса өзекті мәселеге айналып отыр. Біздің елде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қарқынды жүріп жатыр деп айта аламын. Тіпті бір сәт босаңсыған емес. Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүргізу үшін 1998-2000 жылдары бірқатар заңдық және институционалдық жұмыстар жүйеге қойылды. 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң қабылданды. Осы жылдары мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік құрылды. Алғаш рет 1999-2000 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлықпен күрестің мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексі бекітілді. Қазақстан Республикасы Президенті жанында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этиканы сақтауы және жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша комиссия жұмыс істейді. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі құрылғанын да жақсы білесіздер. Жемқорлықпен күрес құралдары басқа елдермен салыстырғанда, аз уақыт шеңберінде қалыптасып, оны жетілдіру әлі де жалғасып келеді.

Jas qazaq: Жемқорлық, әсіресе, мемлекеттік мекемелерді жайлап алды. Әкім-қаралардың, жоғары лауазымды шенеуніктердің қомақты парамен қолға түсуі соның айғағы дер едік. Бізде мемлекеттік қызметтегі парақорлықты тыюдың тетігі жеткілікті ме?

О.Өксікбаев: Қазақта «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» деген жақсы сөз бар. Жемқорлық деген індет біздің бойға батпандап кіріп алды. Енді мұның шығуы өте қиын болатыны анық. Мемлекеттік қызметкерлердің арасында парақорлықтың өршіп тұруының бір себебі бар. Бүгінгі нарықпен, өмір сүру көрсеткіштерімен салыстырмалы түрде айтқанда, мемлекеттік қызметкерлердің алатын еңбекақысы аз. Олардың жұмысы, жүріс-тұрысы, шығыны көп. Ал айлықтары сол шығынды жабуға жете бермеуі мүмкін. Олар пара алуға осындай себептермен баруы мүмкін. Бірақ осы сөзіммен ешкімді ақтап отырған жоқпын. Бұл бір ғана себебі дегенді айтқым келген.

Парақорлықты тыюдың тетіктері көп. Ең басты тетігі – мемлекеттік қызметке мемлекетшіл тұлға келу керек. Сонда ғана бұл індеттің беті қайтады. Отанын сүймеген адам еліне, елінің ертеңіне жаны ашымайды. Отанын отбасының мүддесінен биік қойғанда ғана мемлекеттің адал қызметкері бола аласыз. Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету мінезден» депті. Демек біздің әрқайсысымыз ұлтқа, мемлекетке қызмет етуді ақшамен, дүние-мүлікпен қызмет ету керек деп ойламауымыз керек. Мемлекетке қызмет ететін асыл мінез қалыптастырғанда ғана жемқорлық, парақорлық деген індеттен арыла аламыз.

Jas qazaq: ТМД елдеріндегі жемқорлықпен күрес туралы сөз қозғалса, грузин моделі жиі айтылады. Жемқорлықты ауыздықтайтын, оған жол бермейтін қазақтың өз үлгісін жасауға бола ма?

О.Өксікбаев: Әрине, жасауға болады. Біз кімнен кембіз? Қазір бүкіл әлем бойынша парақорлық көрсеткіш ең төмен елдер санатына Малайзия мен Сингапур жатады. Біз, өкінішке қарай, парақорлық өршіп тұрған елдердің қатарындамыз. Тағы да қайталап айтамын, бұл дерттің жалғыз емі – кез келген қызметтегі адамның бойындағы еліне, жеріне, Отанына деген сүйіспеншілігін оятып, мемлекетке деген жанашырлық сезімін қалыптастыруымыз керек. Не болса да, отаныма болсын дейтін отаншылдық мүдде басты орында тұруы тиіс. Бірақ біз көп жағдайда жеке басымыздың мүддесін алға шығарып аламыз.

Сосын жемқорлық бойынша тағы бір мәселе бар. Мысалы, көп жағдайда кемшілікке жол берген басшылар жазаға тартылмай, басқа жұмысқа ауысып кетіп жатады. Ол неге басқа жаққа ауысады? Біз оның бұрынғы қылмыстары үшін жауап беретін жағдайды туындатуымыз керек деп ойлаймын. Бізде қазір қайда барсаң: «Ол мұнда жұмыс істемейді, сондықтан оны жауапкершілікке тарта алмаймыз» дегенді жиі естиміз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке бір ұсыныс енгізсек деп айтып жүрмін, басқа жұмысқа ауысқан адамдарды жауапқа тартатындай заңға өзгеріс қажет.

Jas qazaq: Елімізде түрлі бағдарламалар мен жобаларға миллиардтаған қаржы бөлінеді. Бірақ ақша орындаушыға жетпейді. Орта жолда талан-таражға түседі. Қаржының орынды жұмсалуын бақылау мен қадағалаудың тиімді жолы қандай?

О.Өксікбав: Қаржы жоғары жақтан бөліне сала талан-таражыға түсіп кетеді деу қате пікір. Қаржы толық бөлінеді, баратын жеріне де толық жетеді. Бұл жердегі әңгіме жұмысты орындаушы, яғни тендерді ұтып алған мердігер мекемелердің ұятында болып тұр. Мысалы, арыға бармай-ақ қойыңыз, осы аптадағы ыстығы басылмаған оқиға: Алматы облысының Шонжы ауылындағы қирап қалған спорт сарайы туралы айтсақ та жетеді. Қаржы бөлінген. Бірақ спорт сарайы сапасыз салынған. Неге? Орындаушылар ақшаны жететін жеріне жеткізбеді ме? Әлде мердігерлердің кінәсі ме? Ол әлі анықтала жатыр. Ал мұндай түйткілді шешудің қандай тиімді жолы бар дейсіз ғой? Ақша бөлінді ме? Онда сол қаржыға жасалған жұмыстың сапасын мұқият тексеріп, қабылдап алу керек. Қабылдап алатын мекемедегілердің де ұяты күшті, «балғасы» мықты болу керек. Мемлекеттің бір тал шегесі сенікі ғана емес, менікі деген жанашырлық болмай, қандай жұмыс болсын, таза болмайды.

Jas qazaq: Мемлекеттік қызметшіге құны қандай да болсын сыйлық сыйлауға тыйым салынды. Бірақ біздің қазақ кез келген қызметке сыйлық беруді пара деп емес, көңіл деп қабылдап, дәстүрге айналдырып алғандай. Сыйлық бермесек, ұят сияқты көрінеді. Тіпті пара беру сүйегімізге сіңіп кетті. Мұндай психологиядан қалай арыламыз?

О.Өксікбаев: Алғашқы сұрағыңызда айтқанмын, бұл індетке айналды. Тіпті асқынып тұр. Бірақ мемлекеттік қызметкерлердің бәрі парақор емес. Осыны ашып айту керек. Қазақта: «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген жақсы сөз бар ғой. Бұл да сондай. Бір парақор шенеунік немесе парақор әкім бүкіл жұртты былғап жатыр. Бір жерде бір әкім немесе бір мекеменің басшысы парамен ұсталса, оның дақпырты бәрін шарпып кетеді. Соның көлеңкесінде басқалар да күйеді. «Бірдің кесірі мыңға тиеді» деген осы. Әйтпесе, елім деп еміреніп тұрып жұмыс істеп жатқан шенеунік те, әкім де көп. Көптің көз алдында жүрген соң, әкім-қаралардың «ілікке» тез ілініп қалатыны рас. Оны жоққа шығармаймын.

Парақорлық психологиядан арылатын бір жол: әркім өзіне мықты, ісіне сенімді болу керек. Мысалы, қарапайым жұмысшы өзінің білімі мен білігіне сенімді болса, ол қай жерден болса да жұмыс таба алады. Ешкімге пара бермей-ақ өзінің мүмкіндігін толық көрсетіп, кез келген шаруаны дөңгелетіп әкетеді. Ондай маманды жұмысқа қабылдаушы адам, одан пара сұрау тұрмақ, аяғын тартады. Сосын әрбір азамат миын тазарту керек. Жұмысқа ақшамен кіру керек деген ойды миымыздан шайып тастамасақ, бұл дерт басымызды емес, бағымызды байлайды.

Jas qazaq: Уақыт тауып, берген сұхбатыңызға рахмет!

Жарас КЕМЕЛЖАН

Бүгін, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды