
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ университетінде дәріс оқыды, деп хабарлайды jasqazaq.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мемлекет басшысы өз сөзінде әлемде қақтығыстардың өршуіне алаңдаушылық білдіріп, дағдарыс белең алған және көпжақты ынтымақтастық тетіктері айтарлықтай әлсіреген қазіргі кезде әділетті әрі тұрақты әлем құру жөніндегі ой-пікірімен бөлісті:
«Соңғы он жылда жер жүзінде қарулы қақтығыстар көбейіп, ушығып кетті. Әлемдегі әскери шығындар былтыр 2,7 триллион долларды құраған. Бұрын-соңды мұндай болмаған. Сонымен қатар алпауыт елдер арасындағы стратегиялық бақталастық шырқау шегіне жетті. Соның салдарынан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қандай да бір ірі халықаралық қақтығыстарды шеше алмайтын дәрменсіз күйге түсті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ушыға бастаған ядролық қатер проблематикасына дәріс барысында айрықша назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ адамзаттың ядролық қарудан тартқан зардабын Қазақстан мен Жапония сияқты терең түсінетін ел кемде-кем екеніне тоқталды.
«Хиросима, Нагасаки және Семей қасіреті ядролық қаруға жауапкершілікпен қарап, ұстамдылық танытудың қаншалықты маңызды екенін еске салады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Семей ядролық полигонын жабу және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл біздің осалдығымыз емес. Керісінше, стратегиялық көрегендік танытып, осы арқылы бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігі маңызды екенін көрсеттік. Арада отыз жылдан аса уақыт өтсе де, осы ұстанымнан айныған жоқпыз: жаһандық қауіпсіздік жүйесін ядролық қарумен ұстап тұруға болмайды. Халықаралық қоғамдастық жаппай ядролық қарусыздану бағытында белсенді әрекет етіп, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне үлес қосуға тиіс. Қазақстан жаппай қырып-жоятын қаруы бар алпауыт елдер арасындағы жоғары деңгейлі диалогты қайта бастауға үндейді. Сондай-ақ ядролық қаруды қолдану немесе сынау қаупін жою үшін анағұрлым батыл әрі көпжақты әрекетке шақырады.

Қазақстан мен Жапонияның бұл тұрғыда әлем алдында жүзі жарқын. Елдеріміз ядролық алпауыт мемлекеттер мәмілеге келе алмай жатқан кезде қарама-қайшылықтарды реттеп, прагматикалық тұрғыдан көшбасшы екенін көрсете алар еді», – деді Президент.
JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi