Мектеп жабылса, ауыл тозады – 2 Қостанай өңірінде 6 мектеп жабылып қалуы мүмкін

28 мамыр 2021, 12:01

Апта басында мектептерде соңғы қоңырау соғылды. Онлайн қоңырау. Ал еліміздің кейбір білім ошақтарында бұл «ең соңғы қоңырау» болып қалуы мүмкін. «Ең соңғы» деп екпін түсіруіміздің себебі бар. Газетіміздің өткен санында Қарағанды облысының Айғыржал ауылындағы Маясар Жапақов атындағы мектеп жабылудың аз-ақ алдында тұрғанын айтып, дабыл қағып едік. Бала санының аздығына байланысты тағдыры қыл үстінде тұрған мұндай білім ошақтары Айғыржалдағы төрт жылдық бастауышпен ғана бітпесі анық. Басқа аймақтарда да көп.

Әсіресе, тұрғындары аудан немесе облыс орталықтары мен ірі қалаларға көшіп, қаңырап қалған теріскейдегі ауылдардың көбінің мектебіне қара құлып салынды. Біз бұған дейін Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарындағы елі көшіп, жұрты қалған, баласы кетіп, мектебі қаңыраған елді мекендердің мәселесін бірнеше рет жазған едік. Бұл жолғы нысанамызға Қостанай облысы ілінді.

Топырағы майлы, суы нәрлі Қостанай өңірі – ежелден қазаққа құтты қоныс болған жер. Қазақтың біртуар марқасқа ұлдарының кіндігі кесілген қасиетті топырақ. Бұл өңірде алаштың айбозы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген. Халқымыздың көрнекті ағартушы-ұстазы Ыбырай Алтынсарин осы топырақта туды. Кейкі батыр, Әліби Жангелдин, Шоқан Уәлиханов, Амангелді Имановтарды тербеткен жер бесік бұл. Алайда асылдың тұяғын, алтынның сынығын өмірге әкеліп, қазақ баласына қазақтың төл алфавитін жасап, алғашқы мектеп ашқан өңірде бір емес, бірнеше білім ошағы жабылудың алдында тұр.

Қостанай облысының Жангелді ауданындағы Шилі ауылдық округіне қарайтын Шилі мен Милісай ауылдарындағы 11 жылдық екі мектеп биыл қыркүйекте жабылып қалуы мүмкін. Өйткені қазір екі білім ошағының әрқайсысындағы оқушы саны 81 балаға жетпейді. Талап бойынша, мектеп жабылмау үшін кемінде 81 оқушы болуы керек. Бірақ Шилідегі Қайнекей Жармағамбетов атындағы жалпы білім беретін мектепте 53 оқушы ғана қалған. Ал Милісайдағы мектепте 67 бала оқиды. Екі білім ошағының да тағдыры қыл үстінде. Шилі ауылдық Қайнекей Жармағамбетов атындағы жалпы орта мектептің директоры Дастан Абдуллин Jas qazaq газетімен тілдескенде ауылдың тағдыры бала санына байланысты екенін айтты. Д.Абдуллин: «Мен бұл мектепке 1998 жылы мұғалім болып келдім. Ол кезде бізде 160 оқушы болды. Содан бастап жылдан-жылға оқушы саны азая берді. 2010 жылдан бастап күрт кеміді. Қазір 53 бала қалды. Бір сыныпта 5-6 оқушыдан ғана оқиды. Кейбір сыныптарда 4 бала ғана бар», – деп жарты ғасырлық тарихы бар білім ошағындағы жағдайды жайып салды.

Шилі бұрын мал шаруашылығын негіз еткен үлкен ауыл болған. Үлкендігі соншалық, ауылдың өзі Бас Шилі, Орта Шилі, Аяқ Шилі деп үшке бөлініпті. 300-ге жуық үй отырған. Қазіргі кейпі тым аянышты: небәрі қырық шақты шаңырақ қалыпты. 1966 жылы құрылған елді мекендегі мектеп жабылып қалмау үшін осында туған, осы ауылдан түлеп ұшқан азаматтар былтырдан бері арнайы қоғамдық қор құрып, ауылға көшіп келгісі келетін азаматтарды өздері іздестіруде. Былтыр 5 отбасын көшіріп әкеліпті. Оның екеуі Қызылордадан, біреуі Ақтөбеден, екеуі Қостанайдың өзінен көшіп келген. Бәріне тегін үй беріп, баспанасын әктеп-сылап, есік-терезесін, еденін салып беріпті. Онымен қоймай, әрқайсысына 5 бас ірі қара, 5-6 тұяқ қой берген. Одан бөлек, бір жылға жетерлік отын-суы мен көмірін түсіріп беріпті. Биыл көшіп келгісі келетіндерге де осы жағдай қарастырылып отыр. Бұл – ауыл азаматтарының көмегі.

Мемлекеттің беретін көші-қон қаражаты тағы бар. Оның көлемін биыл үкімет көбейтіп отыр. Мәселен, былтыр отбасының әрбір мүшесіне 35 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде бір жолғы көмек көрсетілсе, биыл бұл сома екі есе көбейген. Бұдан былай солтүстік аймақтарға көшіп барған отбасының әрбір мүшесі мемлекеттен 204 мың теңге көлемінде бір жолғы көмек ақша ала алады. Одан бөлек, үй жалдап тұрсаңыз, 12 ай бойы сіздің коммуналдық шығыныңызды мемлекет өтейді. Бизнес бастасаңыз, өсімі төмен несие, қайтарымсыз субсидия тағы бар.

Шилі ауылдық округінің әкімі Ербол Досмағамбетовтың айтуынша, көшіп келген азаматтардың ешқайсысы жұмыссыз қалмайды. Мұғалім болса, мектептен жұмыс табылады. Одан басқа да жұмыс қарастыратындарын айтты. Мәселен, ауылдағы шаруа қожалықтарға тракторшы, механик сияқты әртүрлі жұмысқа тұрғызуға уәде беріп отыр. Е.Досмағамбетов: «Ауылды сақтап қалу үшін мектеп жабылмауы керек. Мектепке бала керек. Бір мектеп кемі 81 оқушыға толуы шарт. Сол үшін осы ауылдың тайлы-тұяғы түгел жұмыла көтеріп жатырмыз. Көшіп келген тұрғындарға біреуі үйін әктеп, біреуі еденін салып, біреуі есік-терезесін сатып, әперіп жатыр. Малы барлар бір тайыншасын, бір қойын қорасынан жетектеп әкеліп берді. Қазақтың байырғы «ерулік беру» деген салтымен көшіп келгендерге қоныс шайын беріп жатқандар да бар. Өткен аптада ғана Шиліге Қызылордадан бір үй көшіріп әкелдік. Баспанасына орналастырдық. Енді жұмыс жағын реттеп, құжаттарын рәсімдеп жатырмыз. Балалары бастауыш сыныпта оқитын, көпбалалы отбасылар болса жақсы еді. Себебі көшіп келген азаматтар кемінде 4-5 жыл біздің ауылда тұрса, балалары мектебімізде оқыса дейміз. Ары қарай өздері де үйреніп кетеді», – дейді.

Еңбек етемін деген адамға жұмыс көп. Әсіресе, теріскейде мал бағамын, егін саламын деген адамға жергілікті әкімдік жер беріп, шаруасын дөңгелетіп әкетуге көмектесетіндерін айтып отыр.
Ендігі кезек Шилі ауылдық округіне қарайтын Милісай ауылы туралы. Милісай егіншілікті кәсіп еткен ауыл. Қызылордадан 7 отбасын көшіріп әкеліпті. Қайрат Ділханов есімді кәсіпкер жігіт бас болып, ауылдың атқамінерлері көмектесіп, ауыл мен мектептің тағдырын өздері қолға алған. Көпке үлгі болатын-ақ бастама.

Ауыл тағдырына алаңдап, әлеуметтік желіде мәселе көтерген азаматтардың бірі – Қостанайдың тумасы, белгілі айтыскер ақын Айбек Қалиев еді. Айбекке хабарластық. Ол мұның елдік шаруа екенін, Jas qazaq газетінің бірінші болып көтеріп жатқанын айтып, алғыс білдірді. Мектеп жабылса, ауылдың тозып, халықтың азып кететінін жеткізді. Сондай-ақ ақын қос ауылдың бұрын дүркіреп тұрғанын, атынан ат үркетін атақты ауыл болғанын айтты.

– Милісайда кезінде қара түлкі де өсірілді. Шилі ауылында үш жүзден астам үй болатын, – деп бастады әңгімесін. – «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша Милісайда екі қабатты су жаңа білім ошағы салынған. Бала санының аздығына байланысты мектеп 9 жылдыққа түсіп қалуы мүмкін. Оның үстіне, Милісай ауылы былтыр жабылып, Шилі ауылдық округіне қарап қалғаны тағы бар. Мұның бәрі бұрынғы Торғай облысы жабылғаннан кейінгі «бір кем дүние». Ауылдан күй кетті, жұмыссыздық жайлады. Ол кезде қазіргідей шаруашылық ашып, кәсіп өркендетуге әркімнің қолы жете бермеді, ешқандай көмек те болмады. Сөйтіп халық амалсыздан тіршілік үшін басқа жаққа көшті. Ал қазір жағдай басқаша. Теріскейдегі ауылдарға көшіп келемін деген азаматтарға үкімет бір реттік көмек ақша, тұрақты жұмыс, қайтарымсыз субсидия, кәсіпкерлікті дамыту үшін ең төменгі пайызбен несие береді. Шилі мен Милісайдан шыққан кәсіпкер жігіттер биыл екі пәтерлік бірнеше үйдің құрылысын бастағалы отыр. Үкімет тарапынан да қаржылай көмек көрсетіледі деген сөзді естідім. Осындай мүмкіндікті пайдалануымыз керек, – деп әңгімесіне нүкте қойды.

Дәл қазір Жангелді ауданы бойынша 8 мектептің тағдыры қыл үстінде. Оның екеуі жақында ғана бала санын 81-ге толтырыпты. Қалған алты ауылға көшіп келетін отбасы, ал мектепке оқитын бала керек. Соның екеуі осы Шилі мен Милісай ауылдары.

Айтпақшы, күнгейден теріскейге басталған ұлы көшке сөзбен емес, ісімен үлгі болып жүрген азаматтардан бұдан бұрын да сұхбат алғанбыз. Арыс қаласынан Керекудің Тереңкөл ауданына қарайтын Жаңабет ауылына көшіп барған Нұржамал Өмірбекова қазақ көшіне бір кісідей үлес қосып жүр. Былтыр Павлодар облысына 50 отбасын орналастырыпты. Орташа есеппен бір үйде 5 адам десеңіз, 250 адам қоныс тепті деген сөз. – Аталарымыз көшпенді болған деп мақтанамыз. Бірақ өз Отанымызда тұрып, бір облыстан екінші облысқа қоныс аударуға батылымыз бара бермейді. Неге? – деп, өзімізге сұрақ қойды. Сөйтті де әңгімесін қайта жалғады: – Көшкісі келген адамда бақай есеп болмауы керек. Солтүстікке ең алдымен патриоттар көшсін. Содан кейін жұмыссыздар мен баспанасыздар келсін. Себебі патриот адам ғана бұл жаққа тұрақтап қалады. Жұмысы жоқтар мен баспанасыздар да теріскейдегі жайлы өмірге тез бейімделеді. Қазір Кереку жеріне көшіп келген азаматтардың әрқайсысының айлық табысы 100 мың теңгеден кем емес. Біздің арамызда мұғалім де, тракторшы мен механик, мал дәрігері де бар. Шаруашылықпен айналысып жатқандары да жоқ емес. Арыстан көшіп келген алпыстан асқан атамыз біреудің жылқысын бағады. Апамыз бие сауып, қымызын 800 теңгеден сатып отыр. Жалпы, еңбек етемін деп келген адамға мұнда жақсы өмір бар. Біз былтыр Павлодар облысына бағытталған көштің «планын» артығымен орындадық. Биыл да көшіп келіп жатыр, – деп әңгімесін аяқтады…

Алматы мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында баланың көптігінен кейбір мектептер үш ауысыммен оқиды. Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында пәтер жалдап, күнін әрең көріп отырғандар қаншама? Балалы-шағалы сондай азаматтарға теріскейдегі тегін үйге көшіп барып, жаңа өмір бастауға мүмкіндік мол. Оған тәуекел керек!

Жарас Кемелжан

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?