Қазақ «елсіз дала – емсіз жара» деп тегін айтпаған. Тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырауда, одан кейінгі урбанизациялық көште ауылдық елді мекендерден қалаға қарай үдере ағылу толастаған жоқ. Соның салдарынан ауылдардың арасы арса-арса ашылып, көшенің бойында сап түзеген үйлер селдіреп, алжыған атанның тісіндей әр төбеде бір шаңырақтан қылтиятын ауылдар көбейіп барады. Әсіресе, солтүстікте бұл көрініс, тіпті қою. Тұтастай ауыл көшіп, жұрты қалған жайды көргенде көңілің құлазиды.
Мемлекет осы мәселені оңтайлы шешу мақсатымен «Еңбек» бағдарламасының аясында оңтүстіктен солтүстікке көшу жайын қолға алған-ды. Оң мен теріс қатар өрілетіні секілді, ақжолтай бағдарламаның басы жақсы басталып, көші көшелі болғанымен, түйткілді мәселелері де қатар шығып жатыр. Оңтүстіктен көшкен жанның бірі – Нұргүл Пазылбековамен сұхбаттасу барысында қоныс аударудың шарапатынан гөрі, машақаты турасында көбірек айтылды. Биліктегілер, көшке жауапты құзырлы мекемелердің тізгінін ұстаушылар күнгейден теріскейге керуенін түзеп келіп жүгін жығып, шаңырағын тігіп, қоныс тепкен ағайынның айтқан базынасын оңынан шешіп береді деп сенеміз.
Jas qazaq: Нұргүл ханым, сіз қай жылы көшіп келдіңіз, қай ауылға қоныстандыңыз?
Нұргүл Пазылбекова: Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы Биняш деген ауылға оңтүстіктен солтүстікке көшіру жайындағы мемлекеттік бағдарлама бойынша келгенбіз. Осы арада бір ғана мәселені айтып кетейін, Мағжан Жұмабаев ауданында қазақ мектептері саусақпен санарлық қана. 2019 жылы көшіп келгенімізде осы Биняш ауылындағы мектеп жабылудың аз-ақ алдында тұрған екен.
Jas qazaq: Неге жабылу қиындығы туындады, оқушы аз болғандықтан ба?
Нұргүл Пазылбекова: Дұрыс айтасыз, оқушының аздығы, бала санының жетіспеуі мектептің есігіне қара құлыптың ілінуіне бірден-бір себеп. Біз үш жыл бұрын көшіп келгенімізде осы Биняш ауылындағы мектепте 15 оқушы ғана қалған екен, қазіргі таңда 31-ге жетті бала саны. Бізбен бірге көшінің бағдарын түзегендер, бізден кейін де келіп қоныс аударушылардың нәтижесінде мектепте бала саны артты. Әлі де көшіп келгісі келетін жандар бар, бірақ оларға тұратын баспана жоқ. Сол мәселе қинайды.
Ауылдың басқа да мәселесін айт десеңіз, ауыз суы сапасыз, жер саздауыт болғандықтан, халық үш мезгіл рәзіңке етік киюге мәжбүр. Мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көреміз, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы төмен пайызбен несие алсақ, тұрмыстық жағдайымызды түзесек деген мақсатымыз арманға айналып бара жатқандай. Алты ай сенделіп құжат жинатты, қажетті құжаттарды апарсақ, тағы бір сылтау табылып, шарты өзгереді. Облыстық мәслихаттың депутатымен кездесуде де, ауылдың мәселесін айтқанымызбен, сұлу сөзбен сырғақтап, құрғақ уәдесін жұтқызып кетті. Ауыл әкімінің есеп беруінде айтылған мәселеміз де орындалған емес, ауылдың байырғы тұрғындары, біздің өтініш айтқанымызды естігенде күлді. Өйткені олар қазіргі мәселе емес, осыдан 7-8 жыл бұрын айтылған шаруа шешілмегенін алға тартып отыр.
Біз тұрған Биняш ауылынан 7 шақырым шеткері жерден Ноғайбай деген жаңа ауыл салынып жатыр. Тек тұрғын үйлер салынуда, мектеп құрылысы басталған жоқ. Бірақ сол ауылға қоныс аударып келгендер көп тұрақтамайды.
Jas qazaq: Сіз тұратын ауылда жан саны қанша қазір?
Нұргүл Пазылбекова: Шағын ғана біз тұрған елді мекен. 44 түтінде 176 тұрғын тіршілік кешіп жатыр. Негізі бұл ауыл Биназар Битуғанұлы деген кісінің атымен аталады. Отызыншы жылдардағы қуғын-сүргінде «халық жауы» атанып қуғындалып, кейін елге оралғанда Биняш деген бүркеншік атпен өмір сүрген кісі екен. Осы өңірге белгілі, беделді тұлға болған деседі. Ауыл ақсақалдарымен сөйлесіп, осы жерде Биназар Битуғанұлы атындағы мектеп болуы керек, балалар алаңсыз білім алуы үшін осы мәселені көтеру керектігін айтқанымда бір ақсақал: «қызым-ау, бұл мәселені ертеректе де көтергенбіз, деректерді жинап, ауылдың арыз-арманын жоғарыдағыларға айта-айта қажыған атаңмын» деп жауап берді.
«Еңбек» бағдарламасы арқылы солтүстіктегі ауылдарды қазақыландырып, қазақ мектептерінің жағдайын оңалтып, бала санын арттырып, балансты теңшеуге барлығымыз да атсалыссақ деймін. Табиғаты керемет, ауасы таза, жері шұрайлы аймақты дамыту арқылы елдің әлеуетіне де үлес қосуға болады. Көшіп келгісі келетін жанұя көп. Менің ізіме еріп, 7 отбасы қоныс аударды. Алдымыздан кесе-көлденең шығатын келеңсіздіктерді кезіктіргенде кейде қолымды бір сілтеп, келген бағытыма кері көшіп кетсем бе деп те ойлаймын. Бірақ әйтеуір бір үміт оты алға жетелейді. Бәлкім, бұл қиындықтардың барлығын да еңсерерміз деймін. Біздің ауыл ескі, балалар ойнайтын алаңқай, жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалса екен деп армандаймын. Қазақ мектептеріне кездесуге келгенде басшылар ана тілімізде сөйлесе дейсің. Шағын ғана ауылдың мектебін жапқаннан ешкімнің өрісі кеңеймейді, керісінше, қаншама баланың обалы тұр.
Өзім осы Биняш орталау мектебінде бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарамын. Оқушыларымыз шетінен білімді, өнері де ерен. 9-сыныпта оқитын оқушымыз қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 2-орын алып келді. Абай оқуларына қатысқан 4,3-сыныптардың оқушылары 2-орын олжалады. «Әнші балапан» конкурсына іріктеуге он шәкіртіміз барып, бесеуі келесі кезеңге өтті.
Жуырда аудандық әкімдіктен, құзырлы мекемелерден басшылар келіп, жиналыс өткізді. Мектебіміз жабылмауы үшін, оқушылардың шекті саны кемінде 41 болуы керек. Біз үш жылда 16 баланы әкеліп, қазіргі таңда оқушыларымыз 31-ге жетті. «Мектептің келешегі жоқ» деп жабылудың аз-ақ алдында тұр. Тіпті кейінгі жиналыста мектеп жабылады дегенді айтты. Өзі Мағжан Жұмабаев ауданында төрт ауыл ғана қазақы. Соның бірі осы -Биняш.
Мектеп жабылса, тұрақты жұмыс орны азаяды. Мұғалімдердің басым көпшілігі, соның ішінде өзім де бармын, несие төлеп келеміз. Мектеп жабылса, жұмыс тоқтайды, ауыл халқының тұрмысы да тоқырайды, ел көшеді. Ауылды қаңыратып мектепті жаба салу оңай, қайта ашу қиын болады. Соңғы жылдары ғана мектебімізге жылы әжетхана болуы керек деген талаппен әжетхана салынды, су құбыры тартылды, әйтпесе сырттан шелектеп таситын суды.
Көшіп келушілерге үй салынатын болса, міндетті түрде мектептегі бала саны көбейеді. Оған тағы да айтамын, барлығымыз атсалысуымыз керек. Ендеше, мемлекет өзінің қамқорлығын аямай, қарауына алса екен деп тілейміз.
Jas qazaq: «Еңбек» бағдарламасы аясында оңтүстіктен солтүстікке көшіп келушілерге мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмек жоқ емес, бар. Алайда басқа өңірден қоныс аударушылардың жерсініп, жер жағдайына қарай бейімделіп, әлеуметтік мәселесін оңтайлы шешіп алғанынша аз уақыт кетпейді және материалдық демеу де, мемлекеттік қамқорлық та қашанда керек. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуге жауапты болған мемлекеттік орган – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өздерінің игілікті істерінің аяқсыз қалмауын қадағалап, газет көтерген мәселеге назар аударады деп сенеміз.
Нұргүл Пазылбекова: Біздің де бар арманымыз — мектеп жабылмаса екен, керісінше, салынғанына елу жылдан асқан оқу ошағының орнына жаңадан білім ордасы бой көтерсе деп тілейміз.
Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет
Азамат Шәріпов, Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары:
Мектеп жабылса, ел көшеді
Бұл мектептің жабылу-жабылмауы әлі белгісіз. Бала санының аздығынан Биняш ауылының мектебі жабылуы туралы мәселе он жылдан бері көтеріліп келеді. Тек биняштықтар ғана емес, оқушының аздығынан басқа тоғыз мектептің басында да осындай жағдай тұр. Бұл мәселенің оңтайлы шешілуін қарастырып жатырмыз. Қайта құрылымдау, ықшамдау жайын реттеу ісі тұр.
Бүгінгі таңда аудандық білім бөлімі облыстық білім басқармасына тікелей қарайды. Сондықтан мектептің ендігі тағдыры облыстық білім басқармасының құзіретінде. Бастауыш мектептер жабылмауы үшін төменгі сыныптарда кемінде 5 оқушы болуы керек. Тәжірибеден белгілі, мектеп жабылатын босла, ертең ол ауылдың да болашағы бұлыңғыр тартады, ел көшеді дегендей. Соған баса мән берілуі керек.
Біраз жыл бұрын Сұлушоқы деген ауылда шаруашылығын өрістетіп отырған жергілікті кәсіпкер Қайрат Жәнібеков бірнеше үй салып беріп, көшіп келген отбасылар қоныстанды. Бұл ауылдың да бас ауруы – мектептің жабылу қаупі еді. Оқушы саны 25 қана болатын, көшіп келушілердің арқасында бүгінгі таңда бала саны 100-ге жетіп, мектепке сыймай отыр. Жаңа мектеп салу мәселесі де қарастырылып жатыр. Биняш ауылында да сондай атымтай-жомарт азаматтар шығып, қаржысына үй салып берсе, қоныс аударушылар көптеп келетіні сөзсіз. Көшіп келуші отбасының көбінде бес-алты бала бар. Отбасы мүшелерінің ең бірінші қажеті – тұрақты жұмыс орны. Өйткені бес-алты баланы киіндіру, оқуға даярлауға аз қаржы кетпейді. Оңтүстіктен жылы орнынан қозғалып көшушілер теріскейден тұрақты жұмысқа орналассам деп келеді. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша біздің, яғни Мағжан Жұмабаев ауданына қоныс аударғандар көп. 300-ден астам отбасы көшіп келді. Рас, ауа-райы жақпай, жерсінбей, басқа да мәселемен қайта көшіп кеткендер де болды.
Былтыр ауылдық округтердің әкімін жергілікті халықтың сайлауы бойынша тағайындау тәртібі енгізілді. Сонда Аққайың ауылдық округі әкімдігіне Мақсат Есжанов өзінің кандидатурасын ұсынып, халық өзіне осы азаматты басшы етіп тағайындады. Ол азамат та үш жыл бұрын «Еңбек» бағдарламасы бойынша көшіп келіп, жемісті еңбек етті. Елмен етене араласып, басқару тізгінін ұстауға жарағанын байқатты. Бүгінгі таңда елге қызмет етіп жүр.
Ауылдағы мектептердің жабылмауы бәріміз үшін де үлкен олжа екені даусыз. Жергілікті тұрғындар патронат отбасы ретінде де балалар үйінен бала алып тәрбиелесе, мемлекет тарапынан қолдау болады. Айталық, Сұлушоқы ауылында бір отбасы бірден 18 бала асырап алды. Аққайың ауылдық округында бір отбасы 5 баланы қамқорлығына алып, мектептегі оқушы санының артуына үлесін қосты. Осы тәсілді қолдану арқылы бала санын арттыруға болады. Биняш ауылының адамдарына осы мәселені де тереңнен қозғап айтып түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.
Бүгінде Биняш ауылындағы орталау мектептің ұжымы — 32 адам. Жабылатын болса оқушылар ғана емес, 32 адам да тұрақты жұмысынан ажырайды. Бұл, жоғарыда айтқанымдай, ауылдан елдің үдере көшуіне себеп болады.