Егістік алқабында – ырыздық үшін, ел несібесі үшін өрістетілген бейбіт айқас. Көктемде де көңіл күпті еді, қазір де жазыла қойған жоқ. Зордың күшімен еккен егіннің шығымы көңіл көншітпей-ақ тұр. Еліміздегі астықты аймақтардың бірі саналатын Ақмола облысындағы егін шығымы ала-құла. Негізгі себеп жаздың ересен ыстық болуы. Екіншіден, білікті мамандардың айтуына қарағанда, биыл дәнді кеш сепкендер бармағын тістеп отыр. Уақытында үлгергендердікі – үміт күттірерлік.
Жан алқымнан алған жаман тұмаудың кесірінен әлемде азық-түлік тапшылығы байқала бастады. Қытайда биыл құрғақшылық. Оның үстіне, ауыл шаруашылығы жерлерін топан су басып, есеңгіреп жатыр. Іргедегі Ресейдің ішкі аймақтары да астығына қарап алаңдап отыр. Демек биыл бидай бағасының өсетін сыңайы бар. Ендігі арада шетке астық сатуға абай болу керек сияқты.
Ерте көктемде төрткүл дүниені жаман тұмау безгек тигендей қалтыратып, әрі-сәрі болып тұрғанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 31 наурыздағы мәлімдемесінен кейін диқан қауымның көкірегінде үміт оты тұтанып, бел буып, шаруа қамына кіріскен болатын.
Тапсырмаға орай көктемгі егіс науқаны үшін қосымша 100 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның үстіне, үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын 15 пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Бұл ауыл шаруашылығының шағын құрылымдары үшін көп-көрім көмек болды.
Осы қамқорлықтың арқасында облыста 4905,9 мың гектар алқапқа жаздық дақыл тұқымы себіліп, күні бұрын межеленген жоспар толығымен атқарылып шықты. Негізгі азық-түлік дақылы – жаздық бидай 3698 мың гектар алқапты құрайды. Іріктелген арпа тұқымы 651,6 мың гектарға, сұлы 60 мың гектар алқапқа себілді. Сондай-ақ тары, қарақұмық, ноқат, бұршақ, майбұршақ және жасамық дақылдары да егілді. Бір айта кетерлігі, облыс диқандары егіншілікті әртараптандыруды берік дәстүрге айналдырып, 4447,1 мың гектар алқапта бұршақ дақылын өсіріп отыр. Бұл былтырғы көлемнен біршама артық көрсеткіш. Оның үстіне, егіншілер 239,1 мың гектар майлы дақылдан, 442,6 мың гектар мал азығындық өскіндерден, 16 мың гектар картоп пен 3500 гектар көкөніс алқаптарынан өнім жинауға кірісіп кетті.
Дәл қазіргі жағдайға талдау жасайтын болсақ, 2791,2 мың гектар дәнді және бұршақ дақылы алқаптарының 62,8 пайызы «жақсы» деп бағалануда. Ал 1533 мың гектар алқаптың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Майлы дақылдың 61,3 пайызы жақсы болса, қалғаны қанағаттанарлық. «Қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, алтын-күмістің тас екендігін, арпа-бидайдың ас екендігін енді ұғынып жатқанымызда, Атбасар мен Жақсы аудандарының егістік алқабын ақбөкен табыны жусатып кетті. Мамандардың есебіне қарағанда, 16 мың гектарға жуық егістік алқабы шығын болған. Қаншама еңбек, зая кеткен қаржы.
Көктемгі егістің уақытында аяқталмағандығының себебін зерделеп көрелік. Ең алдымен, қуатты техника жеткіліксіз болды. Содан соң тағы бір жоғы – техника тізгіндейтін механизатор. Облыста машина-трактор паркін жаңалау туралы мәселе жыл сайын көтеріліп келеді. Әйтсе де, көңіл көншітерлік көрсеткішке қол жетер емес. Осы жерде сөзіміз дәлелді болуы үшін бірер дерек келтіре кетелік. Дәл қазір ақмолалық диқандардың қолында 8100 астық комбайны бар. Оның 3360-ы – жоғары өнімді, заманауи техника. Соңғы үш жылда 929 комбайн, бір мыңнан астам трактор, 269 егіс кешені сатылып алынды. Бірақ осының өзі аздық етеді. Өйткені жаңасынан қаусағаны көп. Жыл басынан бері 7 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасының іске жарамсыз екендігі анықталып, есептен шығарылғандығы ойландыратын-ақ жайт. Қаусаған техника әр жылдағы егін орағы кезінде қатты қимылға шыдас бермей келеді. Оған өкпелей де алмайсың. Пайдалану мерзімі жиырма жылға жуықтап қалған тракторлардың көлемі қолда бар техниканың қақ жартысын құрайды. Ал астық жинайтын комбайндардың да жартысы ескірген. Демек саны көп болғанымен, жапырып жұмыс істеуге қауқарсыз.
Облыс диқандарының әр жыл сайын егін орағын белгіленген уақытта аяқтай алмай, науқанның соңы күзгі қара жаңбырға ұрынып жататындығының ең басты себебі, біздіңше осы. Қарашаның соңында жауған қардың астында да астық жинап жүрген диқандарды көзіміз көрген. Кейбір жеке шаруа қожалықтары әупірімдеп ат төбеліндей жерге егін еккенімен, өзімдікі деген астық жинайтын комбайндары жоқ. Олар көршілес шаруашылықтар қашан өз егінін жинап алып болғанша тосады. Оған дейін Арқаның ақ жауыны да басталып кетеді. Бұл қиындықтан шығатын ең төте жол – ауылдық кооперативтерге бірігу. Бірақ оның да аздаған қиындығы бар екен.
Зеренді ауданындағы «Құлан» шаруашылығының жетекшісі Біржан Болатов «Бұл өзі өте дұрыс мәселе. Көкшетау қаласындағы «Вектор» комбайн зауытынан шығатын «Вектор 410 КZ» астық жинау комбайнының құны 44 миллион теңге шамасында. Бірақ оны шағын шаруашылықтар ала алмайды. Алу үшін еккен егістік көлемі 500 гектардан кем болмауы керек. Алдымен 15 пайыз алғашқы жарнасын төлейсіз, он жыл мерзімге жылына 10,9 пайыздық үстемемен, кепілге комбайнның өзі қойылады. Бұл, әрине, диқандар үшін тиімді. Бірақ кішкентай қожалықтарда мұншалықты егістік алқаптары жоқ қой. Сондықтан да, көпшіліктің қолы жетпей отыр. Жері аз диқандар комбайнды сатып алғанша, бірер күнге жалдағанды тиімді көреді. Өйткені 44 миллион теңгеге алған комбайн бар болғаны бір аптаға ғана керек. Қалған уақытта ешқандай табыс бермейтін техника. Қарапайым тілмен айтқанда, ақша таппай, босқа қаңтарылып тұрады.
Ендігі жоғы – механизатор. Кешегі кеңес заманында табаны тастан таймаған тарланбоздай жапырып жұмыс істеген механизаторлар әлдеқашан зейнетке шығып кеткен. Олардың орнын басатын жастар жоқтың қасы.
«Асно Көкше» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің агрономы Бауыржан Молдағалиев «Биыл біздің серіктестік 3800 гектар алқапқа бидай, арпа, сұлы тәрізді дақыл екті. Төрт комбайнымыз, алқаптан астық тасымалдайтын «КамАЗ»-дарымыз бар. Үлгере алмай жатса, трактор тіркемелерін де қосамыз. Бұл тараптан қиындық көре қоймағанымызбен, механизаторлар мен комбайндардың жетіспеушілігі қолбайлау болатын түрі бар. «Жалақысын молынан төлейміз» деп жаз бойы іздеп көріп едік, таба алмай, діңкеміз құрып отыр», – дейді.
Жалпыға ортақ осы бір мәселенің ізін індетіп облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан дерек сұрағанбыз. Сөйтсек, білдей басқарма мұндай қажеттілік туралы дерек жинамайды екен. Қарапайым тілмен айтқанда, облыс шаруашылықтарына қанша механизатордың, қанша комбайншының керек екенін біле қоймайды. Ал сол механизаторлар мен комбайншыларды даярлайтын оқу орындарына басшылық жасап отырған облыстық білім басқармасы қай шаруашылыққа қандай маманның қажет екенін зерттеп, екшелемеген. Мәселенің осы тұсына мұқият көңіл аудару қажет болып тұр. Алдымен, барша шаруашылықтан тапсырыс қабылдап, қаншалықты маман қажет екендігін саралаған жөн. Содан барып мемлекеттік тапсырыс бойынша кадр дайындаса, дәл қазіргідей қиындық тумас еді. Әйтпесе, білім басқармасы мен ауыл шаруашылығы басқармасының арасында ешбір байланыс болмағандықтан, кадр тапшылығына ұрынып отырмыз. Кадр дайындаудағы тағы бір олқылық, оқу орындарының материалдық-техникалық базасы замана сұранысына сай емес. Мәселен, көптеген кәсіптік-техникалық колледждерде тәжірибе сабақтарында ескі комбайндарды оқыту орын алып отыр. Мұндай комбайндар қазір егіс алқаптарында кездеспейді, әлдеқашан қолданыстан шығып қалған. Сонда оқу бітірген жас маман заманауи техникамен қалай жұмыс істемек? Оқу орындары басшыларының айтуларына қарағанда, әлденеше миллион теңге тұратын қымбат комбайнды алу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, лаждап плакаттан көрсету, бейнефильмді пайдалану арқылы оқытып жатыр. Бірақ көзбен көріп, қолмен ұстамаған соң техника тетігін игеріп кету оңай шаруа емес. Оның үстіне, бұрынғыдай кәсіптік-техникалық оқу орындарының оқушылары тәжірибелік сағат өткізу тарапында да зор кемшілік бар. Шағын шаруа, тіпті ірі серіктестіктің өзі ондаған оқушыны тәжірибеден өткізе алмайды. Олардың жататын жерін сайлау, ас-суын қамдау оңай-оспақ іс емес. Сондықтан біздің тарапымыздан бұл орайда мынадай ұсыныс бар. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына оқушыларды топтап емес, екеу-үшеуден жіберсе.
Бауыржан Қайратұлы «Еңбек адамы дұрыс бағаланбағаннан кейін осылай болады. Өтпелі кезеңде қиындықпен жағаласып жұмыс істеген механизаторлардың жалақысы дұрыс төленбеді, еңбекақы шөп, сабан, астық қалдығымен берілді. Оны көріп тұрған жастар елге қаншалықты қажет болса да, бұл мамандықты игере қоя ма? Екінші жағынан, механизатор, комбайншы мамандығы маусымдық жұмыстарды ғана атқарады. Көктемде бір ай, күзде бір ай ғана қажетсің. Қалған уақытта көк тиын қаржы таппай, қол қусырып бос отырасың. Мұндай мамандыққа кім құштар болсын?!», – дейді.
Бұл арада да тығырықтан шығатын жол бар. Мәселен, қазір жер игілігін көріп келе жатқан көптеген ауыл шаруашылығы құрылымы егін еккенімен, мал бағуға құлықсыз. Демек үкімет ауылды көтергісі келсе, ауылдың жағдайын жақсартқысы келсе, ауыл шаруашылығы құрылымдарын мал бағуға міндеттеу керек. Сонда ғана механизаторға қысы-жазы жұмыс болады. Жалғыз механизатор ғана емес, бақташы, сауыншы, малшы дегендей, ауылдың біраз тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылар еді.
Астық үшін арпалыс оңайға соқпайтын түрі бар. Оның үстіне, шығымы да мәз емес. Ендігісі жерде өскен дәннің бір түйірін ысырап қылмай жинап алу.
Байкен КӨБЕЕВ,
Ақмола облысы