Алматыда денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы тағайындалды. Бүгін қаланың медицина қызметкерлерімен өткен жиын барысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы Серікбол Мусиновты таныстырды.
Жиын барысында Алматы әкімі денсаулық сақтау басқармасының 2016-2017 жылдары аралығында атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Әкімнің айтуынша, жылдар ішінде денсаулық сақтаудың негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамикаға қол жеткен. Мысалы, балалар өлімі 2,5 есе төмендеген, туберкулез сырқатына шалдыққандарды амбулаториялық емдеу 2 есе өскен. Бұл осы сырқтаттан қаза болғандар қатарын 36%-ға азайтқан. Қала тұрғындары арасында тыныс алу мүшелері кеселінен, жарақат алудан, жұқпалы аурулардан қаза болу көрсеткіші төмендеген.
Б.Байбек «Екі жыл ішінде денсаулық сақтау саласын қаржыландыру айтарлықтай өсті. Денсаулық сақтау саласының 7 нысаны іске қосылды: 2016 жылы 3 нысан, 2017 жылы 4 нысан пайдалануға берілді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында №36 қалалық емхана жеке инвестордың қаржысы есебінен толық іске қосылды. 2017 жылы денсаулық сақтаудың 9 жаңа объектісінің құрылысы басталды. Қалаға қосылған елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтуға айрықша назар аударылуда», — деді .
ҚазАқпарат хабарлағандай, 2016-2017 жылдары медицина ұйымдарын жабдықтандыруға 11 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда дәрігерлердің жалақысы 19%-ға, орта медицина қызметкерінің айлығы 9%-ға өсті.
Алматы әкімі басқарманың жаңа басшысына нақты және жүйелі жұмысты талап ететін бірқатар міндет қойды.
«Тұрғындардың медициналық қызметке риза болуы — денсаулық сақтау басқармасы жұмысының басты көрсеткіші және негізгі критерийі», — деді қала әкімі басқарманың жаңа басшысына қаратып айтқан сөзінде.
Жұмыс барысында нақты мәселелерге жіті назар аударған жөн. Олар ана өлімін азайту, қан айналымы жүйесі сырқатына шалдыққандарды дұрыс емдеу, басқа да бағдарламалар индикаторларын жүзеге асыру. МЖӘ механизмін барынша жетілдіріп, тұрғындарды дәрілермен үздіксіз қамтамасыз ету, кадр жетіспеушілігін шешу де күн тәртібінен түспеуі тиіс. Қаланың медицина саласын цифрлы жүйеге көшіру концепциясын жасаған жөн, ота блоктарына заманауи технологияларды, соның ішінде «Emergency Room» жүйесін енгізу ісін жалғастыру қажет.