Әлеуметтанушы-ғалым, PhD доктор, доцент, М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-нің «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі Ардақ Мойтанов масылдық пен оған қарсы күрес жүргізудің маңызы туралы әңгімелеп берді.
– Елімізде масылдықтың алдын алу мақсатында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Атап айтқанда «Жұмыспен қамту жол картасы», «Еңбек» бағдарламасы, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары. Сіз осы бастамалардың әсерін қалай бағалайсыз?
– Бұл бағдарламалардың оң әсерін жоққа шығаруға болмайды. Біріншіден, жастар тәжірибе жинап жатыр, бұл олардың еңбек нарығына бейімделуіне көмектеседі.
Екіншіден, уақытша жұмыс орындары ашылды, бұл әлеуметтік шиеленісті азайтуға септігін тигізді. Үшіншіден, азаматтар тегін кәсіптік курстарға қатысып, жаңа мамандық иесі атануда. Алайда мұның кері әсерлері де байқалып отырғандығы жасырын емес. Кейбір азаматтар бұл бағдарламаларды тек уақытша табыс көзі ретінде қабылдап, тұрақты жұмысқа шығуға асықпайды. «Жастар практикасы» аяқталған соң, кейбір жастар тұрақты жұмыс таппай, қайтадан әлеуметтік төлемдерге оралып отырған жағдайлар бар. Сондай-ақ бөлінген гранттар мен жеңілдетілген несиелер кейде мақсатсыз пайдаланылады. Бұл жүйенің тиімділігін төмендететін фактор.
– Масылдықпен күрестің тиімді жолдары қандай деп ойлайсыз?
– Біріншіден, әлеуметтік төлемдер еңбекке ынталандыратын механизмдермен қатар жүруі керек. Мысалы, жәрдемақы алушыға кәсіби қайта даярлау курстарын міндеттеу.
Екіншіден, кәсіпкерлікті қолдау. Шағын бизнеске жеңілдетілген несие, грант беру арқылы адамдардың өз кәсібін ашуына жағдай жасау қажет. Үшіншіден, еңбек мәдениетін мектептен бастап қалыптастыру. Баланы ерте жастан «еңбек – құндылық» деп тәрбиелеу – масылдықтың алдын алады.
Көріп отырғанымыздай, мемлекет тарапынан жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламалар жүйелі іске асуда. Алайда олардың тиімділігі азаматтардың белсенділігіне де байланысты, яғни жәрдемақы мен уақытша жұмысқа сүйеніп қана қалу – қоғамды алға жылжытпайды. Масылдықпен күрес тек заңдық немесе әкімшілік шара емес, ол – қоғамдық санадағы өзгеріс. Еңбек ету – әр азаматтың парызы екенін ұмытпауымыз қажет.
– Шымкент қаласының ерекшелігі тұрғысынан не айтар едіңіз?
– Шымкент – қарқынды дамып келе жатқан мегаполис. Халық саны көп, еңбекке қабілетті жастардың үлесі жоғары. Бұл бір жағынан мүмкіндік (адам капиталы), екінші жағынан қауіп (жұмыссыздық, масылдық). Сондықтан қалада жастарды кәсіпкерлікке тарту, стартаптар мен шағын бизнесті дамыту ерекше өзекті.Сондықтан кәсіптік білім беру мен жастарды жұмыспен қамтуға басымдық берілуі керек.
Әлия Білдебекова,
Шымкент қаласы