Шымкент қаласы – еліміздің ең ірі мегаполистерінің бірі. Мұнда халық саны қарқынды өсіп, еңбек нарығы мен әлеуметтік қолдау жүйесіне түсетін салмақ та артып отыр. Соңғы жылдары жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер, мемлекеттік бағдарламаларға тәуелділік мәселесі жиі талқыланып келеді. Қоғамдағы әлеуметтік құбылыстардың бірі де масылдық. Бұл тек экономикалық емес, рухани да мәселе. Жәрдемақыға иек артып, еңбекке құлықсыздық танытатын адамдар саны азаймаса, қоғамның дамуына кедергі келтіретіні анық. Осы тақырып төңірегінде біз әлеуметтанушы-ғалым, PhD доктор, доцент, М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-нің «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі Ардақ Мойтанов мырзамен әңгімелесіп, еліміздегі мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі мен олардың тиімділігі жайында пікірін тыңдадық.
— Ардақ мырза, бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – масылдық. Алдымен осы ұғымға ғылыми тұрғыдан анықтама беріп өтсеңіз.
– Масылдық– адамның өз әлеуетін еңбекке, шығармашылыққа, кәсіпке жұмсамай, дайынға сеніп өмір сүру дағдысы. Бұл тек әлеуметтік-экономикалық құбылыс емес, сонымен бірге психологиялық тәуелділік. Ғылыми әдебиеттерде ол «тәуелділік психологиясы», «еңбектен жалтару» ұғымдарымен сабақтас қарастырылады. Қоғамда мұндай көзқарас орнықса, белсенділік төмендейді, еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіздік пайда болады.
– Қазақстанда масылдықтың қалыптасуына қандай факторлар әсер етуде?
– Біріншіден, Әлеуметтік саясат ерекшелігі: жәрдемақылар мен мемлекеттік көмектердің тиімді тетіктері толық жолға қойылмаған. Екіншіден, Кеңестік кезеңнен қалған психологиялық инерция: мемлекет бәрін қамтамасыз етуге тиіс деген көзқарас. Бұл адамдарды өз бетінше әрекет етуден алыстатады. Үшіншіден, жұмыссыздық пен еңбек нарығындағы сәйкессіздік: кейбір өңірлерде тұрақты жұмыс орындарының тапшылығы. Кейбір азаматтар өз біліміне сәйкес жұмыс таба алмайды, соның салдарынан жәрдемақыға тәуелді болып қалады. Оған қоса Білім беру жүйесіндегі олқылықтар: жастардың еңбек нарығына дайын болмауы. Құндылықтық бағдар: жеңіл жолмен табысқа жетуді насихаттайтын әлеуметтік орта мен медиа ықпалы.
Әлеуметтанушылардың пікірінше, елімізде жүргізілген зерттеулер халықтың бір бөлігі мемлекеттік көмекке тәуелді болып отырғанын көрсетеді. Мәселен, шартты атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінде шамамен 30–35 пайызы еңбекке қабілетті, бірақ тұрақты жұмыс істемейді. Ал жастар арасында жүргізілген сауалнамаларда (2023 жылғы дерек) респонденттердің 42 пайызы «мемлекет тұрақты жұмыс тауып беруі тиіс» деп есептейді. Бұл – масылдық психологиясының әлі де сақталып отырғанының көрінісі.
– Елімізде масылдықтың алдын алу мақсатында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Атап айтқанда «Жұмыспен қамту жол картасы», «Еңбек» бағдарламасы, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары. Сіз осы бастамалардың әсерін қалай бағалайсыз?
– Бұл бағдарламалардың оң әсерін жоққа шығаруға болмайды. Біріншіден, жастар тәжірибе жинап жатыр, бұл олардың еңбек нарығына бейімделуіне көмектеседі.
Екіншіден, уақытша жұмыс орындары ашылды, бұл әлеуметтік шиеленісті азайтуға септігін тигізді. Үшіншіден, азаматтар тегін кәсіптік курстарға қатысып, жаңа мамандық иесі атануда. Алайда мұның кері әсерлері де байқалып отырғандығы жасырын емес. Кейбір азаматтар бұл бағдарламаларды тек уақытша табыс көзі ретінде қабылдап, тұрақты жұмысқа шығуға асықпайды. «Жастар практикасы» аяқталған соң, кейбір жастар тұрақты жұмыс таппай, қайтадан әлеуметтік төлемдерге оралып отырған жағдайлар бар. Сондай-ақ бөлінген гранттар мен жеңілдетілген несиелер кейде мақсатсыз пайдаланылады. Бұл жүйенің тиімділігін төмендететін фактор.
– Масылдықпен күрестің тиімді жолдары қандай деп ойлайсыз?
– Біріншіден, әлеуметтік төлемдер еңбекке ынталандыратын механизмдермен қатар жүруі керек. Мысалы, жәрдемақы алушыға кәсіби қайта даярлау курстарын міндеттеу.
Екіншіден, кәсіпкерлікті қолдау. Шағын бизнеске жеңілдетілген несие, грант беру арқылы адамдардың өз кәсібін ашуына жағдай жасау қажет. Үшіншіден, еңбек мәдениетін мектептен бастап қалыптастыру. Баланы ерте жастан «еңбек – құндылық» деп тәрбиелеу – масылдықтың алдын алады.
Көріп отырғанымыздай, мемлекет тарапынан жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламалар жүйелі іске асуда. Алайда олардың тиімділігі азаматтардың белсенділігіне де байланысты. Яғни, жәрдемақы мен уақытша жұмысқа сүйеніп қана қалу – қоғамды алға жылжытпайды. Масылдықпен күрес тек заңдық немесе әкімшілік шара емес, ол – қоғамдық санадағы өзгеріс. Еңбек ету – әр азаматтың парызы екенін ұмытпауымыз қажет.
– Шымкент қаласының ерекшелігі тұрғысынан не айтар едіңіз?
– Шымкент – қарқынды дамып келе жатқан мегаполис. Халық саны көп, еңбекке қабілетті жастардың үлесі жоғары. Бұл бір жағынан мүмкіндік (адам капиталы), екінші жағынан қауіп (жұмыссыздық, масылдық). Сондықтан қалада жастарды кәсіпкерлікке тарту, стартаптар мен шағын бизнесті дамыту ерекше өзекті.Сондықтан кәсіптік білім беру мен жастарды жұмыспен қамтуға басымдық берілуі керек.
– Масылдықты азайтуда қоғамның, азаматтардың өз рөлі қандай?
– Масылдықты азайту тек мемлекеттік саясатқа ғана емес, қоғамның белсенділігіне де байланысты. Әрбір азамат еңбекке адалдықты үлгі етуі, балаларды еңбексүйгіштікке тәрбиелеуі тиіс. Азаматтық қоғам ұйымдары еңбек мәдениетін насихаттауда маңызды рөл атқара алады.
— Тәрбие демекші, сіз өзіңіз ЖОО оқытушысыз. Жоғары оқу орындарында жастарды «масылдық психологиядан» арылтып, еңбекке бейімдеу үшін қандай тәрбиелік немесе білім беру бағдарламаларын енгізу қажет деп ойлайсыз?
— Жастарды еңбекке бейімдеу ең алдымен оқу процесінің өзінде тәжірибемен ұштастыруға байланысты. Университет қабырғасында тек теорияға ғана емес, практикалық жобаларға, волонтерлік қызметке, өндірістік тәжірибеге көбірек көңіл бөлінуі керек. Әлеуметтік жауапкершілікке баулитын клубтар мен қоғамдық бастамаларды қолдау да маңызды. Мәселен, студенттердің стартап жобаларын дамытуға жағдай жасасақ, олар дайын жұмыс іздеуші емес, еңбек етіп, жаңа нәрсе жасаушыға айналады. Сондай-ақ университеттерде: Кәсіпкерлік білім беру курстарын енгізу; Жобалық оқытуды дамыту (студенттер нақты әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге қатысуы); Еріктілік қозғалыстарын күшейту; Еңбектің құндылығын дәріптейтін арнайы пәндер мен тәрбие сағаттарын енгізу қажет. Бұл жастардың көзқарасын өзгертуге ықпал етер еді.
— Қазіргі жастардың «дайынға ұмтылу» тенденциясын қалай азайтуға болады, бұған оқытушы ретінде сіздің көзқарасыңыз қандай?
— Бұл құбылысты азайту үшін жастарға еңбек нәтижесінің құндылығын көрсету қажет. Әр студент өз еңбегінің нәтижесін көргенде ғана жауапкершілікті сезінеді. Сондықтан оқытушы ретінде мен оларға дайын жауап бермей, мәселені шешудің жолдарын өздері табуға бағыттаймын. Жобалық оқыту, топтық жұмыс, пікірталас әдістері арқылы жастардың ойлау қабілеті дамиды, еңбекке деген қызығушылығы артады. Сонымен қатар, табысқа жеткен тұлғалардың еңбекқорлық тәжірибесін үлгі етіп көрсету – «дайынға ұмтылу» психологиясын жеңілдетудің бір жолы. Яғни жастардың санасында «еңбек – құндылық, жетістікке апарар жол» деген түсінікті қалыптастыру қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!
Кейбіреулер мемлекеттік көмекті пайдаланып, масылдыққа салынып жүр. Ал шындығында жәрдемақы да, түрлі әлеуметтік қолдау да уақытша демеу ғана. Түпкілікті мақсат – азаматты еңбекке бейімдеу. Сарапшы айтқандай, еңбек мәдениетін қалыптастыру мектептен басталып, отбасынан жалғасуы тиіс. Ал мемлекеттік бағдарламалар еңбекке ынталандыру құралына айналғанда ғана қоғам алға басады. Еңбек өркениетті қоғамның басты тірегі екенін әрбіріміз естен шығармауымыз қажет.
Әлия БІЛДЕБЕКОВА, Шымкент қаласы