jasqazaq.kz

Масылдық – психологиялық тәуелділік

15 қыркүйек, 14:36

Шымкент қаласы – еліміздің ең ірі мегаполистерінің бірі. Мұнда халық саны қарқынды өсіп, еңбек нарығы мен әлеуметтік қолдау жүйесіне түсетін салмақ та артып отыр. Соңғы жылдары жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер, мемлекеттік бағдарламаларға тәуелділік мәселесі жиі талқыланып келеді. Қоғамдағы әлеуметтік құбылыстардың бірі де масылдық. Бұл тек экономикалық емес, рухани да мәселе. Жәрдемақыға иек артып, еңбекке құлықсыздық танытатын адамдар саны азаймаса, қоғамның дамуына кедергі келтіретіні анық. Осы тақырып төңірегінде біз әлеуметтанушы-ғалым, PhD доктор, доцент, М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-нің «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі Ардақ Мойтанов мырзамен әңгімелесіп, еліміздегі мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі мен олардың тиімділігі жайында пікірін тыңдадық.
— Ардақ мырза, бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – масылдық. Алдымен осы ұғымға ғылыми тұрғыдан анықтама беріп өтсеңіз.
– Масылдық – адамның өз әлеуетін еңбекке, шығармашылыққа, кәсіпке жұмсамай, дайынға сеніп өмір сүру дағдысы. Бұл тек әлеуметтік-экономикалық құбылыс емес, сонымен бірге психологиялық тәуелділік. Ғылыми әдебиеттерде ол «тәуелділік психологиясы», «еңбектен жалтару» ұғымдарымен сабақтас қарастырылады. Қоғамда мұндай көзқарас орнықса, белсенділік төмендейді, еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіздік пайда болады.
– Бізде масылдықтың қалыптасуына қандай факторлар әсер етуде?
– Біріншіден, әлеуметтік саясат ерекшелігі: жәрдемақылар мен мемлекеттік көмектердің тиімді тетіктері толық жолға қойылмаған. Екіншіден, кеңестік кезеңнен қалған психологиялық инерция: мемлекет бәрін қамтамасыз етуге тиіс деген көзқарас. Бұл адамдарды өз бетінше әрекет етуден алыстатады. Үшіншіден, жұмыссыздық пен еңбек нарығындағы сәйкессіздік: кейбір өңірлерде тұрақты жұмыс орындарының тапшылығы. Кейбір азаматтар өз біліміне сәйкес жұмыс таба алмайды, соның салдарынан жәрдемақыға тәуелді болып қалады. Оған қоса білім беру жүйесіндегі олқылықтар: жастардың еңбек нарығына дайын болмауы. Құндылық бағдары: жеңіл жолмен табысқа жетуді насихаттайтын әлеуметтік орта мен медиа ықпалы.
Әлеуметтанушылардың пікірінше, елімізде жүргізілген зерттеулер халықтың бір бөлігі мемлекеттік көмекке тәуелді болып отырғанын көрсетеді. Мәселен, шартты атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінде шамамен 30–35 пайызы еңбекке қабілетті, бірақ тұрақты жұмыс істемейді. Ал жастар арасында жүргізілген сауалнамаларда (2023 жылғы дерек) респонденттердің 42 пайызы «мемлекет тұрақты жұмыс тауып беруі тиіс» деп есептейді. Бұл – масылдық психологиясының әлі де сақталып отырғанының көрінісі.

Әлия Білдебекова,
Шымкент қаласы

06 қазан, 11:27
Алматыда Азаматтық қоғамды дамытуға арналған форум өтті
30 қыркүйек, 11:51
Алматы: Сапалы ауыз сумен қамту бағытында
25 қыркүйек, 13:46
Алматы: Көлік инфрақұрылымындағы жаңа белес
25 қыркүйек, 13:15
Бүгінгі Әлемнің Тілеуі – Қауіпсіз Ғалам
23 қыркүйек, 16:23
"Үлкен Алмадағы" жемісті жүздесу
22 қыркүйек, 15:31
TEKNOFEST 2025: Стамбулды технология ордасына айналдырған фестиваль өтті
20 қыркүйек, 23:04
PRO.NRG Fest 2025: Тамыры тереңнің бұтағы биік
20 қыркүйек, 12:12
Қала күніне орай ауданда жаңа жүргіншілер аймағы ашылды
03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке