jasqazaq.kz

Масылдық психологиядан арылу үшін еңбек құндылығын дәріптеу керек

15 қыркүйек, 14:48

Әлеуметтанушы-ғалым, PhD доктор, доцент, М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-нің «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі Ардақ Мойтанов жастар арасында масылдықтың белең алуына жол бермеу керек деп санайды.
– Масылдықты азайтуда қоғамның, азаматтардың өз рөлі қандай?
– Масылдықты азайту тек мемлекеттік саясатқа ғана емес, қоғамның белсенділігіне де байланысты. Әрбір азамат еңбекке адалдықты үлгі етуі, балаларды еңбексүйгіштікке тәрбиелеуі тиіс. Азаматтық қоғам ұйымдары еңбек мәдениетін насихаттауда маңызды рөл атқара алады.
— Тәрбие демекші, сіз өзіңіз ЖОО оқытушысыз. Жоғары оқу орындарында жастарды «масылдық психологиядан» арылтып, еңбекке бейімдеу үшін қандай тәрбиелік немесе білім беру бағдарламаларын енгізу қажет деп ойлайсыз?
— Жастарды еңбекке бейімдеу ең алдымен оқу процесінің өзінде тәжірибемен ұштастыруға байланысты. Университет қабырғасында тек теорияға ғана емес, практикалық жобаларға, волонтерлік қызметке, өндірістік тәжірибеге көбірек көңіл бөлінуі керек. Әлеуметтік жауапкершілікке баулитын клубтар мен қоғамдық бастамаларды қолдау да маңызды. Мәселен, студенттердің стартап жобаларын дамытуға жағдай жасасақ, олар дайын жұмыс іздеуші емес, еңбек етіп, жаңа нәрсе жасаушыға айналады. Сондай-ақ университеттерде: Кәсіпкерлік білім беру курстарын енгізу; Жобалық оқытуды дамыту (студенттер нақты әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге қатысуы); Еріктілік қозғалыстарын күшейту; Еңбектің құндылығын дәріптейтін арнайы пәндер мен тәрбие сағаттарын енгізу қажет. Бұл жастардың көзқарасын өзгертуге ықпал етер еді.
— Қазіргі жастардың «дайынға ұмтылу» тенденциясын қалай азайтуға болады, бұған оқытушы ретінде сіздің көзқарасыңыз қандай?
— Бұл құбылысты азайту үшін жастарға еңбек нәтижесінің құндылығын көрсету қажет. Әр студент өз еңбегінің нәтижесін көргенде ғана жауапкершілікті сезінеді. Сондықтан оқытушы ретінде мен оларға дайын жауап бермей, мәселені шешудің жолдарын өздері табуға бағыттаймын. Жобалық оқыту, топтық жұмыс, пікірталас әдістері арқылы жастардың ойлау қабілеті дамиды, еңбекке деген қызығушылығы артады. Сонымен қатар, табысқа жеткен тұлғалардың еңбекқорлық тәжірибесін үлгі етіп көрсету – «дайынға ұмтылу» психологиясын жеңілдетудің бір жолы. Жастардың санасында «еңбек – құндылық, жетістікке апарар жол» деген түсінікті қалыптастыру қажет.
Кейбіреулер мемлекеттік көмекті пайдаланып, масылдыққа салынып жүр. Ал шындығында жәрдемақы да, түрлі әлеуметтік қолдау да уақытша демеу ғана. Түпкілікті мақсат – азаматты еңбекке бейімдеу. Сарапшы айтқандай, еңбек мәдениетін қалыптастыру мектептен басталып, отбасынан жалғасуы тиіс. Ал мемлекеттік бағдарламалар еңбекке ынталандыру құралына айналғанда ғана қоғам алға басады. Еңбек — өркениетті қоғамның басты тірегі екенін әрбіріміз естен шығармауымыз қажет.

Әлия Білдебекова,
Шымкент қаласы

06 қазан, 11:27
Алматыда Азаматтық қоғамды дамытуға арналған форум өтті
30 қыркүйек, 11:51
Алматы: Сапалы ауыз сумен қамту бағытында
25 қыркүйек, 13:46
Алматы: Көлік инфрақұрылымындағы жаңа белес
25 қыркүйек, 13:15
Бүгінгі Әлемнің Тілеуі – Қауіпсіз Ғалам
23 қыркүйек, 16:23
"Үлкен Алмадағы" жемісті жүздесу
22 қыркүйек, 15:31
TEKNOFEST 2025: Стамбулды технология ордасына айналдырған фестиваль өтті
20 қыркүйек, 23:04
PRO.NRG Fest 2025: Тамыры тереңнің бұтағы биік
20 қыркүйек, 12:12
Қала күніне орай ауданда жаңа жүргіншілер аймағы ашылды
03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке