Масылдық психологиядан арылу керек

08 мамыр 2020, 11:25

Соңғы жылдары қоғамда белең алып кеткен бір мәселе – жастардың масылдық психологиясы. Түсінікті тілмен айтқанда, жалқаулық. Оны психологтардың өзі де айтады. «Қазіргі жастар жаны қиналмай ақша тапқысы келеді. Еңбек етпей бірден байып кетуге әуес» дейді. Мұндай пікірді жастарды бизнес жасауға үйретіп жүрген кәсіпкерден де естідік. Бүгінгі сұхбатымыз осы тақырыпқа арналды.

Jas qazaq: Ахметбек мырза, сіз үнемі қазақ жастарын жалқау болмауға шақырып, еңбек етуге үндеп отырасыз. Әлеуметтік желідегі, басқа орталардағы әңгімелеріңізге қарағанда, бүгінгі жастар алақаны ойылмай ақша табуға бейім сияқты ма қалай? Бұл қайдан келген, сүйегімізге кетпестей болып сіңіп алған қандай жалқаулық?

А.Нұрсила: Бұл адамның бойына сүтпен сіңетін мінез. Еңбекқор немесе жалқау болсын, бәрі мінезден. Бірақ мінез адаммен бірге тумайды, қалыптасады. Оны қалыптастыратын ортасы. Өскен ортасы, қоршаған ортасы адам мінезінің айнасы. Мысалы, кез келген мемлекетке барсаңыз, оңтүстік пен солтүстік адамдарының мінез-құлқы бір-біріне ұқсамайды. Германияға, Италияға немесе Қытайға барыңыз. Солтүстіктің адамдарының мінезі қатқылдау, сөзі аздау болады. Ал оңтүстіктің адамдары жұмсақ келеді. Өмір сүруге бейім. Саудаға, бизнеске, еңбекке жақын. Адамды қалыптастыратын тағы бір себеп – ұстаным. Адам нені ұстанады, солай қалыптасады.
Ал соңғы жылдары қазақ жастарының жаппай жалқаулыққа ұрынған себебі – біздің жер асты, жер үстіндегі байлығымыздың «буы». Өйткені жер асты байлығымыз өте көп. Оны аштық, шетелге саттық. Мұнайымыз теңіз боп ақты, газымыз су боп сатылды. Егер біздің орнамызда тіршілікке бейім немістер, жапондар немесе қытайлар болсын, бәрі біз сияқты жалқаулыққа ұрынар еді. Өйткені орта қалыптастырып жатыр бізді. Ақша қаншалық жеңіл жолмен келген сайын, адам да жеңіл өмірге бейімделе бастайды. Ойын-сауыққа, жеңіл-желпі көңіл көтеруге дәндеп алады.Сондықтан біздің елде әншілердің, асабалардың дәурені жүріп тұр. Халық та ақшасын аямай той жасайды. Асаба мен әншілерді шақырады. Еш ойланбастан концертке бара береді. Әншілер де халықтың ақшасына өмір сүруге үйреніп алды. Осылай жақсы өмір сүруге болады екен ғой деген бейсана қалыптасады. Соның кесірінен жанымызды қинамай пара бере салуға, анау-мынау шаруаны ақшамен шешуге дағдыландық. Еңбек етпей, жанымызды қинамай өмір сүруге бейімделдік. Ал табиғи ресурсы жоқ елдердің халқы қаласа да, қаламаса да, еңбекқор болады. Енді мынадай қиын жағдайда, біз қаласақ та, қаламасақ та еңбекқор болуға тиіспіз. Соған келдік.

Jas qazaq: Жастардың ортасында көп боласыз. Өз замандастарыңызбен салыстырғанда, бүгінгі жастардың бойында қандай кемшілік басым? Мәселен, жастар еңбек етіп ақша табуға қаншалық дайын? Әлде әке-шешесінің табысына өмір сүруді жеңіл көретін жігіттер әлі көп пе?

А.Нұрсила: Менің замандастарымның ерекшелігі – бізде үлкенді сыйлау дейтін тәрбие басым болды. Тіпті бір үйде қонақта отырғанда немесе көшеде кетіп бара жатсаңыз, шалдар таяқпен тартып жіберсе, оған қарсы сөз айту біздің мінезімізде жоқ еді. Ал қазір көптеген жастар үйдегі тәрбиеден гөрі, көшеден, теледидардан, интернеттен көрген тәрбиесін бейсана сіңіріп алады. Соның кесірінен үлкенді сыйлау, кішіні аялау деген қасиеттерден айрылып қалдық. Бұл бір. Ал екінші, біздің кезімізде, яғни 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басындағы жастар еңбекпен өсті. Ата-аналары оларды еңбекпен тәрбиеледі. Өздері де көздерін еңбекпен ашып, бір үзім нанды маңдай термен табуды үйренді.
Қазіргі жастар мүлде бөлек тәрбиемен өсіп жатыр. Аяқ астынан байып шыға келген адамдардың отбасында туған балалар қалай болушы еді? Жеңіл ақшаға жақын.

Жан қинамай тиын тауып жүрген әке-шешесін көрді. Олар қыдырып, ақшаны судай шашып жүр. Бала тәрбиені солардан алады. Міне, соның салдарынан жеңіл жолмен баюға, пара ала салуға бейім. Біреуге пара беріп жұмысын бітіруге дайын.
Өмірде нақты мысал көп. Мәселен, қарапайым ғана бір прокурор немесе айлығы 200 мың теңге болатын мектеп директорының айлық шығыны – 2 млн теңге. Астындағы көліктің күнделікті жанармайына 5 мың теңге кетеді. Міне, қоғамдағы осындай адамдарды көріп өскен бала не болады? Өзіңіз ойлаңызшы, осыдан кейін олар алақаны ойылып жұмыс істегісі келе ме? Еңбек етпей табыс табуға болатынын, ар-ұяттың арзан екенін бойларына судай сіңіріп алады. Жасыратыны жоқ, қазіргі жастардың көбі ұлтқа қызмет ету деген ойдан ада. Бесіктен белі шықпай қалай ақша тапсам, қалай бірден байып кетсем деп қана өмір сүреді.
Айлық табысынан күнделікті шығыны он, тіпті жүз есе көп, қымбат үйде тұратын, қымбат көлік мінетін, қымбат киім киетін сот, прокурор, директор сияқтылардың өмір сүру салты қоғамның көрсеткішіне айналып болды. Тіпті, моралдық азғындау: «жеңіл ақша табу намыс емес» деген ұғым қоғамға, жастардың санасына сіңіп болды. Батпандап сіңген дерттің мысқалдап шығуы қиын болып тұр.

Jas qazaq: Жұрттың бәрі әкім, не саудагер болмайтыны заңдылық. Қойшы да керек дегендей. Алайда соңғы жылдары 300 мың теңгеге қойшы таба алмаған фермерлерді кездестіріп жүрміз. Бұл қалай? Ата кәсібіміз соншалық ауыр ма, әлде қой бағатын адам жоқ па?

А.Нұрсила: Бұл мәселеден хабарым бар. Адамның табиғаты, мінезі қызық қой. Жақсы жағдайға тез үйренеміз. Жеңіл жұмыс, жан қиналмайтын кәсіп болса, соған бүйрегіміз бұрады да тұрады. Ол құпия емес. Қалаға келіп, жылы пәтерге, жеңіл жұмысқа, тамаша шарт жағдайға тісі бір тиген адам ауылда қой баққысы келуші ме еді? Бұл қалыпты жағдай. Қойшылықты мың жерден ата кәсіп деп, оның құлағына күндіз-түні құйсаң да, қаладағы 50 мың теңге айлықты артық көреді. Өйткені қалада бәрі бар ғой. Қыдыратын жер, жақсы жағдай дегендей. Сондықтан пәтер жалдап, аш жүрсе де, қаланы құп көретіндері сол.
Қойшы демекші, дамыған елдерде қойшы мал соңында жүрмейді. Жайылым қоршаулы, қоражай жылы, жайлы. Қойды техникамен айдап, техникамен бағады. Ауыл шаруашылықтың басқа салалары да сондай жанға жайлы, қолайлы. Бір сөзбен айтқанда, оларда ауыл мен қала, малшы мен қала адамының өмір сүру салтында пәлендей айырмашылық жоқ. Бізде бұл жағы ақсап тұр. Сондықтан жастарымыз ауыл шаруашылығына барғысы келмейді. Қойшыға 300 мың түгілі, одан да көп бер, жағдайы жасалмаған жерде мал бақпайды. Заман солай. Оған ешкімді кінәлай алмаймыз. Алайда қалауын тапқандар қиырдағы қыстауына қаланың жағдайын жасап алып, мыңғыртып мал айдап отыр.

Jas qazaq: Карантин кезінде байқаған бір көріністі айтайын. Қазір жастардың көбі ауылда. Бірақ бәрі бостан босқа сабылып, көшеде салпылдап жүр. Бітірген шаруасы жоқ. Қала тіршілігі ауыл балаларын еңбектен қожыратып, «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүретін жанаярға айналдырып жіберген жоқ па?

А.Нұрсила: Жанаярға айналуымыздың басты себебі, яғни бұған кінәлі – қоғам. Мысалы, жеті жастағы бала мен он жеті жастағы бозбаланы салыстырыңыз. Екеуін үйден шығарып жіберіңіз. Жеті жастағы бала нан таба алмайды. Ал анау бозбала біреуге жалданса да, өмір сүреді. Біздің қоғам дәл сондай. Соңғы жетпіс жыл тоталитарлық режимде күн кешкен қоғам тәуелсіздікке жеткенде, бірден тік тұрып жүріп кетуі қиын. Сондықтан о баста халыққа бағыт-бағдар берілуі керек еді. Біреуіне мақта өндіртіп, біреуіне тері, біреуіне жүн өңдетіп, қоғамды өндіріске, тіршілікке бейімдеуі керек еді. Бірақ олай болмады. Соның салдарынан әлі айыға алмай отырмыз. Даму стратегиясын қайтадан қарау керек деп ойлаймын. Сонда, сіз айтқандай, жастарымыз бос сандалып жүрмейді.
Бұл тұрғыда біз Оңтүстік Кореядан, Жапония мен Сингапурдан көп нәрсе үйренуіміз керек. Ол елдерде халықтың кәсіп ашуына мемлекеттің ықпалы зор. Бағыт-бағдар да беріп отырады.

Jas qazaq: Қазақ жастарын бизнеске баулып жүрсіз ғой. Жасыратыны жоқ, отыз түгілі, қырықтан асқан жігіттеріміздің дені әлі баспанасыз, үйсіз, күйсіз. Сіздің ойыңызша, бүгінгі қазақ жастары отыз жасқа дейін өз қолы өз аузына жету үшін қандай жұмыс істеп, қандай шаруамен айналысуы керек?

А.Нұрсила: Қазақтың жақсы ма, жаман ба, көнеден келе жатқан бір менталитеті – ата-ана балаға өле-өлгенше көмектеседі. Ал батыста керісінше. Бала 18 жасқа толған соң ата-анасына масыл болмайды. Өз нанын өзі тауып жейді. Өз қотырын өзі қасиды. Ал бізде қырыққа келіп, кәрі әке-шешесінің зейнетақысына күнелтіп отырғандар баршылық. Тіпті онысын намыс санамайды. Жылқы екен жылқы да құлынын бір жылдан кейін үйірден қуып шығады. Бүркіт балапанын ұядан ұшырған соң қайтып қарамайды.
Ата-анасының мойнына отыру ер жігіт үшін де, қыз үшін де намыс. Осы масылдық психологиядан арылатын кез келді. Олай болмаса, жігіттеріміз боркемік, қыздарымыз күйреуік бола береді. Қазақтың тәрбиесіне өзгеріс енгізіп, яғни бала 18 жастан бастап ата-анаға масыл болмау керек деген психологияны халықтың бойына сіңіргенде ғана жалқаулықтан арылатын боламыз. Сонда кез келген бала 14 жасынан бастап тіршілік етуді, ақша табуды, масыл болмауды өздгінен үйрене бастайтын еді.
Отыз жасқа дейін баспанасы болмаған адамды өз басым адам деп есептемеймін. Суырдың да іні бар. Ал біздің жігіттер отыз жасқа дейін үйсіз жүре береді. «Үкімет үй беруі керек, пәтер беруі керек, мемлекет бағуы керек» деген қоғам қалыптастырған жаман ұғым әлі бар. Соған әбден масыл болып жатып алғанбыз. Одан арылмасақ, қоғам мен мемлекетке масыл болғанымыз болған.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!

Жарас КЕМЕЛЖАН

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?