Коронавирустан сақтанудың үш жолы туралы карантин басталғаннан айтылып келеді. Бұл – қашықтық сақтау, қолды жиі жуу және көпшілік жерде бетперде тағу. Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов қолды қалай жуу керек екенін де көрсетіп берді (соған қарап ХХІ ғасырдың адамдары сабын мен судың не үшін керек екенін ұмытып қалған ба дейсің). Ал маска, қазақшалап айтсақ, бетперде тағуға келсек, осы бір қарапайым ереженің төңірегінде сөз көп.
Өзге елге қарасаң, «тағыңдар» десе тағады, артық сұрақ қоймайды. Бізде қызық, Бас санитарлық дәрігерлер брифинг өткізсе, тілші қауым «көшеде тақпаса бола ма» деген сияқты болмайтын сауалдарды қойып, әлгілердің есін шығарады. Содан «маска-шоу» басталды дейсің! Тазалық саласына жауапты мамандардың айтқаны да бір жерден шықпайды ғой. Мәселен, Алматының бұрынғы бас санитарлық дәрігері Айзат Молдағасымова «Эпидемиолог ретінде көшеде тағуға сонша бір қажеттілік бар деп ойламаймын. Ал жабық жерде маска тағу профилактиканың бір түрі» деген.
Кейін осы орынға келген Жандарбек Бекшин де 22 сәуірдегі брифингте «бетпердені көшеде тағудың қажеті жоқ» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, біріншіден, бетперде тапшы, екіншіден, сатып алуға кейбіреудің қалтасы көтермейді, үшіншіден, дымқыл ортада вирус көбейеді. Әйтсе де, ертеңіне ол «БАҚ өкілдері мені дұрыс түсінбеді, міндетті түрде тағыңдар» деп Facebook парақшасында ақталды.
29 сәуірде тағы да сол Бекшин мырза «Қорғаныс маскаларын тағу ережесінде» жабық орыннан басқа жерде де бетперде тағуға кеңес берді. Себебі адам кір қолын (бәлкім, тіпті вирус ұстап қойған) бетіне жүгірте береді екен. Дегенмен бұл кеңес түрінде айтылды, яғни тақпағандарға әкімшілік жаза қолданылмайды.
Осы аптада еліміздің Бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова тек жабық орында ғана емес, барлық жерде маска тағып жүру қажеттігін ескертті. Оның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі сондай. «Ашық ауада масканы не үшін тағу керек? Себебі біз өзіміз де байқамай бетімізді қайта-қайта ұстай береді екенбіз. Көз, мұрын, ауызды ұстаған кезде инфекция жұқтырып алуың оп-оңай», – дейді ол. Өзі де қолын бетіне апармауды барынша қадағаламақ болғанын, бірақ ештеңе шықпағанын жалпақ жұртқа жайып салды. Бұған дейін ДСҰ сау адамға масканың қажеті жоқ деген сияқты еді. Енді ол кеңесін өзгерткен секілді. Сондықтан біздің мамандар ешкімге жалтақтамай, әу бастан маска тағу мәдениетін енгізгені дұрыс еді. Бірауыздан «маска тағыңдар, күні-түні шешпеңдер» десе де, біздің адамдар ол ережені орындайтын еді. Өйткені көпшіліктің тәртіпке көнетіні карантин кезінде анық байқалды.
Ақыр соңында мынадай шешім шықты: көшеде беті ашық жүргендерге айыппұл салынады. Жеке тұлға — 5 АЕК (13 890 теңге), ал клиенттерді маскасыз кіргізген кәсіпкер 100-500 АЕК аралығында (277 900 – 1,3 млн теңге) айыппұл төлейді. Алматы әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапанов көшеде де, жабық орындарда да бетпердесіз жүргендерге айыппұл салынатынын мәлімдеді. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев та карантинді қайта күшейтуге тура келетінін ескертті. Бұлай алаңдауға негіз де жоқ емес. Елімізде вирус жұқтырғандардың 70 пайызында ауру белгілері білінбеген. Олар жоғарыда айтылған сақтық шарасын қолданбаса, басқаларға жұқтыру қаупі өршитіні белгілі.
Қазір көшеде жүргендердің бәрінде бетперде бар. Күн ыстық болған соң көбі иегіне түсіріп қойған. Вирустан сақтану емес, «менде маска бар» деу үшін тағады. Онсыз ешқайда кіргізбейді. Қарап отырсақ, ол да бір өзінше «маска-шоу». Өзін де, өзгені де қорғау үшін емес, әшейін көзбояушылық. Әркім денсаулығына өзі жауапты дейтін шығар. Әйтсе де, бүгінгі жағдайда біз басқалардың да денсаулығына да жауаптымыз. Соны ұмытпайық.
Гүлнар Ахметова