Маскүнем күйеуінен таяқ жеген келіншек

15 қараша 2016, 22:51

aru

Біздің Салтанат есімді оқырманымыз өзінің жазбаларын сайтымызға ұсынған екен. Солардың бірі Гүлсамал апаның өз аузымен айтып берген тағдыры туралы жазбасын өздеріңізге ұсынып отырмыз! 

Оқырман: Гүлсамал Сағиды жолықтырғанда, шын бақытын тапқандай қатты қуанып еді. Кең иықты, ұзын бойлы, мұртты келген, қараторы ауыл жігітіне ғашық боламын деп еш ойламаған. Қыз жігіт болып кездесіп, артынша үйленуге ұсыныс жасаған Сағиды «менің бақытым осы екен» деп кете барған Гүлсамал оңбай қателесіпті…

Тойдың басы тымпиып отқан сүйіктісі, той ортасында «ақаңнан» керегінше сілтеді. Той аяғы таяп, үлкендер жағы тарқасып жатқанда,  жастар өзара ерегісіп қалмасы бар ма? Мұндайды көрмеген Гүлсамал қатты қорққанынынан шеткерірек ысырылып кетті. Үлкендердің араласуымен төбелескендер ажыратылып, Сағи қисалаңдап үйге кірді. Бір жағына қарай қисайып кеткен галстугы мен қабырғадағы әкті жеңіне жұқтырған Сағи шешінбестен төсегіне құлады. Аузынан арақтың иісі мүңкіген күйеуіне жас келін шошынып қарап тұр. Жәймен келіп, төсектің бір шетіне қисая салды. Сағидың қорылы мен сандырақтап сөйлеген сөздерінен жөнді ұйықтай алмаған Гүлсамал, таң алакеуім деп қалған шақта орнынан тұрып, үстіне халаты мен жаулығын іле далаға шықса, енесі қора жақта жүр. Енесінің қасына келіп иіле сәлем салған Гүлсамалдың келіндік өмірі басталып кетті.

Бұрынсоңды сүйіктісінің мұндай «өнерін» көрмеген Гүлсамал шашы қобырап, көзі ісіп теңселе басып, ұйқысынан тұрған Сағиға үрке қарады. Түнімен аузы кеуіп, таңдайы қатқан Сағи бір бақыраш суды басына құя салды.

-Иттің баласы, қайта бастадыңба арағыңды? Құдалардың алдында масқара қылдың ғой. Ішпе дегенім қайда?,-деп Қапиза апа біраз ұрысып алды.

Гүлсамал екеуіне үнсіз көз тастап, шай жасап жүрген. дастарзан басына отырып, қарны тойғасын Сағи сыртқа беттеді. Үй тірлігімен жүрген Гүлсамал, онымен тілдесіп те үлгермеді. Кешке келген соң сөйлесерміз деген…  Қапиза келініне Сағидың еш жаман мінезі жоғын, тек ішкілікке жақындығын айтты. Емдету үшін апармаған жері жоқ, қанша емдетсе де еш нәтиже болмағанын айтып налыды. Бәлкім үйленсе, балалы болса қойып кетер деген үмітінің жоқ емесін айтып, келініне сұраулы жүзбен қарады. Кешкісін «үйленгенімді жудым» деген желеумен, Сағи тағы да сылқия тойып келді. Бірақ бұл «үрдіс» жиі қайталана берді. Ішпесе тым жақсы жұмысын істеп, ашық-жарқын әңгімелесіп отыратын. Гүлсамал жалынып та, жай айтып та көрді.»Қойдым» деп біраз жүріп, қайта бастайды. Гүлсамал жолдасы ертерек қайтыс болып, өмірдің ауыртпалығын бір өзі көтеріп, бес баласын бағып-қағып, аяқтандырған енесін қатты аяйтын. Ең кенжесі осы-Сағи. Көбіне енесімен сырласып жүріп, тірліктің біраз көзін үйренді. Көп ұзамай Гүлсамалдың аяғы ауырлайды. Дүниеге қыз бала келіп, Қапизаның қуанышында шек жоқ еді. Шілдехана той жасап, ел-жұртпен қуанышын бөліседі. Күндер зулап, Гүлсамал қызының артынан дүниеге тағы да бір сәби келеді. Осы кезде енесінің денсаулығы сыр беріп, жүріп-тұруы қиындайды. Енді Гүлсамал қос құлынын енесіне тастап, малға қарап, жем-шөбін беріп, үйдің шаруасын өз қолына ала бастады. Ал Сағи, егістік басында шапқан шөбін араққа айырбастап, сылқия тойып келеді. Мұның бұл жүрісін ұнатпай, күңкілдеп сөйлеген Гүлсамалға жиі жұдырық ала жүгіретін. Тіпті анасының да сөзін қыстырмайтын.

kulak-960x640

Кейін төсек тартып қалған Қапиза апа бұрынғыдай араша түсіп, келінін қорғай алмайтын болып қалды. Өйткені оған қауқары жетпейді. Тек көз жасына булығып ана бөлмеде шыңғырып жылап жатқан келінінің даусын естіп жүрегі езіліп, Алладан аман қалуын тілейтін! Гүлсамалды тепкінің астына алып, сабап тастайтын ұлына лағнет айтқаннан басқа не істесін? Қос құлыны бұрышта үрпиіп қорқып, жылап отыратын. Қанша ажырасып кетпек болса да, енесін қимайтын. Өзі кетсе Қапиза апаға кім қарайды? Онсызда өмірінің көбі кетіп, азы қалғанда жалғыз тастағысы келмейтін. Сағидың сау жүріп тапқан азын-аулақ тиыны мен Қапиза апаның зейнетақысына күн көріп отқан бұл отбасыда артық ақша да жоқ еді. Кейде ақшасы таусылғанда дүкеннен қарызға азық-түлік алатын. Бүкіл ауыл Сағиды танығандықтан, Гүлсамалды көрген жерінде мүсіркеп «ажырасып кетпейсің бе? деген сұрақтың астына алатын. Көзінің оты сөніп, жүзінен әрі тайған Гүлсамалдың сұрықсыз жүзі ерте есейтіп жібергендей. Бірде сау, бірде ауру алқаш күйеуімен алыса жүріп бес баланы дүниеге әкелді. Алланың берген баласынан қалайша бас тартпақ? Қазіргідей медицинаға барып, алдырту мен сақтану дегенді ол кезде білмеген еді. Шиеттей бала-шағасымен бұларды ешкімде жақтыра бермейтін. Кейде түнімен ұйықтатпай, концерт қоятын Сағидан бұлар да зәрезап болды. Кейде мал қораға шөп арасында түнейтін. Енді бірде жалғыз інісіне бара қалса, келіні бұның шұбырған бала-шағаларын жақтырмайтын. Сөйтіп жүріп ауру енесін де жер қойнына тапсырды. Жалғыз жанашыры, арқа сүйері енесі кеткен соң Гүлсамал мүлдем өмірден түңіліп кетті. Таяқтан көз ашпаған Гүлсамалдың беті үнемі көгеріп жүреді. Үстерінде дұрыс киімдері жоқ балалары мектепке бара бастады. Көбінде туыстарының киімдерін кигізетін. Гүлсамалдың інісі ақшалай  көмек беріп тұратын. Жездесіне де талай рет өзінше ақыл айтқан болғанмен, шешесін тыңдамаған Сағида қайбір тоқтау болсын. «Ініңе айтып шағымдандың» деп талай кірпішпен де ұрып-соғып есінен тандырып, күрекпен де ұратын. Кейде көршілері араша түсетін. Өлімші етіп, сабап тастаған кезде Гүлсамалды інісі үйіне әкеліп: «Енді бармайсың байсыз қалсаңда» деген. Үйінде ешкім қалмаған Сағи балдызынан кешірім сұрап, үйінен шықпай, ант-су ішіп, бір айдай моп-момақан боп жүрді. «Жаздым-жаңылдым» деп жата-жармасып кешірім сұраған Сағиға Гүлсамал кешірім берді. Шұбырып бала-шағасымен үйіне қайтқан болатын. Бұл бақытты күн небәрі бір аптаға созылып, Сағи қайта әуеніне басатын.

Көшеде қисалаңдап әндетіп келе жатқан әкесінің іс-әрекетін мектептегі балалар қойылым қылып айнытпай салғанда, өсіп қалған балалары ол үшін намыстанатын еді. Онсызда киім мен аяқ киімдері үшін ұялатын балалар, әкесі үшін ұялып, оны жек көре бастады. Тіпті әкесінің сөздері мектеп арасында кең тарап, балалар келеке ететінді шығарған. Содан болар, Гүлсамалдың балалары тұйық, ашуланшақ болып өсті. Үйге барса сол баяғы көріністен шаршапған балалар үйге қонбай туыстарының үйін жағалап кететін…

original

…Енді Сағидың балалары мектеп бітіріп қалаға кете бастады. Оқуға түссек түсерміз, түспесек екі қолға бір жұмыс табылар деп кете барды. Шешелері әкесінің сау кезін пайдаланып, қолындағы сүт етіп талғажау етіп отқан малын сойып сатып, ақшасын оқуға төлерсің деп берген еді. Ақтөбедегі колледждердің біріне оқуға түсіп, кешке жұмыс істеп өз беттерінше тіршілік кешіп жүрген балалары, әке-шешесіне алақан жайып ақша сұрамады. Қалған балалары есейіп, жігіт бола бастаған шағында Сағи бұрыңғыдай шешелеріне тиіспейтін. Өйткені балалары анасын қорғап, әкесінің  қарсы тұруға шамалары жететін. Тіпті, үйге бөтелкелестері ертіп келген жағдай да, арақтарын сындырып үйден айдап шығатын. Балаларын талай мәрте әкесіне қапаланып анасына кетіп қалуды өтінген. Бірақ қайда бармақшы? «Тезірек оқуымды бітірсем, анамды алып тайып тұрар едім, кішкентайымнан не көрдім бұдан, достарыма мазақ болып біттім» деп кіжінетін. Үлкен балалары оқу бітіріп, кейінгі бауырларына көмектесе бастады. Ауылға тек анасы үшін келетін. Өздерінше жұмыс істеп, ақша тауып азық-түлік әперіп, әкесінен жасырып анасына ақша да тастап кететін. Жабылып жүріп талай емшілерге апарған болатын. Бірақ бір-екі ай тыныш жүріп қайта бастайтын. Ақыры арағын қойдыра алмады. Ауылдағы балалары шетінен оқу бітіріп, бір-бірін жетелеп оқуға түсіріп, жұмыс істеп адам қатарына қосыла бастаған балаларын көріп, Гүлсамал шүкірлік еткенмен, бір жағынан күйеуімен өзі қалуға қорқатын. Ең кенжесі Ермек қана анасын қимай, ауылда қалды. Ауылда да жұмыс табылар деп еріксіз қалуға мәжбүр болды. Сағидың балалары үйленіп, қыздары тұрмыс құрып шетінен өмірден өз орындарын тауып жатты. Жұмыс жасап, үйлі болып өз тіршілік арбасын өрге сүйреп күн кешіп жатты. Көп ұзамай ұлынан немере де сүйді. Сағи мен Гүлсамал ата-әже атанып, қуанышқа кенелді. Шілдеханаға келген қонақтар тарқай бастасымен, көзіне жас алып тұрып, толқи сөйлеген Гүлсамал: -Құлыным, қиындықты көріп өстің. Бауырларыңмен осы күнге де жеттің. Енді міне әке де болдың. Осы күнге де шүкір. Балаңа үлгілі әке бол. Әкеңнің қателігін қайталама. Өзіе көрген өмірді балаларың көрмесін, тату болыңдар,-деп ақылын айтты. Одан кейін ортаншы балалары үйленіп, балалы-шағалы болып жатты. Сағи да бұрыңғыдай денсаулық болмай, ішкенінен ауырғаны көп болды. Шашы қуарып, еңкіш тартып, тым қатты қартайып кетті. Өзі қартайғанымен қоймай, Гүлсамалды да әбіржітіпті. Қиындықтан көз ашпаған Гүлсамал осының барлығына шыдап келген еді. Енді қателігін түсінгендей болды. Кенжесі Ермекте үйленіп, қолдарына келін әкеп түсірді. Балалары жоғары қызметте орналасып, астарына машина мініп, ел қатарына ілікті. Ауылдағы үйлерін жөндетіп, өмір бойы жиһаз көрмеген үйдің реңі кіріп, әдемі жиһазға кенелді. Балалары әкесінен гөрі анасына керегін әперіп, ауырса емдетіп жатты. Өмірі өзгерді, үй өзгерді, тұрмыс өзгерді, балалар өсіп-өркендеді, тек өзгермеген бір ғана адам-ол Сағи еді. Күнде ішпесе де, бойын меңдеп алған арағын арасында аузына алуын қоймады.

-Қартайған шақта шалымды үйден қуамын ба? Өмірімнің көбіне шыдап, азы қалғанда бұл алқашты қайда қуамын, жүре берсін. Мен не көрмедім? Ең бастысы Құдайға шүкір, балаларым адам болды, өз күндерін көріп жатыр, Алла бұйыртса немерелі боламыз. Ермегімнің балапанын қолыма алсам, одан басқа не керек?…Шыдадым, шыдап келем, бұл тағдырдың сынағына шыдамасқа шара барма, қызым?

ikerim.kz

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде