Манас Мағұлов: Елдің болашағы үшін етек-жеңімізді үнемі жинақы ұстаған абзал

10 қазан 2023, 15:11

Мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік саласындағы саясатын іске асыруда «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының маңызы зор. Мемлекет басшысы тарапынан бекітілген осы ұлттық жоба Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының индикаторларына қол жеткізуге бағытталған. Құжат Қазақстан Қарулы Күштері, ішкі істер органдары, мемлекеттік азаматтық қорғаныс жүйесін дамыту және Шекара қызметі жауынгерлерінің әскери қызметін атқару жағдайы сияқты бірнеше бағытты қамтиды. Бұл ретте еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға айрықша мән берілген. Осы мақсатпен қару-жарақ пен әскери техниканың кейбір түрлері бойынша отандық өндірісті жолға қою, оқ-дәрі сақтайтын жаңа нысандарды салу, әскери басқару жүйесін цифрландыру, резерв қызметін енгізу сияқты міндеттер көзделіп отыр. Белгілі әскери сарапшы, полковник, тарих ғылымдарының кандидаты Манас Мағұлов jasqazaq.kz сайтының тілшісіне ұлттық жоба шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып берді.

— Манас Бадыханұлы, Қазақстанның бейбітсүйгіш ел екенін бүкіл дүние біледі, дегенмен де елдің қорғаныс қабілетін нығайту күн тәртібінен түспек емес. Бұл мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін  асқаралы міндеттен туындайтыны анық. Осы орайда «Қарулы Күштеріміздің қарым-қабілеті қандай?» деген сұрақ әрбір азаматтың көкейінде жүретіні белгілі. 

— Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесін ескере отырып, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен жоғары дәлдіктегі қаруды қолдануды, әскерлерде жауынгерлік іс-қимылдардың жаңа тактикалық тәсілдерін игеруге басты назар аударған жөн. Әскерлер жоспарлы түрде озық қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықталуы тиіс. Ол үшін шетелдік өнімдерді игерумен қатар, отандық қорғаныс өнеркәсібін де дамытуды жалғастырғанымыз дұрыс.

Таяуда Мемлекет басшысы Kazakhstan Paramount Engineering зауытында болып, кәсіпорын шығаратын броньды машиналардың мүмкіндіктерімен танысты. Бұл компания — Қазақстанда ғана емес Орталық Азия аймағындағы дөңгелекті броньды техника шығаратын бірден-бір кәсіпорын. Зауыттың тынысымен танысу барысында Президент — Қарулы Күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы саланы ілгерілетудің келешегі зор екенін ерекше атап өтіп, компанияны қорғаныс өнеркәсібіне маманданған отандық кәсіпорындарды дамытуға жан-жақты атсалысуға шақырды.

Бұдан бөлек, жаңа технологияға негізделген отандық «Шағала» ұшқышсыз ұшу аппараты туралы да осы саланың мамандары өздерінің оң пікірлерін айтуда. Сондықтан, сыртқа алақан жая бермей, өзіміздің ішкі мүмкіндіктерімізді қарастырып, соның есебінен бәсекеге қабілетті өнімдерді шығаруға қол жеткізген жөн болады.

— Жаңадан пайда болған сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге сай әрекет ету үшін Қарулы Күштеріміз қандай жолмен, қалай дамуы тиіс?

— Осыдан тура бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қазақстанның Әскери доктринасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, дер кезінде қабылданған шешім деп есептеймін.
Жаңа доктринада Қарулы күштердің жауынгерлік әлеуетін арттыру үшін арнайы операциялар күштерін дамыту және олардың басқа мемлекеттік органдардың арнайы мақсаттағы бөлімшелерімен өзара іс-қимылын кеңейту көзделген.
Әскери сарапшы ретінде күштік құрылымдардың тыныс-тіршілігін жіті бақылап отырамын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, соңғы уақыта еліміздің қорғаныс қабылетін нығайту бағытында біраз оң қадамдар жасалды. Оның ішінде жауынгерлік әзірлікті қолдаумен қатар, әскери қауіпсіздіктің өзекті қатерлерін ескере отырып, Қарулы күштердің құрылымы мен құрамын жаңғырту, цифрлық тәсілдер арқылы әскери басқару жүйесін жетілдіру, армияны қазіргі заманғы жоғары технологиялық қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілерімен қайта жарақтандыру, жауынгерлік даярлыққа әскерлерді қолданудың жаңа әдістерін енгізуді бөліп айутға болады.
«Бекет-2023», «Батыл Тойтарыс-2023» сияқты ауқымды оқу-жаттығулары барысында күштік құрылымдармен, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл пысықталды.

— Жоғары жауынгерлік дайындық пен озық техника ел қауіпсіздігінің кепілі екені белгілі. Сіздіңше, бұл бағытта қандай өзекті міндеттер шешілуі тиіс?

— Әлбетте, ұрыс даласындағы жеке тұлғаның рөлін ешкім де жоққа шығара алмайды. Қазір әскери білім беру мен кадр саясаты жүйесін дамыту, жеке құрамның кәсіби деңгейін көтеру маңызды мәнге ие болып отыр.
Осы мәселеге қатысты ой-ұсынысымды бұрын да талай рет айтқан едім, соны тағы да еске салғым келеді. Отандық әскери білім беру жүйесін өзгерту керек. Қазіргі Ұлттық қорғаныс университетін екіге бөліп, қайта құру қажет. Біріншісі орта буындағы офицерлерді оқытатын салалық академия болса, екіншісі жоғарғы стратегиялық буындағы басшы офицерлерді даярлайтын Бас штаб академиясы болуы тиіс. Бастапқы базалық әскери білімі бар (әскери кафедраларды қоспағанда) бүкіл қазақстандық офицерлерді салалық академияға тек қана батальон деңгейінен, тек қана әскерлерден қабылдаған дұрыс.

Салалық академияда әр офицер екі жыл өзінің мамандығы бойынша факультеттерде білімін әрі қарай жетілдірсе. Сол арқылы біз бірден екі міндетті шешер едік, бірінші – офицерлер құрамын сапалы сұрыптаудан өткіземіз, екінші – өз ісінің кәсіби мамандарын даярлап шығарамыз. Осылайша бес-он жылдың ішінде Қарулы күштердің кәсіби деңгейі анағұрлым арта түсер еді.
Ал Бас штабтың академиясына екі жылда бір рет «бригада-дивизия» буынынан үздік деген 20-25 тыңдаушыны таңдап алып, оларды әлем елдерінің тәжірибесі негізінде жедел және стратегиялық өнерге баулуға болады. Кейін Бас штаб академиясын бітірген түлектерді әскер түрлері мен тектерінің, Ұлттық ұлан мен шекара әскерлерінің қолбасшылығына және тағы басқа да басшылық лауазымдарға тағайындауға болады.

— Әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесі мен әскери қызметтің беделін арттыру, жастардың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру, әскери борышты өтеуге ынталандыру мәселесіне де тоқтала кетсеңіз.

— «Ел боламын десең, ең алдымен бесігіңді түзе» демекші, отансүйгіштік рухты өскелең ұрпақтың бойына ана сүтімен сіңіру керек. Халқымыздың сан ғасырлық даналығы, қажымас қайраты, терең ақыл-ойы мен жан-дүниесінің кеңдігі, азаттық пен тәуелсіздікке ұмтылысы – осының бәрі болашақ Отан қорғаушысын тәрбиелеуге негіз болуы тиіс.

Әйтсе де медальдің екінші жағы, материалдық ынталандыру мәселесі бар. Кезінде Қарулы Күштер қатарына шақыру жүйесін өзгерту, ҚР «Баламалы әскери қызмет туралы» Заңын әзірлеу, әскери міндеттілер үшін кемінде 2 миллион теңге бір жолғы жәрдемақы үшін депозит ашу және оны әскери қызмет өткергеннен кейін төлеу туралы ұсыныс айтқанмын.

Тағы бір құптарлық қадам – еліміздің қорғаныс министрлігі еліміздің 50-ден астам жетекші жоғары оқу орындарымен меморандумға қол қойды. Осыған сәйкес, мерзімді әскери қызметін өткерген азаматтар ҰБТ-ны тапсырмай, бірден оқуға қабылданып, ал үздіктерге тегін оқуға арнайы гранттар берілетін болды. Естуімше, биылдың өзінде осы бағдарлама бойынша 1,5 мың сарбаз әскерден кейін студент атанған көрінеді.

Біз әңгімелесіп отырған дәл осы уақытта Таяу Шығысты тағы бір қарулы қақтығыс бұрқ ете түсті. Өкінішке орай әлем картасындағы отты нүктелер азаймай тұр. Кеңестер Одағы кезіндегі Ош оқиғасы, Таулы Қарабахтағы қақтығыстардың тірі куәгері ретінде баршаңызды бейбіт күннің қадірін сезінуге шақырамын. Сонымен қатар, қамданған қапы қалмайды демекші, елдің болашағы үшін етек-жеңімізді үнемі жинақы ұстаған абзал.

Әңгімелескен Әбубәкір Смайылов

Фото: datnews.info

Бүгін, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді