jasqazaq.kz

Мамандық таңдау – масылдықтан арылудың нақты жолы

28 шiлде, 17:23

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл шешім – еңбекке адал, кәсібіне берік азаматтарға көрсетілген құрмет қана емес, сонымен қатар қоғамда белең алған масылдық ұғымынан арылуға бағытталған нақты қадам. Ел дамуының өзегі – еңбек. Ал нақты істің иесі – жұмысшы мамандықтарының иелері.

Бүгінде жұмысшы мамандықтары тек қарапайым еңбекпен шектелмейді. Олар – индустрия, құрылыс, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы негізгі тірек. Тігінші, аспаз, шаштараз, сантехник, наубайшы сынды кәсіп иелері – қоғамның күнделікті қажеттілігін өтейтін мамандар. Ең бастысы – бұл мамандықтар өмірлік тұрақтылық пен өз еңбегіңе деген сенімділікті қалыптастырады.

Шымкент қаласында еңбекке қабілетті тұрғындардың кәсіби дағдысын арттыруға ерекше назар аударылып келеді. Мәселен, өткен жылы Еңбек мобильділігі орталығы арқылы 670 азамат 43 түрлі мамандық бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданған. Бұл – кәсіби білім алып, нәпақасын табуға ниетті азаматтарға берілген үлкен мүмкіндік.

Солардың бірі – қала тұрғыны Мавжуда Анарметова. Ол тігінші мамандығын меңгеріп, бүгінде тұрақты жұмысқа орналасқан.

«Жұмыс іздеп аудандық мансап орталығына барғанымда, мамандар қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қатысуға болатынын түсіндірді. Тігінші мамандығы жаныма жақын болған соң бірден келістім. Екі ай теория, бір ай практикадан өтіп, оқу бітсе де, сол жерде тігінші болып жұмысқа қалдым. Қазір тапсырыс көп, еңбекақым да көңілден шығады. Ең бастысы – өз нанымды өзім тауып жүрмін», – дейді ол.

2024 жылы қысқа мерзімді кәсіптік білім алған 393 адам оқуын толық аяқтап, оның 297-сі тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл көрсеткіш – мемлекеттің еңбекке ынталандыру саясатының нақты нәтижесі. Мемлекет тарапынан ұсынылатын тегін білім мен кәсіби қолдау – тек көмек емес, өзіңе сенудің жолы.

Қазіргі таңда қала тұрғындары шаштараз, аспаз, маникюр шебері, кондитер, жиһаз жинақтаушы, сантехник, визажист, графикалық дизайнер сынды 26 түрлі мамандықты меңгеріп, еңбек нарығына араласуда. Ал жұмыс берушілердің базасында оқығандар арасынан бухгалтер-кассир, киім мен аксессуарларды сәндеуші, тоқу шебері, құрылысшы және химиялық өңдеу операторлары секілді 17 мамандық иелері жұмысқа тұрып, кәсіби жолын бастап кетті.

Мемлекеттің мақсаты – әрбір азаматты масылдыққа емес, еңбекке бейімдеу. Тек көмек күтіп отыру – уақыт ұттыру. Ал кәсіп үйреніп, адал еңбекпен нан табу – болашаққа салынған сенімді іргетас. Бүгінгі таңда жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндік жеткілікті: оқу да, бағыт-бағдар да, жұмыс орны да бар.

Жұмысшы мамандығын меңгеру – бұл еңбекке, тәртіпке, табысқа және ертеңге бастайтын жол. Масылдықты жеңудің жалғыз жолы – қолыңа бір істің құралы мен кәсібін алу. Мемлекет дәл осыған жағдай жасап отыр. Қалғаны – тек әрекетке тәуелді.

Бибайша Нұржанқызы, 

Шымкент

09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті
06 тамыз, 20:36
Алматыда көше және сәулеттік жарықтандырудың бірыңғай жүйесі жасалады
05 тамыз, 12:34
Бала жанын түсіну – рухани жауапкершілік
31 шiлде, 15:56
Тайланд-Камбоджа: Шиеленіс қалай шешілді?
31 шiлде, 15:21
2,7 млн жайылым жер мемлекетке қайтарылды: жұмыс жалғасады
31 шiлде, 15:00
Айгүл Жамалбекова: Мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай шектеу жоқ
31 шiлде, 14:48
Қолжетімді баспана – мемлекеттік тұрғын үй саясатының басым бағыты
31 шiлде, 12:19
Жетісайда мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші басты назарда
31 шiлде, 11:55
Қазақстан жаһандық процестерге белсене араласады