Жазда мал аштан қырыла ма? Қырылады екен. Жұт емес. Бірақ Маңғыстау облысында мал жұттан қырылғандай арам қатып жатыр. Өйткені жерде қылтан шөп жоқ. Оның үстіне, көктемнен бері маңғаз далаға бір тамшы жаңбыр тамбапты. Халықтың қолындағы жемшөп қыстың өзінде-ақ тақа таусылған. Жергілікті тұрғындар облыс көлемінде төтенше жағдай жариялау керек деп дабыл қағып отыр.
Соңғы жылдары қуаңшылық қысып барады. Бұдан бұрын да малын құдықтан суарып, қуаң даланың жусанына жаятын Маңғыстау малшылары жаздың аптап ыстығынан азап шегуші еді. Биылғысы тіпті ауыр соғуда. Жергілікті шаруа Қарубай Алагөзовтың айтуынша, бұрынғы жылдары сәуір, мамыр айында ешкім малға жем бермейтін. Жер көктеп, мал тойынып кетуші еді. Биыл жауын да жоқ, көк те шықпаған. Мал қолға қарап тұр. Қ.Алагөзов КТК телеарнасына берген сұхбатында «Қазір төлге енесінен туған бойда жем беретін болдық. Жаздың өзінде жемдей бастадық. Арғы жылы жеміне 9 миллион теңге кеткен болса, биыл 4-5 айдың ішінде 18 миллион теңгені жаратып үлгердік», – дейді.
Маңғыстау шаруалары бағзы заманнан құдық суымен күнелтеді. Мұнда арқырап аққан өзен, мөлдір бұлақ жоқ. Төрт түлік мал жауын суымен өсетін қара жусан, жыңғыл сияқты шөл даланың шөбіне бейімделген. Қуаңшылық жылдары мал осылай жұтап қалады. Биылғы қуаңшылық шаруаны қысып тұр. Көктемде қорадан жайылымға кеткен жылқылар сіңірі шығып әр жерде құлап, сиыр сұлап жатыр. Жыл басынан бері өңірде 1400-ге жуық жылқы, қой, түйе арам өліпті. Қырсық қылғанда, жемшөптің де бағасы шарықтап кеткен. Қазір бір қап кебек – 2000, шөптің бір орамы 16 000 теңгеге өсіпті. Сондықтан шаруалар мал азығын алуға мемлекет тарапынан көмек сұрап отыр. Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Аслан Сүйебаевтың айтуынша, арнайы штаб құрылыпты. Штаб Ақтөбеге іссапармен кеткен. Екі облыстың арасында жемшөп тасымалын ұйымдастыру мәселесін қарастырып жатқан көрінеді. Одан бөлек, Маңғыстау облысының шаруа қожалықтарына Ақтөбе облысынан уақытша жайылым жер беру жағын да келіспекші.
Қызылорда облысының Арал ауданында 500-дей ірі қара қуаңшылықтан қырылып қалды. Әсіресе, Сыр беткейіндегі сегіз ауылдық округте жағдай қиын. Мұнда да қыста қар, көктемде жауын-шашын болмағандықтан, жайылымға көк өспеген. Шөп орнына тұзы шығып, сорға айналған далада мал азық таппай, әр жерде теңкиіп жатыр. Оның үстіне, Сырдария тартылған. Ақшатау мен Қамбаш көлдері тартылудың алдында тұр.
Әзірге, мамандар жүргізген есеп бойынша, 159 бас сиыр, 321 жылқы, бір түйе шығын болған. Қуаңшылық мұндағы шаруаларды да тығырыққа тіреп отыр. Малшыларға мемлекеттен өтемақы төленбейді. Бірақ жергілікті билік жемшөппен қамту мәселесін қолға алып жатыр.
Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішев «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатында мал шығынын азайту үшін біраз жұмысты қолға алғанын айтады.
Ол: «Бірінші есеп бойынша 7 мың 520 тонна шөп қажет етіп отырмыз. Аудандағы мал басына есептегенде. Көршілес Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы, Сырдария, Жалағаш Қармақшы аудандарымен келіссөз жүргізіп жатырмыз», – дейді.
Қорыта айтқанда
Қуаңшылық – жыл сайын болатын табиғи апат. Одан құтыла алмаймыз. Сондықтан апаттың салдарымен емес, себебімен күресу керек. Дамыған елдерде солай. Мысалы, Қазақстан қой шаруашылығы қауымдастығының басшысы Алмасбек Садырбаев дамыған елдердің тәжірибесін әкеліп, өзінің шаруашылығында қолданып жүр. Кәсіпкер жеріне 12 түрлі шөптің тұқымын сеуіпті. Оның біреуі ерте көктемде: наурыз бен сәуірде өссе, тағы бірнеше түрі мамыр мен маусымда шығады. Қалғандары шілде мен тамызда тамыр тартып, қыркүйек пен қазанда, қарашада піседі. А.Садырбаев еккен шөптің арасында шөлді-қуаң жерге де өсетін тұқым бар. Ата-бабамыз мыңғыртып мал баққан деп мақтана бермей, біздің шаруаларға да осындай өсімдік тұқымдарын әкеліп, табиғи апаттан шығатын жол іздеу керек. Мысалы, құм ортасындағы араб елдерінде шаруалар тұщы суда өсетін шөп тұқымдарын егіп, мал ұстайды. Еуропада жер аз. Бірақ олар да мал өсірудің алуан түрлі амалын ойластырған. Біздің мал ғана қыста қара суық пен қалың қардан, жазда аптап ыстық пен шөлден, қуаңшылықтан жұтап жатады.
Жарас Кемелжан