Соңғы екі айдан бері мал жайылымы жырға айналды. Өткенде ғана Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы екі-үш ауылдың тұрғындары жайылым таппай, құзырлы мекемелерден көмек сұраған-ды. Сол «сценарий» тағы қайталанды. Бұл жолғылар да сол киелі Қазығұрттан. Қарабау ауылдық округіне қарасты төрт ауылдың тұрғыны мал жаятын жайылымнан таршылық көріп, таң атпай бірнеше табын сиырды әкімдіктің алдына айдап әкеліпті.
Аяқ астынан ауыл әкімдігінің алдын азан-қазан қылған ай мүйізді ала сиырлардың дауысынан шошынған шенеуніктер малды қуып әлек. Ал Сынтас пен Жұмысшының, Құларық пен Қарабаудың көктемге әрең ілінген арық-тұрақ тайынша-торпағы әкімдіктің айналасындағы көгеріп қалған жасыл желектің шаңын шығарды.
Жұрт мұндай қадамға амалсыздан барып отыр. Өйткені 2000-жылдардың ортасында төрт ауылға тиесілі жайылым ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Қарабау» тәжірибелік-өндірістік шаруашылығының қолына өтіп кетіпті. Әлгі шаруашылық жерді қоршайтын кезде «тұқым өсірумен айналысамыз» деген көрінеді. Малмен жан бағып отырған жұрт: «Олар тұқым өндірумен емес, қалтаның қамымен айналысып кетті», – дейді. Қарабаулықтардың айтуынша, мыңдаған гектар бидай егетін жерге жоңышқа салып, соны сатуды кәсіп қылыпты. Жерді алып қойған ауыл шаруашылығы министрлігі мұны жақсы білетін көрінеді. Тіпті былтыр «Ел ішінен үш кооператив бөлінсін, жерді соларға береміз» деген уәде де болған. «Бірақ вице-министрдің сөзі сол күйі қалды», – дейді.
Ауыл тұрғыны Мұса Көмекбаев КТК телеарнасына берген сұхбатында: «Үш кооперативке хат жазады. Олар жерді әлі бермейді. Кім кінәлі? Кінәлі – вице-министр Айдар Сапаров. Осынша халықты алдап, шулатып қоюға бола ма? «Қарабау» шаруашылығы кімді асырап жатыр? Халыққа бермейді, үкіметке өткізбейді» – деп ашынады.
Жұртты шулатып, қоршап алған «Қарабау» кооперативіне қарасты 5 мың 745 гектар жер бар екен. Аз емес. Атшаптырым алқап. Шаруашылық өкілдері мұны министрлікке тиесілі деп отыр. Тоқымдай жерді шаруаларға бөліп беруге өздерінің құзыреті жетпейтін көрінеді. «Қарабау» тәжірибелік-өндірістік шаруашылығының директоры Дәурен Әбдірасыловтың айтуынша, жайылымның тағдырын шешу бұлардың қолында емес. Жердің иесі – ұлттық аграрлық ғылым беру орталығы. Алайда ұлттық аграрлық ғылым беру орталығының өкілдері де қу шөппен ауыз сүртіп: «Жайылымға бере салатын жеріміз жоқ», – дейді. Азын-аулақ қой-ешкісіне, бірер сиырының желініне қарап отырған малсақ ағайын енді ауыл іргесіндегі қоқысқа мал бағуға мәжбүр. «Жайылымдық жерімізді тартып алды» деген қарабаулықтар бұдан ары ауыл шаруашылық министрлігінің үстінен үкімет басшысы мен Президентке хат жазбақшы.
Жарас ШӨКЕ