Мақтаралда өтемақыны кім төлейді?

29 қантар 2021, 12:26

Қараша айында жауған алғашқы жаңбыр мен қарға шыдамай, опырылған Мақтаралдағы «мақтаулы» үйлер туралы бұған дейін жазғанбыз. Сол Мырзакент жақтан редакциямызға тағы бір жайсыз хабар жетті. 30-ға жуық кәсіпкер су шайып кеткен тауарының өтемақысын 9 айдан бері ала алмай, арқа еті арша, борбай еті борша боп жүр екен.

Мәселе былай. Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердауси ауылдарында 12 дүкен, 5 балабақша, 1 жүн түту цехы, 1 күріш диірмені, 1 монша, т.б. иесі қарызға белшесінен батқан. Кәсібінен, мүлкінен айырылған. Ісін дөңгелету үшін қарызға, несиеге алған тауары, соққан ғимараты, оның ішіндегі жиһазын бір түнде су шайып кетті. Енді соның сұрауын сұраймын деп жазықты болуда. Айтып келмеген апат деп қоя салайын десе, тауарын қарызға берген адамдар ақшасын сұрап жеп барады. Тиісті өтемін алуға әрекет жасаса, облыс әкімінен бастап аудан, ауыл әкімінің, кәсіпкерлік бөлімі басшысының бір ғана жауабын естиді. «Зардап шеккен кәсіпкерлік нысандарына заң жүзінде ешқандай қаржы қарастырылмаған». Әкімге барса, ол «Атамекенге» ҰКП-на сілтейді. Ал кәсіпкерлер палатасы «Түркістан» әлеуметтік даму Корпоративтік қорына жүгін деп басын алып қашады. «Судың да сұрауы бар» емес пе?! Екі ортада нанынан айырылғанымен қоймай, тірнектеп жиған тауарын су шайып кетсе, бейшара халге түскен кәсіпкердің мұңына кім құлақ асады?!
Кәсіп ашпақ түгілі күнкөрістің өзі қиындап тұрған карантин кезеңінде су шайып кеткен тауар шығыны қалай және қайдан өтелмек енді? Бізге хабарласқан 30 шақты кәсіпкердің шағымын мұқият тыңдадық.

Бәрін су шайып кетті

Жеке кәсіпкер Гүлжәмила Көгенбаева – Жеңіс ауылы «Мұрагер» көшесі, №10 үйдің тұрғыны. Жетісайдың базарында киім-кешек сататын бір сауда нүктесі және сән салоны болған екен. Айтуы бойынша, су басқанға дейін салықтың барлығын төлеп тұрыпты. Елде карантин басталған соң, ол бүкіл сауда нүктелерін жауып, 2 млн 150 мың теңгенің тауары мен заттарын үйіне әкеліп қояды. Сардоба су қоймасы жарылып, Мақтаралдың бірнеше ауылын су алғанда, соншама зат жарамсыз болып қалған.

«Арызымды аудан әкіміне де, комиссияның қарауына да қалдырғанмын.
Видеоға түсіріп алып, Төтенше жағдайлар департаментіне де көрсеттім. Облыс әкімі Ө.Шөкеевтің қабылдауына кірейін десем, төрт ай бойы бетімді қақпайлай берген соң Президентке дейін хат жазуыма тура келді. Бізде жоғары жақтан ғана аяқ тартады ғой. Мемлекет басшысына шыққан соң Шөкеев мені қабылдады-ау. «Комиссия барып тексереді» деген. Бірақ тірі жан келіп, тексерген жоқ. «Алдағы уақытта қаралады» деумен қаншама ай өтіп кетті. Облыс басшысы мен оның орынбасарының қабылдауында болғаннан кейін ғана аудандағы жауаптылар менің тауарларымның фотобейне айғақтарын сұратып, өздеріне тіркегеніне екі-ақ апта өтті.
Жауапты хаттамамды ала алмағаннан кейін адвокатқа жүгіндім. Адвокаттық сұраныс арқылы ғана жауап алып отырдық. Оған дейін қағаз жүзінде ешқандай жауап бермеді. Соңында қазан айында тұрғындарға үй беретін кезде: «Сіздерге ешнәрсе төленбейді, кәсіптеріңізді сақтандыруға қоймағансыздар» деп мүлде басқа арнаға бұрып жіберді. Ал кәсіп нысандарын сақтандыру 2021 жылдан бастап жүзеге асатынын салық комитетінде істейтін танысымнан білдім. Демек «сақтандыруға қойылмаған» дегені – сыныққа сылтау болып тұр», – дейді Г.Исраилқызы.
Өзі қарызға кіріп шақшадай басы шарадай болған Көгенбаеваға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасындағылар тағы да несие алуға ұсыныс жасаған көрінеді. «Қазіргі жалдап тұрып жатқан пәтерімізден қуып жатыр. Анамның зейнетақысына күн көріп отырмыз. Ол кәсібін қайта қолға алсын деп өз атынан несие алып берді. Судан зардап шегіп, зәрезап болып отырғанда, тағы да қос-қос несие алғызып, қайтадан мемлекетке қарыз қылып қоймақ па?», – дейді ол.

«Бізде ақша жоқ»

«Жеңіс» ауылындағы «Би бүлдіршін» балабақшасы 2012 жылы ашылған болатын. Сардобаның суы бұл бөбекжайды да айналып өтпеді. Бүгінде балабақша ғимараты жарамсыз деп танылған. Басшысы Асқар Биболов не жер телімі, не өтемақы ала алмай жүр. Бармаған жері, баспаған тауы жоқ.

«Су басқаннан кейін кәсіпкерлік нысандарына да толық өтемақы беріледі делінген басында. Тұрғын үйлерге 17 млн теңгеден берілді. Ал балабақшамызға «Атамекен» КП береді дейді. Олар «бізде ақша жоқ» дейді. Бір-біріне сілтеп отыр. Премьер-Министр Асқар Мәминнің Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп кеткендегі қорытынды хаттамасын жалау етіп алдыңнан жүгіріп шығады. «Кәсіпкерлікті қолдаймыз» деп жер-жаһанға жариялағанда алдына жан салмайды. Ал іс жүзінде керісінше. Кәсіпкерлердің сағын сындырып, жерге тығып жатыр. Асқар Мәминнің хаттамасы Заң жобасы емес қой. Осындай әділетсіздіктерден кезінде кәсіп ашқаныма бармағымды тістеп жүрмін. Негізі ғимаратты бағалағанда екіқабатты ғимараттың шығыны 22 миллионға бағаланды. Кезінде 50 мың долларға сатып алған ғимаратыма 17 млн теңге өтемақы берсе болды, одан артық ақша сұрап жатқан жоқпын», – дейді Асқар мырза күйінгенінен.

Дәл осы ауылда «Ұлбосын ана» дүкенінің иесі Қаламқас Көшекееваның да азық-түлік дүкенін 1 мамырдың түнінде су басқан. «8 млн теңгеге шығындалдым. Бірақ ешқандай өтемақы төленбеді. Шығынды талап етіп баратын жердің бәріне де барып жатырмын. Одан ешқандай нәтиже шықпады», – дейді қарт ана.

Исроил Шадиевтің Жаңажол ауылдық округі, Фердауси елді мекені, Түркістан көшесі, № 46/В (мемлекеттік акт 19-288-225-617) жер телімінде орналасқан кәсіпкерлік мақсаттағы сауда дүкені де төтенше жағдайдан зардап шеккен. Әлі күнге өтемақысын ала алмай әуре.

Түбіртек таппай түңілді

«Жаңатұрмыс» ауылының тұрғыны Фариза Жалғабаева – редакцияға хабарласқан кәсіпкерлердің ішінде ең жасы. 26-да. Бішкек жайма базарынан Мырзакенттегі базарға киім-кешек әкеліп сатады. Ол 2 млн теңгенің тауары шығын болғанын айтады.

«Тауарды қарызға алғаным былай тұрсын, саудамды айналдыру үшін 900 мың теңге несие алғанмын. Оны 1,5 млн қылып қайтаруым керек болған. Карантинде үш ай несиелік каникул алдым. Үй-күйсіз мектеп ғимаратында түнеп жүргенде «үстеме пайызымен төлеңіз» деп хат келді. Мен қиын жағдайда далада қалғанда төлей алмаймын дегенімде, тауар алатын адамдарыңыздан анықтама қағаз әкеліңіз деді. Ал олар өздеріне зиян тиіп кете ме деп қорықты. Бүткіл тауарым суға кетіп қалған. Жаймадан алып жаймаға сатқандықтан, ешқандай түбіртек берілмейді. 2 млн теңгенің тауарына 70 мың теңге салық төлейсіз деді. Оның үстіне ЖК (ИП) болып тіркелмегендіктен, бұдан түк шықпасын білдім де, қоя салдым», – деді.

Фаризаның сөзінен ұққанымыз, әр отбасындағы адам басына 100 мың теңгеден ақша беріліпті. Оның отбасы 500 мың теңге алыпты. Ол ақша қырдағы малдың жем-суына, барып-қайту жолына жұмсалып кеткен. Қырда шөп таусылып, мал қырылып бара жатқан соң, ақыры 56 қойды 500 мың теңгеге сатуға мәжбүр болыпты. Жалғабаевтар отбасының он бес сиырынан сегіз сиыр қалды. Оның сүтін сауып базарға шығарады. Одан анау айтқан пайда артыла қоймайды. Бірақ сонда да мал бағуды тоқтатпаған. Қайтадан қарызға тауар алып, саудасын жүргізіп жатыр. Бұрынғы қарыздары сол күйінде. Құдайға қараған біреулері кешірсе, енді бірі «жағдайың болғанда берерсің» деп айтатын көрінеді.

Демеушіге үміт артты

Міне, өтемақысын өндіре алмай жүрген бірнеше кәсіпкердің жағдайы осындай. Ал солар табалдырығын тоздырған тиісті мекеме басшыларының да өзіндік уәжі бар. Мақтарал аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Өсер Мырзамдамов та Үкімет басшысы Асқар Мәминнің жұмыс сапары кезінде түзілген хаттамасын алға тартты.

«Сол хаттамада «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы көмек береді» деген тармақ бар. Алайда мемлекет тарапынан «кәсіпкерлерге қандай да бір көмек берілсін» деген тармақ жоқ. Г.Көгенбаеваның өзі Президенттен бастап Прокуратура дейсіз бе, барлық тиісті жерлерге 23 рет арызданды. Соншама арыз-шағымнан кейін бір қорытынды шығуы тиіс еді. Өкінішке қарай, аудан әкімдігі тарапынан кәсіпкерлерге ешқандай көмек қарастырылмаған. Бөлінген қаржының барлығы жік-жігімен жұмсалды. Енді тек еліміздің әр аймағындағы белді демеушілерден үміт күтіп отырмыз. «Нұр-Отанның» кезекті бір жиналысында Атырау жақтан бір жігіттер демеушілік жасаймыз деген екен. Алда-жалда сол кісілердің тарапынан көмек берілсе, жақсы болар еді. Бұдан басқа жолы болмай тұр. Бұл менің де жаныма батады», – деп кәсіпкерлік бөлімінің басшысы ағынан жарылды.

Көріп отырғанымыздай, жергілікті аудан әкімдігінің өкілдері бар түйткілді «Атамекен»-ге аудара салғысы келетіндей. «Атамекен» ҰКП Түркістан облысы Мақтарал аудандық филиалының басшысы Нұргүл Әбдіразақова Өзбекстан Республикасының Сардоба су қоймасының бөгеті 2020 жылдың 1 мамыры күні бұзылғаннан зардап шеккен коммерциялық объектілерді қалпына келтіру бойынша қаражат бөлу Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының құзырына қарастырылмағанын хабарлады.

– «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы бүлінген нысандарды қалпына келтіруге 1 млрд теңге жұмсайды делінген. Қолдау көрсету туралы шешім Президенттің тапсырмасына сәйкес қабылданды. Қор бөлетін ақша қаражатын алушы болып «Түркістан» әлеуметтік даму корпоративтік қоры анықталды, ол ақшаның мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына», Түркістан облысының әкімдігі мен «Түркістан» қоры арасында келісім жасау мәселесі пысықталуда. Жоғарыда айтылғандай, Мақтарал ауданындағы су басу салдарынан зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру немесе өтемақы алу бойынша іс-шаралары «Түркістан» әлеуметтік даму корпоративтік қоры және жергілікті атқарушы органдардың жәрдемдесуі бойынша немесе сот шешімі бойынша жүзеге асырылуға тиіс екенін жеткіземіз.

Біздің палата кәсіпкерлерге құжат рәсімдеу, анықтама беру деген сияқты қаржылай емес қолдау көрсетеді. Біздің қолдан келгені «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқу курстарынан өткізіп, жеңілдетілген несие беру ғана болды. Себебі пандемия кезінде қорда ақша қалмады», – дейді Нұргүл Кендебайқызы.

Хош, сонымен жергілікті әкімдік те, кәсіпкерлер палатасы да зардап шеккен кәсіп иелеріне өтемақы алу мәселесі бойынша көмек бере алмайды екен. Төтенше жағдай орын алғанда құрылған комиссияның төрағасы, Мақтарал аудандық мәслихатының хатшысы Қадыр Сәрсекбаев: «Бұл кісілердікі коммерциялық бағыт болған соң сәл қиындау боп жатыр. Өйткені көбісінің кәсібі сақтандырылмаған. Ауыл әкімі оқиға орын алған уақытта акт түзбеген. Сондықтан дәлел жоқ. Егер заң жүзінде қандай да бір көмек қарастырылса, елді шулатып, дабыра қылмай бөліп бере салмаймыз ба?! Бөлінген қаржының бәрі тұрғын үй салуға, әр отбасы мүшесіне 100 мың теңгеден өтемақы беруге жұмсалып кетті. Дәл қазір сол кезде жұмыс атқарған комиссияны тексеріп жатыр. Өйткені жұмсалған қаржының бәрі – мемлекеттің ақшасы. Ал онымен ойнауға болмайды», – деп ашығын айтты.

ТҮЙІН

Тоғыз айдан бері от болып, күйіп-жанған «өтемақы мәселесіне» қатысты қос тараптың да пікірін тыңдадық. Әрқайсысы өз уәжін алға тартады. Түсінгеніміздей, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтен бастап барлық лауазымды тұлғалар бұл мәселені бес саусағындай жатқа біледі. Иә, зардап шеккен отбасыларға үй салып, әр отбасы мүшесіне 100 мың теңгеден берді. Бірақ қаншама жылдық еңбек пен тауарын су шайып кеткен кәсіпкерлерге келгенде, ешқандай заң-зәкүн, қала берді, әкім-қаралардың «қауқарсыз» болып тұрғаны қиын-ақ. Білдей бір ауданда өтемақысын өндіре алмай жүрген бар болғаны 30-ға жуық кәсіпкер бар екен. Соларды сандалтып, аяқтан тоздырғаны түркістандықтарға сын емес пе?!

Мәриям АЙТБАЙ,
меншікті тілші

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген