«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде
ант етемін».
Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев
Сәрсенбінің сәтті күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімі өтті.
Салтанатты жиында қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын жақсы білетіндігін жеткізген Президент ең алдымен өзіне зор сенім артып, қолдау көрсеткен барша халыққа алғыс айтты. Өте маңызды саяси бәсекеде халқымыздың даналығы, парасаты жеңгенін ерекше атап өткен Қ.Тоқаев: «Бұл жеңіс – халқымыздың жеңісі! Біз бір ел болып, халық болып Қазақстанның алдағы даму жолын бірге айқындадық. 9 маусымда Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс берген әрбір азаматтың пікірі – біз үшін өте маңызды! Өйткені халқымыздың татулығы, ынтымағы, бірлігі – біздің ең басты құндылығымыз. Осы құндылықты көздің қарашығындай сақтау – баршамызға ортақ парыз», – деді.
Мемлекет басшысы зиялы қауым алдында әр азаматтың мүддесін қорғау басты мақсаты екенін айтты. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермейтіндігін, түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды өз жұмысында міндетті түрде ескеретіндігін жеткізді. Президент: «Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету. Біздің бір ғана Отанымыз бар! Тағдырымыз – бір! Біз халқымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз!», – деді. Өз сөзінде дамудың жоғары деңгейіне шығу үшін жаңа амалдар мен шешімдер керегін атап көрсетті.
«Олардың барлығы жақында жарияланады. Екіншіден, өткір әлеуметтік мәселелермен, барынша мұқтаж жандарға көмектесу ісімен айналысуды көздеп отырмын. Үкіметке бұл салада үздік нәтижеге жету амалдары тапсырылды. Бізге әлеуметтік саясатты салмақты түрде жаңарту керек. Үшіншіден, қазақстандық кәсіпкерлерге қолдау білдіремін. Инвестиция тарту мен оларды қорғау, іскерлік белсенділікті жігерлендіру, орта тапты қалыптастыру көзделеді. Төртіншіден, менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтып, әрбір азаматтың құқығын қорғау. Ең бастысы – әрдайым Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғайтын боламын», – деді.
Бұл сайлауда азаматтар Елбасының стратегиялық бағдарын қолдап дауыс бергенін, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мойындаған даму моделін жасағанын, Қазақстанның Көк туын дүниежүзінің түкпір-түкпірінде желбіреткенін де сөз еткен Президент өз атына ел тұрғындарынан көптеген өтініш, тілек келіп түскенін хабарлады. Олардың бәріне ортақ бір ғана тілек бар. Ол – Елбасының жолын, Стратегиясын сақтау және оны одан әрі нығайту. Мемлекет басшысы: «Елбасы – қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол жаһандық деңгейдегі мемлекет қайраткері. Әлем тарихына дәл осылай жазылды. Елбасының халқымыз үшін және әлемдік қоғамдастық үшін сіңірген орасан зор еңбегін әрқашан құрметтеу – бәрімізге ортақ парыз», – екенін айтты.
Қазір әлем жедел қарқынмен өзгеруде. Технология, экономика және әлеуметтік реттілік, азаматтардың, әсіресе жастардың көзқарасы өзгеруде.
Өзінің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары барысында халықпен кеңескенін айрықша атап өткен соң, мұндағы мақсат ел дамуындағы ең маңызды міндеттерді анықтау екенін мәлімдеді. Осыған орай еліміздің аймақтарынан бүгінге дейін 540 мыңға жуық ұсыныс-тілек келіп түскен. Бұл қоғамдағы өзекті мәселені айқын көруге мүмкіндік берді. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгін халықты ең алдымен не мазалайды? Ең бірінші, азаматтар барлық жерде әділдік орнауын қалайды. Әлеуметтік саясаттан бастап мемлекеттік органдардың халыққа әділ қызмет көрсетуін талап етеді. Халықты толғандырып отырған басты мәселе – табыс көлемінің азаюы. Халықаралық қаржы нарықтарының тұрақсыздануы, теңгенің девальвациясы халықтың табысына кері әсер етті. Миллионнан астам азаматтарымыз банктен несие алуға мәжбүр болды. Табысы жоғары және төмен азаматтардың арасындағы алшақтық – біздің қоғамды мазалайтын тағы бір өзекті мәселе. Бірінші кезекте мен Қазақстанның үшінші жаңғыртылуын, Бес институттық реформа мен мемлекетіміздің басқа да аса маңызды стратегиялық құжаттарын жүзеге асыру бойынша жұмыс істейтін боламын. Басқаша айтқанда, мен Елбасының стратегияларын жүзеге асыруға ден қоямын. Еліміз орнықты дамудың жаңа деңгейіне шыға алуы үшін жаңа қадамдар мен жаңа шешімдер қажет. Олар таяу арада жария етілетін болады», – деді.
Алдағы уақытта өткір әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселені шешу үшін орта мерзімді кешенді шаралар қабылдау қажет. Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл хәлі – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Сондықтан бірыңғай экологиялық саясатқа қажетті, қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа Экологиялық кодекс қабылдау күн тәртібінде тұр.
Ендігі жерде өткір әлеуметтік проблемаларды шешумен нақты айналысуды, аса мұқтаждарға көмек көрсетуді жоспарлаған Мемлекет басшысы Үкіметке аталған салада сезінетіндей нәтижелерге қол жеткізу үшін шаралар дайындауды тапсырды. Сондай-ақ отандық кәсіпкерді қолдайтын, инвестиция тартып, оларды қорғайтын, іскерлік белсенділікті ынталандыратын, кең көлемді орта қалыптастыру көзделді.
Мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың мазмұнын өзгертуге мүмкіндік беретін цифрландыру мәселесі де тілге тиек болды. Бұл тұрғыда Елбасының «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы тиянақты орындалатын болады. Билік пен қоғам арасындағы диалогтың дамуы азаматтарды толғандыратындығын, мұндай диалог пікіралуандылығы арқылы қалыптасуы тиістігіне мән берген Қасым-Жомарт Кемелұлы пікірталас түрліше болғанымен, ұлт бір екендігін айрықша атап өтті. Басты ұстаным да осы. Сондықтан да Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруға шешім қабылдағанын хабарлады. Оның алғашқы отырысы алдағы тамыз айында өтеді.
Билік адамдардың талап-тілегіне құлақ асуға, проблемаларды жергілікті жерде шешуге, азаматтар алдында тұрақты есеп беруге міндетті. Осы орайда Президент: «Уәде бермей, орындау шарт! Мұндай ережені барлық Үкімет мүшесі және әкімдер ұстанулары тиіс. Президент ретінде мен үшін экономикалық дамудың жалпы цифрлары емес, барлық азаматтарымыздың нақты әл-ауқаты аса маңызды болып табылады. Сондықтан стратегиялық мәселелер бойынша шешімдер қабылдауда халықтың басым бөлігінің ұстанымдары қаперге алынатыны сөзсіз. Біздің мемлекеттік биліктің формуласы: күшті, өкілетті Президент – ықпалды, жұмыс істеуге қабілетті Парламент – халыққа есеп беретін Үкімет», – деді.
Салтанатты жиында Қ.Тоқаев ел дамуын айқындайтын басты 10 бағытты атады.
Бірінші бағыт. Халықтың табысын арттыру. Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін экономикалық өсім болуы тиіс. Таяу арада Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттер айқындалады.
Екінші бағыт. Сыбайлас жемқорлықты жою. 1 қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады.
Үшінші бағыт. Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау. Сот – заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан судьялар жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы – бұл үлкен міндет. Судьялар мен осы қызметтен үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдатылады.
Төртінші бағыт. Жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту. Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі – стратегиялық маңызды дүние. Мемлекеттік бюджет қаражаты, ең алдымен, келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлінеді.
Бесінші бағыт. Тұрғын үй мәселесін шешу. Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударылады.
Алтыншы бағыт. Әділетті әлеуметтік саясат. Адам капиталын дамыту саясаты жалғасады. Жаппай білім беруді қолдау. Барлық тұрғынға сапалы медициналық қызмет көрсету. Бұл мәселелер бойынша тұтас бағыт-бағдары бары айтылды. Мұғалімдердің және дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылданады. Олардың құқығын қорғап, материалдық жағдайын жақсарту үшін тиісті қолдау көрсетіледі.
Жетінші бағыт. Өңірлерді дамытудың жаңа бағдары. Азаматтарды толғандырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешіледі. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі нығайтылады. Аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге халық белсене араласуы қажет.
Сегізінші бағыт. «Рухани жаңғыру» құндылықтары – біздің басты рухани бағдарымыз. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Қазақстанды болашаққа бастайтын – жастар. Сондықтан бұл бағдарлама жас ұрпақты тәрбиелеуге бағытталады.
Тоғызыншы бағыт. Сыртқы саясат. Қазақстан әлемде үлкен беделге қол жеткізді, өзін бейбітсүйгіш, ашық ел, халықаралық істерде сенімді және жауапкершілікті әріптес ретінде танытты. Сондықтан конструктивті, теңдестірілген, көпвекторлы, сыртқы саяси бағыт жалғасады. Әлемдік аренада ұлттық мүддемізді нық ілгерілететін және қорғайтын боламыз. Еліміздің сыртқы саяси қызметі Отанымызға, ұлттық бизнеске, әр азаматқа нақты пайда әкелетін болады.
Оныншы бағыт. Жас ұрпаққа ерекше арналды. Олардың алдында Қазақстан дамуында шешуші рөл атқару, прогрестің қозғаушы күші болу міндеті тұр. Елбасы 2019 жылды – Жастар жылы деп жариялады. «Жастар – ел тірегі» арнайы жобасы жұмыс істей бастады. Жастардың «Жас кәсіпкер» бизнес-бастамасын дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жастар стартаптарын қолдау жалғасады. Жастарды жұмысқа орналастыру бағдарламалары енгізіледі. Мемлекеттік қызметтің барлық деңгейіне жас талантты басқарушыларды ілгерілету үшін «Президенттің кадрлық резерві» қалыптастырылады. Жастар мақсаткер, еңбексүйгіш, креативті, сондықтан Қазақстанның болашағы сенімді қолда деуге негіз бар.
Президент сөзінің соңында алдымызда ауқымды жалпыхалықтық міндеттер тұрғанын, мақсатымыз – айқын, жолымыз – ашық екенін, Қазақстан жаңа мүмкіндіктер мен келешегі зор елге айналатынын баса атап өтті. Оның игілігін жастар мен келешек ұрпақ көреді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін: «Біз қуатты әрі гүлденген Қазақстанның өркендеуі үшін бірге еңбек етеміз. Антқа адал болу, сертке берік болу – менің халық алдындағы парызым», – деп түйіндеді.
Жолдасбек Дуанабай