Мақсат – әскери журналистерді дайындау

24 ақпан, 17:29

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 12 қазанындағы Жарлығымен еліміздің жаңа Әскери доктринасы бекітілген болатын.  Аталған құжатта: «Гибридті» күрес әдістерін қолдану үрдісі байқалады, олардың мақсаты қолайсыз сыртқы жағдайларды жасау және қарсы тұрған мемлекетте ішкі жағдайды тұрақсыздандыру болып табылады. Әлемдік аренада мемлекет айналасында теріс ахуалды қалыптастыру мақсатында ақпараттық кеңістікте күшейтілген әсер ету жүргізілуі мүмкін» деп тайға таңба басқандай жазылған. Осы орайда әскери тақырыпқа жазатын журналистер легін дайындау мәселесі туындайды.

Жалпы әскери журналист қызметінің ерекшелігі және дағдарыс жағдайында коммуникация жасау ісіне еліміздің қорғаныс министрлігі бас назар аударуда. Күні кеше Ұлттық қорғаныс университетінде мемлекеттік органдар баспасөз қызметтері және БАҚ  өкілдерімен оқу-әдістемелік семинар өткізілді. Ақпараттық доктринаны іске асыру жөніндегі іс-әрекет жоспарына сәйкес ұйымдастырылған осы семинарға қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев, мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов қатысты.

Басқосуда әскери қақтығыс жағдайындағы журналистердің жұмысына, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қаупі кезінде халықты хабардар ету тәсілдеріне ерекше назар аударылды.

Бұл ретте заман талабына сай қажетті мамандық иелерін дайындау маңызды болып табылады. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасы жиырма жылдан астам уақыттан бері еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту мақсатында запастағы әскери қызметшілерді дайындау ісіне сүбелі үлесін қосып келеді.  Айта кетейік, біздің кафедра түлектерінің көпшілігі қазір Қарулы Күштер қатарында абыроймен қызмет атқарып жүр, біразы басшылық лауазымдарда және кәсіби біліктілігі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталған. Бүгінгі  таңда әскери кафедрада 941 студент білім алуда. Олардың 755 запастағы офицерлер бағдарламасы, ал 186 запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша оқып жатыр.

Ал әскери журналистиканы дамытуға келсек, әскери баспасөз соғыс уақытында идеологиялық қару болса, бейбіт өмірде патриоттық тәрбие құралы екені есте сақтау қажет.

Бауыржан Момышұлы өзінің әйгілі «Қанмен жазылған кітабында» былай дейді: «Әскери тәрбие проблемасы — бұл жөргекте жатқан кезден бастап, найзаласқан қоян-қолтық айқасқа дейінгі аралықта жүргізіле беретін тәрбие проблемасы болып табылады. Ата-ана тәрбиесі — мектеп жасына дейінгі тәрбиенің ең басты сатысына, кезеңіне саяды. Мектеп тәрбиесі, коғамдық-жастар тәрбиесі — адамның қалыптасуындағы ең басты кезең. Адам қоғамдық тәрбиеге ақтық демі біткенше мұқтаж болады, қажет етеді».

Шындығын айтқанда, осы кезге дейін елімізде әскери журналистер жүйелі түрде дайындалған жоқ. Кеңес Одағы кезінде оларды Львовтағы әскери училищесінде оқытатын. Сол әскери оқу орнын бітірген санаулы қазақ офицерлерінің бәрі бүгінде құрметті демалысқа шығып кетті. Сондықтан әскери журналистерді даярлауды былтырдан бастап ЕҰУ-нің әскери кафедрасында қолға алдық. Студенттер жалпы әскери дайындықтан бастап, Қарулы Күштеріміздің жарғыларын жаттап, тактикамен танысып, түрлі атыс қаруларын меңгеруі тиіс. Содан кейін таңдаған мамандығы бойынша пәндер тереңдетіліп оқытылады. Оның ішінде «Әскери БАҚ-тың теориясы мен практикасы», «Әскери тарих», «Арнайы насихат» және тағы басқа пәндер бар.

Таратып айтатын болсақ, әскери журналистер БАҚ бетінде мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін көрсету, қазіргі заманғы ақпараттық күрес пен оның тәсілдері, қарсы насихат жүргізу, арнайы ақпараттық операция ұйымдастыру, әскери қақтығыстар кезіндегі БАҚ-тың рөлі сияқты басқа да маңызды мәселелерді зерттеп, зерделейді.

Болашақ әскери журналистер өндірістік тәжірибе мақсатында апта сайын Астана қаласында орналасқан газет-журналдарға барып жүр. Олардың ішінде — республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» және тағы да басқа  басылымдар бар. Бұдан бөлек, «Сарбаз», «Қалқан», «Отан сақшысы» газеттері мен «Айбын» «Бүркіт» «Шекарашы» журналдарында болып, әскери журналистиканың қыр-сырымен танысуда.

Жоғарыда айтылғандаай, кәсіби мамандар өткізетін журналистік шеберлік сабақтарының нәтижесінде студенттер өздерінің тырнақалды туындыларын газет-журнал беттерінде жариялай бастады. Мысал ретінде «Тағылымы мол тарихи дәріс» (Jasqazaq.kz, 06 қараша 2023 ж), «Журналистік шеберлік сабақтары»,  «Әскери журналистпен әсерлі кездесу» («Ewrazia Universiteti» газеті, 23 желтоқсан 2023 ж),  «Студенты военной кафедры ЕНУ ознакомились с работой Sarbaz.kz» (Sarbaz.kz интернет-порталы, 8 ақпан 2024 ж.) және т.б. жарияланымдарды келтірсек болады.

«Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» дейді халық даналығы. Олай болса, студенттердің аудиторияда алған теориялық білімдерін ізін суытпай практика жүзінде пысықтаулары аса құптарлық іс.

Тарихқа назар аударсақ, қазақтың әскери журналистикасы 1929 жылдың 7 қарашасында шыққан «Қызыл  әскер» газетінен бастау алады.  Одан бергі Ұлы Отан соғысы кезінде  барлығы 16 газет пен екі журнал қазақ тілінде шығып тұрған. Майдан даласында Қазақстаннан 72 әскери тілші қызмет атқарды, оның үшеуі журналист қыздар болатын. Ал «Қызыл  әскер» газетінің тәуелсіздік тұсындағы мирасқоры қорғаныс министрлігінің орталық баспасөз органы — «Қазақстан сарбазы» (қазіргі «Сарбаз») газеті екенін айта кету керек. Сол газетті ұзақ жыл басқарған ардагер журналист, полковник Сапарғали Жағыпаровпен жуырда әскери кафедрада кездесу ұйымдастырдық.

 

С.Жағыпаров 1976 жылы Львов жоғары әскери-саяси училищесінің әскери журналистика факультетін, 1984 жылы В.И.Ленин атындағы Әскери-саяси Академияның редакция бөлімін үздік бітірді.  Тынық мұхиты флоты, Орта Азия әскери округі және Кеңес әскерлерінің Батыс тобындағы (Германия) әскери газеттерде қызмет етті.

Еліміз егемендік алғанда ұзақ жылдар «Қазақстан сарбазы» газетінің бас редакторы болды. «Красная звезда» газетінің Қазақстандағы меншікті тілшілігін қоса атқарды. ТМД елдері қорғаныс министрлері кеңесінің арнайы төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталған, Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Республикасы Журналистер одағы сыйлығының бірнеше дүркін лауреаты.

Кездесуде ардагер-журналист қазақ елінің Қарулы Күштерінің тарихы, мен оның іргетасын қалаған тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов туралы естеліктер айтты.  Сондай-ақ болашақ әскери журналистің бойында ең алдымен қандай қасиеттер болу керектігін санамалап, өзінің мол тәжірибесімен бөлісті. Достық рәуіштегі, жылыжүзді кездесу әрі қарай сұрақ-жауап форматында өрбіді. Студенттер кәсіби біліктілікке қатысты көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, оларға егжей-тегжейлі жауап алды.

Сапарғали аға әлі күнге әскери-патриоттық тақырыпқа қалам тербеп, баспасөз бетінде белсенділік танытып жүр. Осы кездесу барысында ол туғанына 100 жыл толатын біртуар тұлға – армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы жауынгерлік орден тағайындау керектігі туралы орынды ұсыныс білдірді. Әрі бұл награда әскери қызметте үлкен табыстарға жеткен, қолбасшылық қасиеттерімен көзге түскен әскербасыларға берілсе орынды болар еді дегенді айтты.

 

Кездесу соңында полковник С.Жағыпаров «Құрметті қонақтар кітабына» жүрекжарды тілегін жазып қалдырып, әскери кафедра кітапханасына өзінің «Память сердца» атты кітабын қолтаңбасымен тарту етті.

Қорыта айтқанда, біздің мақсат – қажет болса, қалам мен қаруды қатар ұстап, өз Отанын қорғауға әрдайым әзір мамандарды даярлап шығару. Олардың бойына кәсіби біліммен қатар еліне деген сүйіспеншілік сезімі мен патриоттық рухты сіңіруге барынша күш салатын боламыз.

Әбубәкір Смайылов,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университеті әскери кафедрасының оқытушысы

29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды