jasqazaq.kz

Мақсат — әрбір ерекше балаға көмекті дер кезінде және тегін көрсету

21 қараша, 17:39

Шымкент қаласында ерекше қажеттіліктері бар балаларды медициналық және әлеуметтік қолдаумен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы «Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасы» басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев Jas Qazaq тілшісіне баяндап берді.

Оның айтуынша, қалада балаларға оңалту және қалпына келтіру қызметін көрсететін инфрақұрылым жылдан-жылға кеңейіп, қазіргі таңда 10 медициналық ұйым тиімді жұмыс істеп тұр.

Бақытжан Абдуллаевтың айтуынша, қаладағы оңалту орталықтарының жұмысы тек медициналық емдеумен шектелмей, баланың жан-жақты дамуын қолдауға бағытталған.

«Қазіргі уақытта Шымкент қаласында балаларға арналған оңалту және қалпына келтіру емі 10 медициналық ұйымда жүргізіледі. Оның ішінде мемлекеттік орталықтар да, мемлекеттік тапсырыс арқылы қызмет көрсететін жеке медициналық ұйымдар да бар. Біздің мақсатымыз — әрбір ерекше балаға қажетті көмекті дер кезінде және тегін көрсету», — деді Басқарма басшысының орынбасары.

Қаладағы оңалту қызметін көрсететін орталықтар қатарында:
1. ШЖҚ «№1 оңалту орталығы» МКК;
2. ШЖҚ «№2 оңалту орталығы» МКК («Қамқорлық» бөлімшесімен);
3. МКҚК «Мейірім» оңалту орталығы;
4. «Ана мен бала» оңалту орталығы;
5. Мемлекеттік тапсырыс аясында қызмет көрсететін жеке медициналық орталықтар:
«Атамекен» оңалту орталығы;
«Эскулап» ЖШС;
«Medikal-city» ЖШС;
6. ШЖҚ «Психикалық денсаулық орталығы» МКК;
7. №12 қалалық емхана.

Бақытжан Абдуллаевтың айтуынша, қалада ерекше балаларды ерте анықтау мен ерте араласу қызметі күшейтілген.
«Барлық мемлекеттік емханаларда ерте араласу орталықтары ашылды. Бұл орталықтарда балаларды ерте кезеңнен бастап тексеріп, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу және оңалту қызметтері көрсетіледі. Ерте анықтау — баланың дамуындағы проблемаларды дер кезінде шешудің ең тиімді жолы», — деп түсіндірді ол.
Денсаулық сақтау басқармасы өкілінің айтуынша, Шымкентте ерекше балаларға көрсетілетін барлық медициналық және реабилитациялық қызметтер МӘМС жүйесі аясында толықтай тегін.
«Ата-аналардан ешқандай қосымша төлем талап етілмейді. Бұл — қоғамның әлеуметтік осал топтарын қолдау бағытындағы ең маңызды қадамдардың бірі», — деді Бақытжан Абдуллаев.
Қалада логопед, дефектолог, психиатр, невропатолог сынды мамандар тапшылығы бар бағыттар болғанымен, жалпы қамтамасыз етілу деңгейі 95% шамасында.
«Маман тапшылығы бар, бірақ бұл мәселені кезең-кезеңімен шешіп келеміз. Мамандар даярлау, қайта оқыту, басқа өңірлерден тарту жұмыстары жүріп жатыр», — деп атап өтті.
Бұдан бөлек, Президент тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласында ерекше балаларға арналған жаңа ірі орталық ашу жоспарланып отыр.
«2025 жылғы 14 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында берілген тапсырмаларға сәйкес (9.29-тармақ), облыс әкімдерімен бірлесіп, әрбір облыс орталығында, оның ішінде аутизмі бар балаларды қоса алғанда, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту және дамыту орталықтарын салу жоспарланған. Біздің қалада арнайы Аутизм орталығын ашу көзделіп отыр. Бұл мыңдаған ата-ананың жылдар бойы күткен маңызды шешімі», — деді ол.
Жаңа орталықтың ашылуы аутизмі бар балалардың медициналық, психологиялық және әлеуметтік қолдауға қолжетімділігін айтарлықтай арттырады.
Шымкент қаласы ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау бойынша белсенді әрі жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Оңалту орталықтарының санының артуы, ерте анықтау жүйесінің дамуы, тегін қызметтердің қолжетімді болуы — осы саладағы маңызды қадамдардың бірі.
Жаңа аутизм орталығының ашылуы қаладағы ерекше балаларға көрсетілетін қолдауды жаңа деңгейге көтермек.

Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 11:14
"Таза Қазақстан": Алматыда экологиялық жұмыстардың аралық қорытындысы шығарылды
26 қараша, 18:40
Алматыдағы зообақты кең көлемде жаңғырту жоспарланып отыр
26 қараша, 14:07
Алматыдағы ауыз су сапасы барлық санитарлық талаптарға сай
25 қараша, 18:30
«Таза Қазақстан»: Алматының Жетісу ауданында Сейфуллин–Жансүгіров жолайырығын көгалдандыру жалғасып жатыр
18 қараша, 15:39
Түрксіб ауданы Алматының «жасыл-желегі жайқалған қала» мәртебесін нығайтып жатыр: 772 мыңнан астам ағаш егіліп, көшелер көгалданды
18 қараша, 15:30
Алматының Түрксіб ауданы осы маусымдағы ең ауқымды абаттандыру жұмысын аяқтап, тұрғындар таңдаған 32 жобаны жүзеге асырды
14 қараша, 18:02
Жасыл желек пен жарық — Алматыда Торайғыров көшесінде ауқымды жаңарту жұмыстары аяқталды
14 қараша, 17:40
Алматыда мектептің сыйымдылығы 300 оқушыға дейін ұлғайтылады
14 қараша, 17:37
"Таза Қазақстан": Алматыда «Қағаз boom» экологиялық акциясы өтті