
Майра Мұхамедқызының өмірі ғажайыптардан тұрады.
Бейжіңде ән сабағының мұғалімі он жылдың арасында ата жұртына оралып, қазақ операсының «примадоннасына» айналып қоймай, әлемнің ең мәртебелі сахналарының бірі – Париждің «Гранд опера» теартының солисі атанды. Өз өміріндегі ең үлкен жетістіктері мен өкініштері, басымдылықтары мен әлсіздіктері, мақсаттары мен армандары жайлы әнші «Айқын» газетіне ашып айтқан еді.
Астанаға жол
– Астанаға оның ызғарлы ауа райына қарамай, неге дәл қазір «Астана операға» келуге шешім қабылдадыңыз?
– Елбасы шақырған соң, қалай бас тартамын?! Оның үстіне Астана – мен үшін арман қала. Жаңа үйге кірген адамның көңіл күйі керемет болады ғой, сол сияқты жаңа театр, жаңа орта, жас энергия мені шабыттандырады. Театрда ән салғаныма жиырма жыл болса, енді жаңа тынысым ашылып, алдағы жиырма жылда осында өнер көрсетемін деп ойлаймын.
– Ал нені өзгерткіңіз келер еді?
– «Астана опера» ғимараттың әдемілігі, заманауи техникалық қондырғылары арқылы әлемдегі үздік бес театрдың қатарына кірген. Дегенмен, шетелдерде театр туралы сөз болғанда ең алдымен : «Онда кімдер айтады? Кімдер келіпті?» деп сұрайды.
Опера, балет – өнердің биік шыңы ғой. Халықтың деңгейін жоғарылатып, театр әр аймақтардан қойылымдарды тамашалауға адамдар ағылатын орынға айналса деп армандаймын.
– Сіз әзірге «Гранд Операда» солист атанған жалғыз қазақстандық екенсіз. Француз және қазақстандық театрлар арасында айырмашылық бар ма?
– Францияның бес ғасырға жуық опера тарихы бар. Біздегі, мәселен, «Астана операға» бар-жоғы үш жыл болды. Сондықтан әрине, салыстыруға келмейтін жағдайлар бар. «Гранд опера», «Метрополитен опера» сияқты үлкен театрларда барлық жағдай әншілер үшін жасалған. Әр қойылымдағы үзіліс– 20-30 минут, бұл уақытта әнші асықпай келесі бөлімге дайындық жасай алады. Біздегі 15-20 минуттық үзілісте әртістер киімдерін әрең ауыстырып үлгереді. «Гранд Операда» бір әншінің артынан он адам жүгіреді. Мыңдаған қызметшілерді киімдеріне ғана қарап ажыратуға болады. Барлығы соңғы техникамен жабдықталған. Қазір «Астана операны» да әлемдік деңгейге сай деуге болады. Соған келе жатырмыз. Астанаға көшуімнің бір себебі – әлемдік талапқа сай өнер ордасында жұмыс істеу.
Кеңес дәуірінен келе жатқан көне театрлардағы жағымсыз үрдіс –қойылым болса, әншілерді таластырып қояды. Ал мұнда келісім шарттық жүйе қалыптаса бастаған. Әнші алдын ала қандай қойылымға қатысатынын біліп, соған бір ай бұрын әзірлік жасайды. Шетелдік театрларда 2-5 жыл бұрын келісімшарт алынып, рөлге дайындық басталады. Ал сахнаға шығар кезде тек: «Enjoy!» (Ләззат ал!) дейді. Яғни сахнада әнші еркін, еш қиындықсыз, рахаттанып өнер көрсетеді.
Тәжірибе мен абырой «қасықтап» жиналған…
– Кейде біздің опера әншілеріне артистік шеберлік, шынайылық, сезім жетіспей жататын сияқты көрінеді. Кезінде Мария Каллас әншілік шеберлігінен гөрі артистілігі, сахнадан тыңдарманын баурап алатын харизмасы арқылы аңызға айналды емес пе? Айтпақшы, сіз де артистизм үшін халықаралық жүлдеге ие болғансыз…
– Мария Каллас өмірі – әрбір опера әншісі үшін дара жол. Ол өзінің дауысына көңілі толмай, оны күйіп қалған сүттің иісіне ұқсатқан. Бірақ оның сахнада образды берудегі шеберлігі, харизмасы теңдессіз. Ол сахнада ойнамайды, музыканы жасайды. Оның ғажаптығы сонда – өзі орындайтын шығарманың әрбір нотасын терең біледі. Сондықтан ол музыканың ішіне кіреді, ал музыка оны сахнадағы бейнені жасауға жетелейді. Қазіргі жастардағы ең үлкен кемшілік – музыкалық шығарманың нотасын жақсы меңгермеуінде. Тіпті кейбір әріптестер режиссерлер қойылымды қояюға келгенде, ноталарын көтеріп жүреді. Ал нотаны қанық білмей, музыканы меңгермей, образға кіру мүмкін емес. Мен бір операға дайындалған кезде, ең алдымен музыкасын тыңдаймын. Сол образды үздік сомдаған ондаған әншілердің бейнетаспаларын қараймын. Қазіргі бар байлығым – үйімдегі екі жүзден артық опералардың бейнетаспалары. Соларды зерттей отырып, өзімнің Ажарым, Виолеттам қандай болуы керектігін түсінемін. Бірақ кейде сондай бір ішкі түйінмен, ерекше серпілісте сахнаға келгенде, режиссер өзінің айтқанын алға тартып, көңілді су сепкендей басады. Мәселен, «Абай» операсында мен Ажардың зарды қазақи дәстүрімен шашын жайып жіберіп отырып айтуы керек десем, шетелдік режиссер өзінің ұғымы бойынша қойғысы келеді.
– Сіз ойнаған сол рөлдердің ішіне өзіңізге ең жақыны қайсысы?
– Бір операда бір бала тапқандай күш кетеді. Ананың он баласы болса да, біреуін жақсы көріп, екіншісін жек көре алмайды. Сол сияқты әрбір рөлім маған ыстық! Өйткені оның әрқайсысына жанымды салдым, жүрегімді бердім. Операда әрбір әншінің мүмкіндігіне, дауыс диапазонына қарап, репертуар бөлінеді. Дегенмен, жас ұлғая 18-20 жастағы қыздардың рөлінен кетіп, кеңірек, драма сопраноға өзгеріп отырады.
– Дауыс жаспен бірге өзгере ме?
– Әрине. Әсіресе, әйел адам босанғаннан кейін гормондары өзгеріп, тамырлары кеңейеді. Бала емізіп жүріп те, шетелдерде «Травиата» операсындағы Виолеттаны орындадым. Сонда дауысым драма сопраноға ауысып кетті ме деп таңғалдым. Тынысым кеңейіп, дауысым жуандап кеткендей көрінді. Сосын ақырындап, бұрынғы дауысыма қайта келе бастадым. Бірақ жастау кезімдегі «Риголеттадағы» Джильданы, «Лучияны» айттым. Жас келе репертуар өзгергенімен, дауыс тембрі қалады деп ойлаймын.
– Өнерде де жастықтың өз артықшылығы болғаны ғой?
– Пласидо Домингоға журналистер қазіргі жастардың мүмкіндігі мол, керемет дауыстары бар екенін айтып, сұрақ қойған екен. Содан ол: «Мен өзімдегі тәжірибені ешқандай жастыққа айырбастамаймын. Өмір бойы ізденсе де, дәл мендегі тәжірибені жинай ала ма?!» депті. Тәжірибе мен абырой маңдай термен «қасықтап» жиналған. Кейде жастарға қызыға қараймыз, бірақ тәжірибеге келгенде, жетіңкіремей жататыны да рас.
– «Астана операда» өзіңізге жаңа кейіпкерлер ашасыз ба?
– Доницеттидің «Полк қызы» операсында Маридің қиын әрі қызық партиясы бар. Бірақ ондағы бір күрделі мәселе – бұл опера да тенор дауысын шарықтатып, тоғыз рет доны алуы керек. Бұл – өте күрделі! Бір доны алу үшін тенорлар қорқып, жүгіріп кетеді. Сондықтан бұл партияны орындау– тенор үшін тірі бауыздалғанмен бірдей. Егер Медет Шотабаев, Мейір Байнешов сияқты тенорларымыз жүрексінбей, айта алатын болса, қоюға болады. Өйткені осы операға қатысты тенормен қиындық барлық әлемдік театрларда кездеседі. Керемет бір техника, күшті дауыс керек. Сосын «Дон Паскуале» деген комедиялық операда Норинаны айтқым келеді. Оған да тенор тапшы. Қазір «таяқ тастасаң, сопраноға тиеді». Ал мықты тенор әлемде үлкен сұранысқа ие.
– Өзіңіз арман ететін рөліңіз бар ма?
– Баяғыда Мария Каллас айтқан «Медеяны» орындағым келеді. Оны айту үшін өте күшті актриса болу қажет. Оны керемет айтып шығатыныма сенемін. Бұл операда ана баласын қызғаныштан өртеп жібереді. Психологиялық жағынан күрделі драмалық шығарма. Оған жас ұлғайған шақта бару керек деп ойлаймын. «Анна Болейн» да – жақсы опера. Сахнада ханшайым, патшайымдарды сомдағым келеді. Өте бір тәкәппар да қатігездеу, жаны махаббатқа талай күйген,қайратты да, мінезді рөлдерді ойнауды армандаймын. Соған өзім келе жатқан тәріздімін.
Примадонна деген ат жауапкершілік жүктейді
– Әлемнің талай сахнасына өнер көрсеттіңіз. Соның ішінде ерекше есіңізде қалғаны қандай?
– Америкада айрықша жылы қабылдады. 2005 жылы «Вашингтон Операда» айтқан кезде, көрермендер ұзақ қол шапалақтап тұрды. 2006 жылы Францияда «Махаббат шәрбаты» операсында көрермендер орындарынан тік тұрып, он бес минуттай қол соқты. Францияның оншақты қаласын осы операмен араладым. Адинаның рөлін көп орындап, оны өзіме әбден сіңіріп алғанмын. Содан кейін «Гранд опера» театрында «Богема» операсында Мюзеттаны айттым. Оны да көпшілік жақсы қарсы алды.
– Рөлдің жақсы шығуына не маңыздырақ: техникалық шеберлік пе, дайындық па, әлде көңіл күй ме?
– Кейде бір кішкентай рөлді режиссер өте тамаша етіп шығарады. Мысалы, Шекспирдің «Жазғы түндегі түс» деген операсын қойған кезде, бір-екі қызықты кішкентай рөл бар. Соларды ойнаған әншілерді халық іздеп келіп, гүлдерін беріп, қолтаңба алып жатады, басты рөлдегілер солардың көлеңкесінде қалады. Кейбір опералардың костюмдері керемет болады. Мысалы, Моцарттың «Сиқырлы флейтадағы» Түн патшайымы Айдың ішінен шыққан кезде көрермендерді таң тамаша қалдырады. Көпшілік дәл сол көріністі тамашалау үшін барады. «Абай» операсының костюмдері қандай керемет! Көрермендер ең алдымен операдағы костюмдер мен декорацияны айтып жатыр.
Сосын, әрине, көп нәрсе көңіл күйге байланысты. Өмір сүрудің мақсаты– көңіл күйде. Әнші алғашқы нотадан музыкаға беріліп, көңіл күймен айтқан кезде көрерменді еріксіз баурап алады. Жанды музыканың бір қасиеті – әнші жүрекпен береді, көрермен оны қайтарады, онда жаңа көңіл күйге ғана емес, жаңа ой пайда болады. Театрдың құдіреті – осында.
– Кітапты жазатын жазушы бар, бірақ оны түсінетін оқырман керек. Қазіргі көрерменге көңіліңіз тола ма?
– Әрине, бәрі деңгейге байланысты. Қойылымға келген көрерменнің басынан не өтті, ол өзі қандай адам? Сол сияқты бір көрермен костюмге қызығады, екіншісі оркестрге қарап отырады. Әркімнің талғамы – бөлек.
– Ал қазақстандық аудиторияның еуропалықтан өзгешелігі бар ма?
– Барлық жерде тыңдарман бірдей. Олардың жүрегін жаулап алу әншіге, дирижерге байланысты. Сосын «примадонна» деген ұғым бар. Әр операда бір жетекші болады. Мысалы, бізге Доминго келсе, бойымызға қан жүгіріп, рухымыз көтеріліп, өзімізді жақсы жағынан көрсетуге тырысамыз. Неге театрлар қыруар ақшаға жұлдыздар шақырады?! Мәселен, шетелде мен де кіммен айтатынымды сұраймын. Вашингтонда Мирелла Френимен қатар ән салатынымды білгенде, бір жыл бойы толқып, қасына барғанда тамсана қараумен болдым. Ол – біз үшін кумир ғой. Тірі аңызбен сахнада ән салу– әр әнші үшін бақыт. Бибігүл Төлегеновамен бірге айтсам, «Бибігүл апа!» деп қуанып, сол кісінің қалай дайындық жасайтынын көріп, одан не үйренуге болатын іздер едім. Қазір «примадонналар заманы өткен» деп жатады. Бірақ онымен келісе аламаймын. «Алдыңғы дөңгелек қалай айналса, соңғы дөңгелек солай жүреді». Примадоннаға қарап басқа әншілер бой түзейді.
– Сізді де қазақстандық басылымдар «примадонна» деп жазады ғой…
– Егер солай айтса, соған лайық болуға тырысамын. Примадонна деген атты арқалап жүру – үлкен жауапкершілік. Бұл жаңа міндеттер жүктейді. Көңіл күйің болмаса да, сырқаттанып тұрсаң да, сахнаға шығу керек. Сахнаның бір құдіреті – адамдарды емдейді. Театрда бірнеше сағат ән салғанда тынысым ашылып, ауырғанымды да ұмытып кетемін. Үйге ән салып ораламын. Тіпті көңілім құлазыса да, музыка тыңдаймын. Музыка лезде мені жазады. Музыка мені жылатады. Көңілімді сындырып, жүрегімді езіп жіберетін бірнеше әуен бар.
– Қандай?
– Вангелис деген заманауи керемет композитор бар. Оның әр шығармасы ғажап! Соның «Дұға» деген музыкасын тыңдасам болды, өне бойым қалтырап, көз жасыма ерік беремін. Жанымды зар қақсатады. Рихард Штраустың «Таңы» жүрегімді елжіретіп, өне бойымды босатып жібереді. Сосын қуантатын музыкалар да бар. Көңіл күйім болмаса, үйде соларды тыңдаймын.
Желкеден үнемі «ұят» деген бір нәрсе тартып тұрады…
– Сіз бір сұхбатыңызда қатты құлазып жүрген кезде бір операға барып, серпіліп, тіпті өміріңізді өзгертіп жібергеніңізді айтып едіңіз…
– Ол кезде нағыз депрессияда жүрген едім. Қытайда ән сабағынан алты жыл мұғалім болдым. Ал менің сахнаға шығып, ән салғым келеді. Бейжіңде театрларда әншілер қабылдау үшін шек қойылған. Оған кіру мүлдем мүмкін емес. Сондай күндердің бірінде әнші құрбыларымның
бірі телефон шалды. Онымен бұрын Бейжіңде кешке қарай ән салуға бірге жаттығатынбыз.Ол жоғары ноталарға шыға алмайтын, мен төртінші актавадағы Ми, Ля, би мольға шығып, таң қалдыратынмын. Содан кейін ол Италияға барып, опера әншілері конкурсынан бірінші жүлде алып келіпті. Артынша Бейжің опера театрында «Травиатаға» қатысып, соны тамашалауға мені шақырыпты. Ол кезде қатты күйзелісте жүргенмін, қойылымды көріп отырып, ағыл-тегіл жыладым. Қасымда отырған адамдар: «Ауырып қалдыңыз ба?» деп сұрап жатыр… Бұл бір жағынан қатты соққы болса, екінші жағынан депрессиядан шығуыма күш берді. Ертесінде күйеуіме қайда болсын, ән салғызса, Африкаға да кетуге даяр екенімді айттым. Ақыры алдымен Мәскеуге, сосын Алматыға келдік. Бұл 1991 жылдың қаңтар айы еді. Қазақстан тәуелсіздік алмаған. Содан елге қайта оралып, 1994 жылы Қазақстанға түбегейлі көшіп келдік.
– Қазақстандағы алғашқы рөліңіз есіңізде ме?
– Мына сәйкестікті қараңызшы, сол Қытайдағы құрбым ойнаған «Травиата» операсымен Алматыдағы опера және балет театрында сахнаға шықтым. Сонда арияны бүкіл жан тәніммен беріліп, барымды салып орындағаным соншалықты, қолымда ұстаған бокалды лақтырып келіп жіберіппін. Екі жағымда жасы да, егдесі де бар, көп әртістер: «Қытайдан келген қыз қалай айтады?» қарап тұрған. Ол кезде ешкімді танымаймын, орыс тілін білеймін, ешкіммен сөйлеспеймін де. Бәрі аңтарылып қалған. Декорацияда істейтін әріптесімнің: «Мынаны қараңдар, бокалды майыстырып жіберді, мынадан бірдеңе шығады!» деп әзілдегені әлі есімде.Іштегі буырқанған ұмтылыс, құштарлық, тілек – бәрі бір-ақ шыққан ғой.
– Сіз Қытайдан кетуге шешім қабылдай отырып, тағдырыңызды өзгерттіңіз. Тағдыр, сәттілік дегенге сенесіз бе? Әлде барлығы адамның қолында ма?
– Кеше түнде мені бір ойлар мазалап, түнгі үшке дейін көз ілмедім. Өмірде көп қателік жібердім. Сол қателіктің барлығы жастықтан болды деп ойлаймын. Бірақ сол қателіктер ақылды болуға жетелейді. Өмірде өте көп жақсы адамдар көмектесті. Бірақ соның қадірін біліп, сәттілікті ұстауым керек еді. Мен өз талантыма ғана сендім, қасымдағы көп адамның жақсылығын елеусіз қалдырдым. Талант – бір мәселе, мүмкіндікті пайдалану – екінші мәселе. Маған көмектескен бір адамның сөзі мәңгі сабақ болып қалды: «Майра, балықтың етін көп же!» деді. Француздардың сондай мақалы бар. «Балықты көп же, жадың мықты болады, жақсылықты ұмытпай жүр» дегенді білдіреді. Сол кезде жастықтың буымен оның сөзінің астарына мән бермедім. Егер сол сөздердің мәнісін дер кезінде түсінгенде, кім біледі, қазір әлемді аралап жүрер ме едім.
– Қайда отырар едіңіз?
– Нью-Йорктегі «Метрополитен-Операда», Лондондағы «Ковент-Гарденде»! Өмірім басқаша болар еді. Әлемдік деңгейде өнер көрсетер едім.
– Сонда таланттан жоғары тағы бір нәрселер керек болғаны ғой?
– Менің өмірімдегі кедегілерім «ұят болады», «басқаларды мазаламайыншы», «өз талантыммен алып шығамын ғой» деген тежеуіш ойлар болыпты. Мен көмек қолын созған адамдардан айырылмауым керек екен. Өнерде ұялмау, тіпті кейде бетсіз, бірбеткей болудың маңыздылығын енді түсініп отырмын. Жас ұлғайғаннан кейін ақыл енді кіріп жатқан сияқты. «Бұйыртқаны осы шығар» деп тағы өзімді уатып қоямын.
– Дегенмен, өміріңізде екі рет басқа елдерге, алдымен Қазақстанды, одан кейін Францияға барып, өз талантыңызбен көпшілікті мойындаттыңыз. Сіздің табысқа жетудегі ең басты қасиетіңіз қандай?
– Еңбекқорлық. Еңбекқорлық мүмкіндік береді. Бірақ еңбекқорлық берген мүмкіндіктің мүмкіндігін одан әрі қолданбаса, сол орында тұрып қалуға болады. Керек уақытта керек орында болу. Қажетті адамдармен танысып, керек келісімшарттарға дер кезінде қол жеткізу. Өмірде берілетін мүмкіндік пайдаланылмаса, қайтып оралмайды. Желкеден үнемі «ұят» деген бір нәрсе тартып тұрады.
– Ал сіз сияқты дарыны мен еңбегіне сенетін жас өнерпаздарға не ақыл айтар едіңіз?
– Қазіргі жастар өте ақылды. Олар менен ақыл сұрамайды (күледі). Ақыл сұрамаған адамға не ақыл айта аламын?
– Ауылда сізге ұқсағысы келетін қаншама жеткіншектер бар?
– Өмірлік қағидам – ізденген адам іздегенін табады. Бүгін бе, ерте ме, кеш пе, бәрібір табылады. Арман жоғалмауы керек. Ең бастысы арман анық қойылса, бәрі соған жетелейді. Кейде өз өміріме қарап отырсам, көп адамдар кездейсоқ көмектесіп, ақыры бәрі жабылып «Гранд Операға» жеткізіпті. Алғаш Парижге барғанда, Тирумф аркасына барып бекінгенім есімде: «Наполеон, сен кезінде жеңіспен осында келіп едің ғой. Ал мен енді Парижді бағындырамын!» «Гранд операның» табалдырығын аттағанда келген алғашқы ой: «Мен осында ән саламын!». Қазаннан келген Рудольф Нуриев Париж театрын «жаулап» алған. Бүгінгі күнге дейін соның репертуары қойылады. Міне, ол армандады, барды, қойды, жетті. Армандарым көп. Егер қолдаушымыз болып, итеріп жіберсе, мен де жүгіріп кетер едім.
Бірақ өнердің қызығын қуып, жас кезімде ана бола алмадым. Қырық жастан асқанда ана атанып, аяқ-қолымды енді жинап отырмын.Бұл да маған оңай соқпады. Бірақ ана болу бақытына ие болдым, өмірдің мәнін түсіндім. Қазір балама жанымды да, қолымдағы бар мүмкіндігімді де бере аламын.
Кейде жоғарыда бір күш мені жетелеп «енді мынаны, енді мынаны көр» дейтіндей көрінеді. Қазіргі тұрып жатқан үйімнің дәл қасында мешіт бар. Әр жұма сайын намазға қатысып, Аллаға құлшылық етемін. Алладан басқа көмекшім қалған жоқ. Жанды да, дауысты да, күтпеген игілікті де Алла берді. Маған барлығы, дәрігерлер де, ғалымдар да: «Балаң болмайды» деген. Бірақ Алла маған бала берді. Жыл өткен сайын Аллаға деген сенімім ұлғайып барады. Мүмкін біреу мені діншіл болып кетті дер. Оларға: «Алла мені жұмаққа ма, тозаққа ма, қайда жіберсе де, разымын» деп жауап беремін. Бірақ бұл дүниедегі міндетім – Аллаға құлшылық ету және баламды имандылыққа тәрбиелеу.
Қалған өмірімді «Астана операға» арнап, армандарым осында орындалады деп сенемін. Қазақстанға келгенде еліміздің тәуелсіздік алғанына үш жыл болған, енді «Астана операның» ашылғанына үш жыл толып отыр. Мұны бір жақсылықтың нышаны деп қабылдаймын.
– Жаңа жылдан не күтесіз? Қандай армандарыңыз бар?
– Қазір мен алғашқы кітабымды жазып жатырмын. Бір жазып, бір жылап, кітабымды әлі бітірген жоқпын. Келесі жылы алдымен қазақша, одан кейін орыс тілдерінде жарыққа шығады. Ағылшын, қытай тілдеріне аударылуы мүмкін. Онда қырық жылда айтылмаған әңгіме, жарыққа шықпаған фотосуреттер болады.
Енді өнерге қайтып келдім. Ендігі қырық жылым «Астана Операмен» тығыз байланысты болады деп сенемін. Армандарым көп. Қазақ тарихында істелмей жатқан жұмыстар бар. Оларды айтып емес, іспен көрсеткім келеді. Сол кезде оларды «арманымның бірі осы болатын» деп айтатын боламын.
Сұхбаттасқан Айжан КӨШКЕНОВА