Аулаларда түрлі жастағы балаларға лайықты ойын элементтерімен қоса шағын футбол алаңшасы да ашылады.
Шымкентте заманауи үлгідегі спорт және балалар ойын алаңшасы салынып, ескілері қайтадан жаңғыртылуда.
Қала басшысы М.Әйтенов Әл-Фараби ауданына қарасты Түркістан көшесінде орналасқан көп қабатты үй аулаларына орнатылып жатқан жаттығу элементтері мен ойын алаңдарын көріп, тұрғылықты халықпен кездесті.
Әл-Фараби алаңы №1А/ Түркістан көшесі №2/3, 2/7 көп қабатты үй ауласындағы спорт алаңшасын жөндеу жұмыстары шілде айында басталып, қазіргі таңда оның 90% орындалды.
Ал балалар ойын алаңшасының құрылыс-монтажы тамызда басталған, бір айда жұмыстар толық аяқталып, пайдалануға берілмек.
–Спорт қолжетімді болғанда ғана бұқаралық сипат алады. Ал, бұқаралық спортты дамытумен ұлт саулығын нығайта түсеріміз анық. Ол үшін бар мүмкіншілікті пайдалана отырып аулаларымызды дамыта бермекпіз,- деді шаһар басшысы.
Аулаларда түрлі жастағы балаларға лайықты ойын элементтерімен қоса шағын футбол алаңшасы да ашылады.
Айта кетейік, көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңшалары «Халық қатысатын бюджет» жобасы негізінде орнатылуда.
Биыл Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында 59 аулаға спорт және балалардың ойын алаңшалары орнатылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Ал, өткен жылы Әл-Фараби ауданында «Халық қатысаты бюджет» жобасы аясында 17 нысанның құрылысы жүргізілсе, биыл 59 аулаға спорт және балалардың ойын алаңшалары орнатылып, абаттандырылып жатыр. Бұл мақсатқа 1 миллиард 600 миллион теңге қаралған. Келесі жылы тағы 39 жоба жүзеге асырылса, Әл-Фараби ауданындағы барлық көпқабатты үйлердің аулалары 100 пайызға толығымен абаттандырылып бітеді.
Қазіргі таңда қаламыздағы көпқабатты 184 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында тұрғындардың ұсынысымен 101 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне тапсырылуда.
Тоқтар Жақаш