Әлемдік тәжірибені ескердік

29 сәуiр 2016, 15:53

Өткен жылы күзде Жер кодексіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Заң соңғы күндері қоғамда қызу талқылануда. Осыған орай Сенат депутаты, аграрлық мәселелер және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Мұрат Бақтиярұлымен сұхбаттасып, пікірін білдік.

Жас қазақ: Жер кодексіне не себептен, нендей мақсатпен өзгеріс енгізілгенін қарапайым тілмен түсіндіріп берсеңіз?
Мұрат Бақтиярұлы: Жер кодексіне өзгеріс енгізгендегі мемлекеттің көздегені – жерді жекеменшікке беру, капиталдандыру. Жерді өз қожайынына беріп, жұмыс істету. Шынында да, жерді иеленгендер көп, бірақ ол жұмыс істемейді. Бас прокуратураның мәліметі бойынша елімізде 2 млн гектарға жуық жер пайдаланылмай бос жатыр. Соны іске қосу керек. Қазақстан нарық қатынасына көшкендіктен жер капитал болып есептеледі. Бұрынғы заңға сәйкес жерді көп жағдайда 49 жылға дейін жалға бердік. Жаңа заңда жердің тек елімізде тұратын Қазақстан азаматына сатылатыны жазылған. Сатудың нақты тәртібі бар. Сондай-ақ жер шетел азаматына немесе Қазақстан азаматы болып табылмайтын тұлғаға 25 жылға жалға беріледі. Жұрттың түсінбей жатқан жері осы. Ол мерзім біткенде мемлекетке қайтарылады. Себебі жер – стратегиялық нысан. Қандай алпауыт оны жалға алса да, кез келген уақытта мемлекеттің қайтарып алуға мүмкіндігі бар. Бұл мәселені саясиландырудың керегі жоқ. Заңның көздегені – жерді шаруаның қолына беру. «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» дегендей, жекеменшікке өткен жер жұмыс істейді. Заңды қабылдарда әлемдік тәжірибені сараптап көрдік. Біршама елде жер мемлекеттің де, жеке адамның да меншігінде. Біздің барлық жеріміз жекенің қолына өтпейді. Өз басым жердің мемлекеттік те, аралас та, жекеменшік те болғанын қалаймын. Ең бастысы, жекеге қарағанда мемлекет құзыреті жоғары тұруы тиіс. Яғни кез келген уақытта жерге қатысты мәселе туса, мемлекеттің оны қайтарып алуға жоғары құзыреті болуы қажет.
Жас қазақ: Шетелдікке жалға берілген жерді бақылау мәселесі қалай шешіледі?
Мұрат Бақтиярұлы: Дұрыс айтасыз. Осы орайда 10 жыл бұрынғы Тәжікстанның тәжірибесін қарадық. Ол елде көбіне мақта, бау-бақша өседі. Жер жалға берілгенде қытайлар бау-бақша еккен. Жәй келмей, өзінің ГТА (генетикалық түрлендірілген ағза, ГМО) техника, тыңайтқыш және т.б. жерді құртатын нәрсені әкелген. Жердің сөлін сорып алып, 25 жылдан кейін тастап кетуі мүмкін ғой. Сондықтан бұған аса мұқият, зерделеп қарауға тиіспіз. Қандай жер жалға беріледі дегенге келейік. Елімізде 6 мыңға жуық ауыл бар. Ауыл халқы малмен күн көреді. Малын асырауы үшін жайылым жер керек. Қазақ үшін жайылым – ең өзекті мәселе. Жайылымдық жер мүмкіндігінше ортақ болғаны жөн. Осы мәселені Парламентте қайта қарауымыз қажет. Бұдан өзге суармалы, егістік жер бар. Жердің жаңа қожайыны оны игермесе, мемлекетке қайтарып аламыз. Ал бақылау тетігін күшейту үшін заңға түзету енгізуіміз керек. Сол түзетуде жердің құнарын сақтамаған шетел азаматымен, кәсіпорнымен жалдың шартын үзілетіні көрсетіледі.
Жас қазақ: Мұрат аға, жерге қатысты ақпарат ашық жарияланып, түсіндіру жұмысы неге жүргізілмейді? Жерді алпауыт, қалтасы қалың латифундистер иеленіп кетпей ме? – деген сауал көпшілікті алаңдатады.
Мұрат Бақтиярұлы: Дұрыс айтасыз, бүгінге дейін Қазақстанда кімнің, қанша жері бар деген ақпарат ашық жарияланғаны жөн. Жерді сатуға қатысты конкурс ашық, әділ болады. Өз басым жеке алпауыттың монополия жасауына жол бермеу керек деп санаймын. Мысалы, қалада тұратын қалталы адамның ауылдағы жерді сатып алып, жұртты батрак сияқты жұмыс істетіп қоюына мүмкіндік болмауы тиіс. Онымен айналысатын (қарапайым шаруа, фермер, қожалық иесі) өзіміздің азаматқа ғана сату керек. Тағы бір қосып айтарым, жердің үсті ғана жекеменшікке сатылады. Мысалы, егін еккен шаруаның жерінің астынан қазба байлық шықса, мемлекет дереу өз меншігіне қайтарып алады. Жер кодексінде осындай бап бар.

 Сұхбаттасқан Төлен Тілеубай

Астана

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?