Күрмеуі көп түйін

09 қазан 2020, 8:38

«Армения мен Әзірбайжан арасындағы қақтығыста Қазақстанның ұстанымы қандай болу керек?» деген сұрақ қоғамда қызу талқыланып жатқан сияқты. Меніңше, Қазақстан нақты бір жақты қолдап, екінші жақты даттаудан аулақ болу керек. Солай болып та жатыр. Бұл – бір. Екіншіден, әркім өз ойын, өзінің ұстанымын әр түрлі жолмен жеткізуге болады. Жасыратыны жоқ, біздің Әзірбайжанмен тілдік, діндік, достық арақатынасымыз армяндармен салыстырғанда жақсы. Сауда-саттық қарым-қатынасымыз да жолға қойылған. Оны жоққа шығара алмаймыз. Қазақстан Армения мен Әзірбайжанды татуластыру үшін де аз қызмет еткен жоқ. Армения да біздің мемлекеттің бұл қақтығыстағы позициясын түсінеді деп ойлаймын. Өйткені біз Ресеймен тарихи көрші, арақатынасымыз жақсы мемлекетпіз.

Армения мен Әзірбайжан арасындағы 25-30 жылда шешілмеген түйін бір соғыспен шешіле салады дегенге өз басым сенбеймін. Екі мемлекет тығырыққа тірелгенде ғана бұл мәселе өз шешімін табуы мүмкін. Өйткені дәл қазір екі ел де: «Соғыссыз, бейбіт шешейік. Мұнымыз дұрыс емес» деп артқа шегінетін жағдайда емес. Екі мемлекеттің басшылары қоғамдық пікірдің тұтқыны болып отыр. Қызды-қыздымен бұл қақтығыстың салдары христиан мен мұсылман арасындағы, өркениетті таңдау деген сияқты әңгімелерге ұласып бара жатқандай. Кейбір мұсылман елдері, мәселен, Түркия, Пәкістан, Ауғанстан сияқты мемлекеттер Әзірбайжанды ашық қолдап жатса, Арменияға Батыстағы кейбір елдер «тақым қысып» отыр. Минск тобы да армяндардың қолтығына су бүркіп отыр. Олар үзеңгінің екі басын тең басып отыр деп айта алмаймын. АҚШ, Франция, Ресейде армян диаспорасы көп әрі белсенді. Ал АҚШ-та армяндар «Бізді қырып жатыр» деп митингіге шықты. Осының өзі-ақ жария немесе жария емес түрде қай мемлекет кімнің сойылын соғып отырғанын көрсетуде.

Таулы Қарабақ нақты қай елдің жері, кімнің иелігінде болу керек? Бұдан бөлек, Қарабақтан сырт жеті аудан, яғни Армения «отыз жылдан бері қайтармай отырған жердің тағдыры не болады?» – деген сауал бар қоғамда. Әзірбайжанның дәл қазіргі талабы – сол жеті ауданды қайтарып алу. Оның көлемі Әзірбайжан жерінің 5/1 бөлігіне тең. Ал Таулы Қарабақ содан кейінгі әңгіме.
Анығында, Армения (Ұжымдық қауіпсіздік ұйымы шартына) мүше мемлекет. Ал қазіргі Қарабақ Арменияның өзі әлі танымаған, түсініксіз құрылым. Ол армян әскерінің күшімен осы күнге дейін өмір сүріп келген құрылым. Ол анық әңгіме. Дәл қазір Армения соғысқа қатысы жоқ жерден Әзірбайжанға зымыран атып жатыр. Бұл қарапайым есеп. Ертең Әзірбайжан Арменияның ішіне қарай зымыран атса, армяндар «әзірбайжандар бізге тікелей шабуыл жасап жатыр, соғысқа арналмаған жерге оқ атып жатыр» деп жаһанға жар салады. Дәл қазір екі елде ақпараттық соғыс өршіп тұр. Біз олардың не айтса, сонысына сенуімізге болмайды. Бір-бірінің айтқанын жоққа шығарып, бірінің сөзін бірі терістеп жатыр. Сондықтан Қазақстан кез келген ақпаратқа сенбеуі керек. Барынша зерттелген, тексерілген, екі жақ та мойындаған ақпаратқа сенуі керек.
Соңғы отыз жылда соғыс құралдары ауысып кетті. Соғыстың тәсілі, соғыс технологиясы өзгерді. Бұрын танкімен соғысатын жерде қазір ұшқышсыз дрондар ұшып жүр. Мұның бәрі бізге, яғни Қазақстанға сабақ алатын, көп нәрсені аңғартатын жағдай. Түркияның ұшқышсыз ұшатын дрондары Сирия мен Қарабақ соғысында өз нәтижесін көрсетіп жатыр. Демек бізге ойланып қана қоймай, әскери доктринаға өзгеріс жасау керек!

Ал Қырғызстандағы жағдай осыдан он-он бес жыл бұрын басталып, аяқталмаған революцияның жыры. Бұған дейінгі төңкерістерде «халықтың жағдайы жақсарады, бақытты өмір сүреді, жемқорлық түбімен жойылады» деген сенім болған. Түптеп келгенде, бірінші революция да, екіншісі де, үшіншісі де ешқандай нәтиже бермеді. Өйткені жемқорлық жойылмады, контрабанда тыйылмады. Қоғамның ішінде қордаланған мәселе одан сайын жиналып қалды. Халықтың наразылығынан туындаған төңкеріс билікке, мемлекеттік құзырлы органдарға қатысты теріс пікір тудырады. Бұл «өзіміздің билік қой, керек болса, төңкере саламыз ғой» деген пікірдің қалыптасуынан биліктің қадір-қасиеті қалмайды.

Сайлаудың қорытындысы белгілі болмай тұрып, Атамбаевтың жақтастары «алаңға шығамыз» деп жар салған. Екіншіден, қырғыз еліндегі ішкі-сыртқы мәселелер де ықпал етіп отыр. Кедендік одаққа қосылғаннан кейін бюджеті тұралап қалды. Қырғыз азаматтарының көбі шетелде жұмыс істейді. Пандемия бұл елдің жағдайына артық ұпай қосқан жоқ. Керісінше, жағдайдың ушығып кетуіне белгілі бір деңгейде әсері болды. Шекаралар жабылған соң өзге мемлекетте жұмыс істейтін қырғыздар елдеріне оралып, жарты жылдай табыссыз қалды. Ашуға булығып отырған халыққа сайлаудың дұрыс өтпеуі, дәстүрлі партиялардың тағы да мүмкіндіктерін асыра пайдаланғаны, дауыс сату феноменінің пайда болуы теріс әсер етті. Өзгерісті сезінбеген халық көшеге шықты. Барлығы элитаның сапасына байланысты.

Бүгінгі «революциялық билік» деп жүргендері кеше премьер, вице-премьер болған азаматтар. Қырғыз елінің негізгі трагедиясы – биліктің ру мен кландардың қолына өтіп кетуі. Сайлауға елуге жуық партия қатысамыз деген еді. Соның басым көпшілігі рулық, қаржылық, тіпті қылмыстық топтардың айналасына біріккен партиялар. Бұлар ортақ жау шыққанда ғана бір мәмілеге келетін шығар. Қалған уақытта басы бірікпейді. Алдағы уақытта президент және парламент сайлауы өтуі мүмкін. Қырғыз ағайындардан көріп түсінгеніміз, көшенің ықпалында жүрген биліктің қауқары болмайды. Ондай билік өз мойнына жауапкершілік алмайды.

Айдос Сарым,
саясаттанушы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?