Күліп жүріп құртады

17 қантар 2020, 13:15

Алматыдағы Алмалы аудандық сотында мамандар ірі көлемде алаяқтық жасаған бірнеше азаматқа қатысты үкім шығарды. Енді біреулеріне жаңадан қылмыстық іс қозғалды. Өкінішке қарай, алданатын азаматтар азаймай тұр. Біз қоғамды жайлаған дерт жөнінде судья Ернар Қасымбековтың айтып беруін өтіндік. Судья бізге алаяқтардың айласы мен тәтті сөзге сеніп қалған аңғалдар туралы әңгімелеп берді.

Дарханның дәурені

Алматылық Дарханды (есімі өзгертіліп алынды – ред.) көрген кісі оны жібі түзу азаматтардың қатарына қосады. Оған қатысты төрт оқиғаны естіген кісі сенбеуі де мүмкін. Ол тұрмысын түзеу үшін бейтаныс қызбен заңсыз некеде тұрады. Жаны қиналып жұмыс істемеген, дәмді тамақ ішуге дағдыланған Дархан бойжеткеннің сеніміне әбден кіреді. Сүйіктісінің Елордаға қызметке ауысатындығын естігенде, оған тіпті қамқор болып, жылы сөзін де аямайды. Қыздың БМВ көлігі Сарыарқаның сақылдаған аязында жүйткіп жүре алмайтынын, сондықтан jeeр көлігін алуға кеңес береді. Сөйтіп, БМВ-ны сатуға қыздан сенім хат алады. Ақыры көлік көзден балбұл ұшады. Хабарсыз кеткен жігітін әзер тауып, көлігін не ақшасын қайтаруды талап етеді. Оқиға соңы ушыққан соң әлгі жігіті екінші қылмысқа күре жол салуды жоспарлайды. Ақыры jeeр көлігін сатпақшы болғалы жүрген таныс азаматты қақпанға түсіреді. Өте қымбат көліктің 10 пайыз ақшасын беріп, темір тұлпарды бірден астанадағы сүйіктісіне жеткізеді. Көлік көрікті болғанымен, біраз жүрген соң ол қызға ұнамайды. «Ұнамаса, басқасын әперемін», – деп сендірген ол атан түйедей көлікті сатуға алып кетеді. Соңында қыз екі көлікке де зар боп қалады. Осы арада сөзге шебер жігіт jeeр иесінің екінші көлігін де саудалап жібереді.
Бұрын атақты компанияда қызмет істеген Дархан енді кезінде бір бөлмеде екі жыл қызметтес болған танысын айналдырады. Әріптесіне жалақысы жоғары жұмыс тауып бермекші болады. «Мекемедегілердің бәрін танимын. Жеке кабинетің, жеке хатшың болады. Жалақысын мен айтпайын, сен сұрама» деген алаяқ ана жақтағыларға 20 миллион теңге беру керектігін құлаққағыс жасайды. Танысы таңдайын қаға отырып, туған бауырынан 20 миллион теңге алып беруге кіріседі. Ақшаны алып келген ол Дарханнан қолхат талап етеді. Сол қағаз ғана Дарханның дәурені біткенін айғақтап берді. Ал лауазымды қызмет пен қомақты жалақы бос сөз боп шықты.
Тіпті оның бұрын прокурор болып істеген азаматты да сазға отырғызғанын кез келген кісі білмейді. Бұрынғы таныс прокурорға: «Мен біреуге 300 миллион теңге қарыз едім, соны төлеуге жәрдем беріңіз. Берген ақшаңызды аз уақытта үстемесімен еселеп қайтарамын», – дейді. Зардап шегуші азамат танысының үстеме ақшаның қомақтылығына іші жылып қалады. Осы тәсілмен бұрын қарыз болған азаматтарға берешегінен құтылып, екінші жолмен ақша жасауды ойластырады. Осылайша прокурор арқылы бар қарызын жапқызады.
Жылпос жігіттің барлық әрекеті аса ірі көлемдегі қылмыс қатарына жатады. Оның сүлікше сорған қаражаты Қылмыстық кодекс бойынша 4 мың айлық есептік көрсеткіштен асып кеткен. Бұл шамамен – 11 миллион теңге. Алаяқ жігіт бір оқиғаның барысында 50-60 миллион теңгені қалтасына салып отырған. Ол сот барысында кінәсін мойындамауға тырысты. Дегенмен, жәбірленушілерге жазып берген қолхаты, ватсаппен жазған аудиожазбалары оның кінәлі екендігін дәлелдеді. Бір емес, екі адвокаты бұл істі азаматтық-құқықтық қатынастарға ауыстыруға тырысты. Алған ақшасын қарыз қатарына жатқызбақшы болды. Ал мына жағдайда ол қарыз боп есептелмейді. Осы іске қатысы бар ағасы Америкада қашып жүр. Тіпті қамауда жатқанда адвокаттары екі рет арыз жазып, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатуды сұрады. Сотқа өздері әкелетіндіктеріне кепілдік берді. Күдіктіні «денсаулығы нашар еді» деген де шағым айтылды. Мұндай жағдайда дәрігерлік көмек кез келген жерде көрсетілетіндігін хабардар еттік. Қысқасы, қылмыскерді құтқаруға қанша әрекет жасалғанымен, оған мүмкіндік берілмеді. Қылмыс жасадың ба, жаза тартасың. Соттағы әділдік осындайдан басталады.
Күдікті жәбірленушілердің қарызын төлеп беруден бұрын кешірім де сұрамаған. Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы – аса ірі көлемді алаяқтық жасау және ағасының қатысуы, сондай-ақ белгілі бір адамдармен алдын ала сөз байласу белгісі бойынша 6 жыл 8 айға сотталды. (Негізі 5 жылдан 10 жылға дейін). Орташа режимдегі түзеу мекемесінде жазасын өтеуде. Кез келген материалдық залалдың барлығын сотталушыдан жәбірленушілердің пайдасына өндіріледі. Осы жерде неге 6 жыл 8 ай деген сұрақ туындайды. Себебі Қылмыстық кодекстің 55-бабына сәйкес жазасын ауырлататын мән-жай болмаса, тең жеңілдететін жағдай болса, онда жаза мерзімі осы көрсетілген мерзімнің 3-тен 2-інен аспауы керек. Осы жағы ескерілген. Бұған сотталушы да, туыстары да наразы болды. «Өте қатал жаза» деп есептеді. 5 жылға соттау ұсынылды. Олар қалалық сотқа шығымданғанымен, заң өзгеріссіз күшінде қалды.

Есімі Жайна, тілі майда

Қаралып жатқан қылмыстық істің тағы біреуі, тіпті қызық. Кезінде үлкен мекемеде қызмет істеген Жайна есімді қыз (есімі өзгертіліп алынды – ред.) жұмыстан шығып қалса да, таныстарына сол жерде істейтіндігін айтып жүреді. Бірде танысына «бір жерден тендер шығып тұр, егер маған 10 мың доллар әкеп берсең, екі айдан соң 15 мың доллар етіп қайтарып беремін» дейді. Алғашында 10 мың доллар берген танысы екі айдан соң 15 мың долларды қолына алғанда, өз көзіне өзі сенбейді. Бұл ынталандыру әлгі кісіні, тіпті қызықтыра түседі. Бірде өзі телефон шалып, 15 мың доллар берсе, қанша еселеп қайтаратынын сұрайды. 23 мың доллар! Арада екі ай өткенде мұны да қолына алғанда, көзі оттай жанған азамат өзі түгілі таныстарын да еселеп ақша жасауға тартады. Әрқайсысы 100-150 мың доллардан ақша ұсынады. Ең көбі 350 мың доллар қомақты қаражат салғанда, күдікті хабарсыз кетеді. Осылайша, ондаған азаматқа 1,5 миллион доллар көлемінде залал келтіреді. Қазір осы іске қатысты сот аяқталуға таяу.
Негізінен, әйелдер алаяқтық барысында әдемілігін жиі пайдаланады. Алдыңда ер мен әйел қатар тұрса, әрине, әйелге сенім артатындар көп. Бұл жолы да солай болған. Тіпті әркім бір кіре алмайтын бұрынғы қызмет орнының табалдырығын еркін аттап жүрген соң, бұл аруға сенім, тіпті күшейеді. «Алтын табақпен» ақша әкеліп жүргендерден бұл қалай бас тартады? Ал адамдар заңсыздыққа өздері жол беріп, артынан аһ ұрып қалады. Қазір әлеуметтік желілерде күнде жарияланып жатқан ойындар заңсыз, алаяқтық қатарына жатады. Алайда күндердің-күнінде атақты адамдардың өзі темір торға қамалып жатса, оған еш таңғалмаңыз. Соған қарамастан, елді еліктірудің, желіктірудің жолы жабылмай тұр. Олардың арасында Жайнаны жолда қалдыратындары да болуы мүмкін.

Жұмыс іздегендер жолда қалды

Тезірек баюға бел буған жігіттердің бірі – Асхат Сәбитов. Қызылорда облысының Қазалы ауданында туып-өскен. Алматыда жұмыс істейді. Бірақ жалақыға жари қоймаған соң, өз бетінше ақшасы көп жұмыс іздейді. Тіпті табылып жатса, шетелге кетіп қалтасын қомпайтқанды жөн көреді. Сөйтіп жүргенде жас жігіт танысы Әйгерім Құлықбаева екеуі әлеуметтік желілерде жарияланған жарнаманы ұнатып қалады. Әлемнің дамыған елдерінен жалақысы жоғары жұмыс тауып беруге уәде еткен «Ортокласс» компаниясына хабарласады. Бұл туралы өзі былайша баяндап берді: «Ольга Кузьмищеваның басшылығымен жұмыс істеген топ бізді қабылдау барысында өз қызметтерімен қатты қызықтырды. Жайлы жер, қомақты ақша табуға болады. Біз секілді 70 шақты азамат та шетелге кетуге өтініш берген екен. Әрине, бұл алаяқтық екенін кейін білдік.
Данияға барып жұмыс істеу арманымыз еді. Ольга Кузьмищеваны жақсы танимын. Ол менің ұсынысымды қолдап, көмектесетіндігін айтты. Әйгерім кеңес алу үшін 1 шілде күні арнайы барды. Ольга, Темірлан және Равшан компанияларының артықшылығын айтып берді. 45 күн ішінде жұмысқа орналастыра алмаса, барлық қаражатты толық қайтаратындықтарына кепілдік берді.
Әйгерім де, мен де Ольга Кузмищевамен келісімге қол қойып, 1 332 000 теңгемізді санап бердік. Құжат жинай беруді тапсырған таныс та бейтаныс қыз жақын арада хабарласатындығын айтады.
Құжат әзір болған соң Данияға кететіндігімізді, тіпті тұратын жер мен тіркеуді де әзірлейтіндіктерін жеткізген Ольга содан хабарсыз кетті. Тек бірде телефон шалғанда виза беру орталығына келуге ұсыныс жасады. Бұл жерде оның таныстары виза мен жұмыс орны және банктен ашылған есепшот туралы құжатты қолдан жасап қояды. Ақыры Даниядан, бірақ шығады. 18 шілде күні бөгде елге түнделетіп жеттік. Қонақүйге орналастық. Осы жерде жұмыс берушілер келіп, олар болашақ жұмыс орнына алып кетпекші болған.
Алайда арада бір апта өтсе де, ешкім хабарласпады. Былайша айтқанда, далада қалдық. Біз телефон шалғанымызда ұйымдастырушылар жұмыс орнында басшылық ауысып жатқанын, күте тұруды ұсынды. Ақырында хостелге орналасып, сол жерде 12 күн күтеді. Визамыз 4 тамызда бітетіндіктен елге қайта оралдық. 5-і күні бірден офиске барғанымызда Ольганың өзі қарсы алып, енді Норвегияға баруды ұсынады. Одан бас тартқанымызда тиісті қаражатын 30 күнде қайтаратындықтарын айтты. Ақша да жоқ, басқа да жоқ болған соң полицияға шағымданатынымызды айтып, компанияны аяғынан тік тұрғыздық. Олар мұндай жағдайда ақшаны мүлде қайтармайтындықтарын айтты. Ақырында сотқа жүгіндік. Біз секілді алматылық 70 азаматтың шағымы сотта жатыр».
Осы мәселеге қатысты бізге түсініктеме берген сот мамандары «Ортокласс»-тың орнын сипап қалғандардың бәрі ірі мөлшерде қаражаттарынан айырылғанын айтады. Шетелге барып шаш етектен табыс табамыз деген жұрттың бір бөлігі енді сот жағалап жүр. Ал Ольга болса, қолхатпен үйінде отыр. Жалпы саны 300-ге жуық азаматты сазға отырғызған компанияға қатысты қылмыстық істің алғашқы отырысы өтті. Кінәлілердің қаншалықты жазалатынын уақыт көрсетеді.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?