Күйі кеткен кино үйі

27 қараша 2020, 12:03

Заманауи сәулет туралы сөз қозғағанда «фасадизм» ұғымына тоқталмасқа болмайды. Бұл – тарихи ғимараттың сыртын сол қалпында сақтай отырып, ішін түрлендіретін тәсіл. Мәселен, он сегізінші ғасырда іргесі қаланған Мадридтегі София патшайымның өнер орталығы кейін мұражайға айналды. Нью-Йоркте бірнеше ғасырдың куәсі болған көп нысанның сырты бүтін көрінгенмен, іші кеңсеге айналған мысалдар жетіп артылады.

Осыдан төрт жыл бұрын Алматыға Франциядан әйгілі өнертанушы, сәулет тарихшысы Жан-Луи Коэн келіп, қазақстандық суретшілер, қала құрылысының басы-қасында жүрген адамдармен кездесу өткізді. Басқосуға дейін шаһардың келбетімен танысқан тісқаққан маман әңгіме барысында Алматыдағы тарихи ғимараттардың көбін жөндеуден өткізгенде «асыра сілтеушілік» болғанын қынжыла жеткізді. Тілге тиек еткен тізімінде бұрынғы Үкімет үйі, «Арасан» моншасы, Республика сарайы бар. «Уақыт талабына сай жөндеу жүргізілгенмен, бұрынғы қайталанбас келбетінен айырылса, мұндай ғимараттардың еш құндылығы болмайды, сондықтан барынша сақтау керек» деген байламын айтты. Өзіміз емес, өзгенің сары уайымға салынып, жаны ашығаны, ақылымен бөлісуі бізге сын. Оны тыңдар құлақ болса ғой, әттең. Әйтпесе, жанашыр атқамінерлер Абылайхан көшесінің бойында орналасқан Балалар мен жасөспірімдер театры ғимаратын жермен-жексен етіп, орнына көп қабатты тұрғын үйдің бой көтеруіне рұқсат берер ме еді? Алматының сәулетіне алаңдайтын әкімдік қанша жылдық тарихы бар «Алатау» кинотеатры сүрілгенде «ай қарады ма» деп еріксіз кіжінесің. Қазір ол жерде фаст-фуд орталығы қызу жұмыс істеп тұр. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполиске ресми сапарымен келгенде мұндай орны толмас олқылыққа жол бергендерді қатаң сыңға алып, Алматы сәулетіне селсоқ қарамауға қатысты батырып айтты.

«Алатау» кинотеатрының басына туған күнді Алматыдағы Кино үйі де кешіп, бірнеше жылдан кейін «жаралы» күйінде осы апта қайтарылды. Бәрін ретімен баяндайық.
Бұл нысан әу бастан Қазақстан Кинематографистер одағының еншісінде еді. Даудың басы 2015 жылы басталды. Кинематографистер одағы төрағасының бірі кетіп, екіншісі келеді. «Одақ шығынын жабамын» деген желеумен ол ғимаратты жалға береді. Сорақысы сол, өнер майталмандары түрлі тұсаукесер, кинокөрсетілімде бас қосатын орын көгілдірлер сауық салатын гей-клубқа айналып шыға келді. Қарашаңырақтың содан бері табалдырығын аттай алмаған өнер иелері бүгінге дейін өгейдің күйін кешті. 60 жыл бұрын Дінмұхамед Қонаевтың рұқсатымен Шәкен Аймановтың өзі ашқан киелі орданың жын-ойнақтың ортасына айналуына рұқсат берген басшы өнер киесінен қорықпай осылайша талан-таражға салып, ғимараттың дал-дұлы шығуына көз жұма қараған. Мұндай бассыздыққа шыдамаған режиссер, актерлер сотқа жүгініп, екі жарым жыл бойына әділдік үшін күресіп, ақыры жеңіске жетті. Біздің сұраққа толқи жауап берген Кинематографистер одағының қазіргі төрағасы, режиссер Ермек Тұрсынов бұл жеңістің оңайшылықпен келмегенін айтты: «Бұл жолы сот ғимаратты ашып беріңдер деген шешім қабылдады. Үш рет аудандық сотта жеңдік. Содан кейін аппеляцияға бергеннен кейін екі рет қалалық сотта жеңіп шықтық. Толық жеңдік деп айта алмаймыз. Бірақ бір төбелесті жеңіп алдық. Соғыс әлі жалғасып жатыр. Бұл ғимаратқа студент кезімнен бастап келетінмін. Фильм көріп, түрлі адамдармен кездесетінбіз. Ұзақ уақыттан кейін өз үйіме оралғандаймын. Бұл жай ғана ғимарат емес. Оның тамыры тереңде жатқан тарихы бар. Енді бұл жерді қайтадан қалпына келтіру қажет».
Асанәлі Әшімов бастаған кино майталмандары ұзақ уақыттан кейін Кино үйінің табалдырығын имене аттады. Бірақ іштегі көріністі көріп, төбесінен жай түскендей болды. 400 орындық кинозал жұттан шыққан ауылдың күйін кешкен. Жалға алушылар үлкен экраннан бастап, барлық техниканы қиратып, таратып жібергенге ұқсайды. Бірнеше жылдан бері түлкібұлаңға салынған іс Қазақстан Кинематографистер одағын әбден әбіржітті. Өйткені ұйымның аты болғанмен, оның мүшелері отыратын орын болмады. Осыдан барып, қазақ киносының дамуы туралы қалай сөз қозғаймыз?

Халық әртісі Асанәлі Әшімов бізге берген сұхбатында киноның алға басуы үшін алдымен қарашаңырақты «тірілту» керек деген пікірімен бөлісті: «Мұндай орталық шығармашылық адамдарына керек. Сценарий талқылауға, өз ойымен бөлісуге. Кезінде туындылардың сапалы шығуына осындағы кездесулердің әсері болды. Кешке жақын әңгімелесуге осы жерге келуші едік. Қонақтарды осында қарсы алатынбыз. Мұндай үй керек қой. Өкініштісі, қазір мұнда жарық та, жылу да жоқ. Талқанын шығарып, бәрін бұзып кеткен. Соның бәрін енді жөндеу қажет. Демеушілер тартсақ та, бұл жерді жөндеуге тиіспіз. Қазір киноны көрсететін жер де қалмады ғой. Жігіттерге рахмет, өлермендікпен жеңіп алды. Ақсақалдар оларға рахмет айтады!»

Жалға алушылар мұнда бес жыл бойына түнгі сауық өткізген. Қаншама қайраткер сөз сөйлеген, түрлі туындыны тамашалаған кинозал осыншама уақыт бойы көгілдірлердің ойнақ салатын ордасы болған. Ғимаратты кері қайтаруға киногерлердің үш жылға жуық сот табалдырығын жағалауына тура келді. Бассыздыққа жол берген одақ басшысы содан бері бірнеше рет ауысты. Олармен соттасу әлі жалғасып жатыр. Жалға алушылардың өзі тілшілермен тілдесуден ат-тонын ала қашты. Қарсы тараптың әлі де берілгісі жоқ. Тоқетерін Жоғарғы сот айтады деп, солардың әділдігіне жүгінбек ойлары бар көрінеді. Бір жеңіске жеткенмен, енді киногерлердің алдында тағы бір қиын асу тұр. Кино үйінің қазіргі күйі кеткен. Ғимаратты қайта қалпына келтіруге қыруар қаржы керек. Ал одақтың есебінде көк тиын жоқ. Көңілде «қала атқамінерлері көмек қолын соза ма» деген үміт оты бар. Себебі Кино үйі – тек осы сала саңлақтарының ғана емес, алдыңғы кезекте қала бақылауында, қорғауында, қолдауында болуы тиіс тарихи ғимарат. «Алатау» кинотеатры «аруағының» алдында арын тазалау үшін ең болмаса жалғыз тал Кино үйін құтқаруға құлық танытар деп сенейік.

Асқарбек Қазанғап

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?