«Көзім ашылып, түнектен шыққандаймын»

17 тамыз 2018, 16:43

Орал қаласының тұрғыны Қанат Хамитов (есімі өзгертіліп алынды) діни теріс ағымға еріп, жиһадқа кетуді мақсат етіп, оңбай адасқан азаматтардың бірі. Ол терроризмді насихаттағаны үшін айыпталып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Жуырда бостандыққа шыққан Қанат «Өз басым түрмеден шыққан соң, өмірге қайта келгендей болдым. Ханафи мәзһабын ұстанушылар көбейіп, мешіт жамағаттары ынтымаққа бет бұрыпты. Өзара мәре-сәре болып, емен-жарқын араласады екен. Татулықтың күшті екенін ауызашар кезінде көріп жатырмын. Жамағат ешкімді жатсынып, бөліп-жарып жатқан жоқ», – дейді. Бүгінде қателігін түсінген Қанат жастардың жат ағымның жетегінде адаспауы үшін діни білімді мешіт пен теологтардан алу керектігін айтады.

2002 жылы намаз оқуға ниет еткен ол мешіт ұстазынан сабақ ала бастайды. Сөйтіп көп кешікпей Әбу Ханифа мәзһабымен құлшылықты бастаған. Бірақ намаз оқуды жаңа ғана бастаған діни сауатсыз жастарды бағып, өз қатарына қосып алуды мақсат еткен псевдосалафилердің қармағына түсіп қалады. Олардың уағызын тыңдаған Хамитов өзінің қалай теріс жолға бұрылып кеткенін байқамай да қалған.
Қ.Хамитов «Уақыт өте келе «жол көрсетуші» теріс ағым өкілдері табылды. Басында олардың ұстанымымен келіспей жүрдім. «Баламды да Әбу Ханифаша оқытам» деп ойлаған едім. Кейін олардың уәжі мені иландыра бастады. Айтқандарының бәрі дұрыс сияқты көрінетін. Қазақтардың Түркістанға барып, әулиелердің аруағына сыйынып жатқанын «адасушылық» деп теріске шығарды. Осындай қате үгіт-насихат дәстүрлі мәзһабты тәрк етіп, сәләфизм бағытына түсуіме әсер етті», – дейді.
Олар Қанатқа жиһад туралы да айтады. Өзі де осы бағытта интернет қопарып, ниеттес адамдарды іздей бастаған. Сөйтіп 2007 жылы шешендердің бүлікшілер тобының жетекшісі Докка Омаровпен байланысады. «Ауғанстанда «жиһад парызын орындап жүрген» екі шешен жігітімен mail.ru-дың «Агент» әлеуметтік желісі арқылы байланысқа шықтым. Олар әскери қызметін адал атқарып жүргенін айтып, мені Ауғанстанға шақыра бастады», – деп ол мән-жайды арыдан қозғады.
Ақырында олар Қанатпен кездеседі. Хасан деген шешен жігіт Хамитовпен кездесу үшін әдейі Орал қаласына келіпті. «Мен уәде беріп қойған соң, кездесуге бардым. «Ислам жолы – жиһадқа шығу парыз екенін» айтып, бірге кетуге үгіттеді. Саяси ұстанымын, Докка Омаровтың сарбазы екенін айтты. Бірақ оның әңгімесіне аса сене қойған жоқпын» дейді.
Бірақ Қанаттың қасындағы оралдық теріс ағымдағы жігіттер: «Қазақстанға хақ дін жаңадан келді. Бұрын араб елдерімен тікелей қарым-қатынас орнамаған себепті ата-бабаларымыз нағыз дінді білмеді. Қазақтар Құран оқып, намазға жығыла тұра, діни ілімі терең болмағандықтан тура жолда болмады», – деп үйретіпті. Есіл-дерті жиһадқа ауған Хамитов Ауғанстанға кетіп, «шаһид» болып өліп, жәннатқа түсетініне қатты сенеді.
Қ.Хамитовтың ұстанған бағытының қате екенін құқық қорғау органдары бірнеше рет ескерткен. Алайда бағытынан, ұстанымынан қайта қоймаған ол ақыры темір тордың ар жағынан бір-ақ шығады.
Қанат Хамитов «Менің қателігім – интернет арқылы діннің дұрыс-бұрысын ажыратпай, өз бетімше үйренуім болды. Докканың уағызын көп тыңдадым. Отбасымда және туыстармен кездескенде дастархандағы етті жеуден бас тартатынмын. Әруаққа құран бағыштауды, намаздан соң тәспих тартуды мойындамадық. Жиһадқа шығуға аңсарым ауды да тұрды. Мұның радикалды идеологияның әсері екенін білмедім. Ең алдымен, дұрыс қарым-қатынасты өзімізден, отбасымыздан бастауымыз керек екен. Өзгенің қолымен шоқ көсеп отырып, жат елдегі отты өшіруге құмар болу – адасушылық. Бүгінде көзім ашылды, Сирияның лаңкестік ұясына, тіпті, белгісіз күштердің шайқасына арналған сынақ алаңына айналғанынан хабардармын. Онда түрлі мүдде қақтығысып жатыр. Ел жік-жікке бөлініп, ислам жолында деп есептелінгендер бір-бірімен соғысуда. Қан судай ағып, адам өліп жатқанын БАҚ арқылы көрудеміз. Содан мұның исламға үш қайнаса да сорпасы қосылмайтынын білдім. Бұл қантөгістің жақсылыққа апармайтынын, мұның бәрі алпауыттар арасындағы сорақы саясат екенін түсіндім», – деп өкінішін баяндап берді.
Темір тордың ар жағында жазасын өтеп шыққан жігіт сәләфизм жамағатының түрлі тармаққа бөлініп кеткенін, ал кейбіреулері томаға-тұйық өмір сүріп жатқанын айтады.
Хамитовтың бір тілегі бар. Ол өзі сияқты қателікке ұрынып, жазасын өтеп, бостандыққа шыққан жігіттер үкіметтің арнайы тағайындаған бір реттік қаржысын қолына алса екен дейді. Қанат «Көбі баспана, жұмыс таба алмай жүріп қалады. Сол себепті тұрмыстан қиналып кеткен кейбірі қайтадан жат ағымға оралуға, көзқарасын қайтадан өзгертуге мәжбүр болып жатады. Сондықтан үкімет тарапынан қоғамға бейімделіп кеткенше әлеуметтік қызмет тағайындалса екен» деген ойын айтты.
Интернет арқылы білімін ашып, теріс ағым иелерінің уағызын тыңдап, дұрыс жолдан адасып, жиһадқа барып шаһид болуды аңсаған Хамитовтың о бастағы көзқарасы мүлде өзгерген.
Ол: «Жиһад дегенді мен бүгінде өз нәпсіңмен күресу, ғылым-білімге ұмтылу деп түсінемін. Еліміздің өркен жайып, дамуына үлес қосуымыз керек. Білімді ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Мұнайымызды өзіміз өндіретін технологияға қол жеткізіп, жерімізді шаруашылыққа дұрыс пайдалануға ден қою қажет. Бүгінде құрылыс саласында жеке кәсіпкерлікпен айналысатын жігіттермен нәпақа табудамын. Сұрақ туындаса, мешіт имамдарынан, теологтардан сұраймын. Бұрынғыдай емес, білімді мамандар көбейген. Кейде мешітке республикалық ақпараттық-түсіндіру топтары келсе, білікті дінтанушыларға арнайы барып жолығып, сұрақтарыма жауап аламын. Алдағы уақытта діни танымымды тереңдеткім келеді», – деп сөзін түйіндеді.

Түйін

«Адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң» дейді дана қазақ. Өзінің айтуынша, сүттей ұйыған отбасында, қызын қияға ұшырып, ұлын ұяға қондырып, өмірін дұрыс арнаға бұрған Қанатқа біз сендік. Ылайым, әрбір қазақ шаңырағы ата-баба жолынан таймай, салт-дәстүрін ұстанып, ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап, ділі мен тілін сақтап, исламның асыл қағидаларын бұзбаса екен деген тілектеміз біз де!

Ұлдай САРИЕВА,
Батыс Қазақстан облысы

26 желтоқсан, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?