Көштің басын Көкшеге бұрса…

03 қараша 2017, 15:38

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қойып отырған маңызды міндеттердің бірі ішкі көші-қон процестерін реттеу және еңбек ресурстарының теңгерілімділігін арттыру, халықты біркелкі жайғастыру мақсатында еңбек күші көп аймақтан еңбек күші жетіспейтін солтүстік өңірге көш басын бұру – өте маңызды қадам.

Бағдарлама бойынша оңтүстіктен солтүстікке өз еркімен көшіп келгендерге баспана, тұрақты жұмыс ұсынылуда. Көшуге кететін шығын үшін әр отбасы мүшесіне 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаражат төленеді. Үйді бір жылға жалға алу үшін қаржылай көмек көрсетіледі. Әр отбасыға 34 мың теңгеден 68 мың теңгеге дейін субсидия беріледі. Егер бір адам көшіп келген болса оған пәтерақы ретінде 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек көрсетіледі. Ал егер отбасында 3-4 адам болатын болса, олардың әрқайсысына 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төленеді. Жалпы бағдарлама бойынша тұрғын үй кезегіне қойылады. Мәліметтерге қарағанда, қазірдің өзінде солтүстік өңірге 19 мың адам көшкен.

Бұл әбден ойластырылған шаруа. Ұлттық және халықаралық сарапшылармен ұлттық экономика министрлігі орын алып отырған жағдайды мұқият елеп-екшеп, халық санағын жүргізген. Халықтың 38 пайызы оңтүстік өңірлерде қоныстанғаны белгілі болып отыр. Ал солтүстік аймақтағы халық саны небары 17 пайыз ғана. Тағы бір мынадай мысалды келтіре кетуге болады. Оңтүстік облыстарда 100 сәбиге 12 қариядан келетін болса, солтүстік өңірлерде 100 сәбиге 53 қариядан келеді. Яғни қазірдің өзінде еңбек ресурсы мәселесі туындап отыр деген сөз.
Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәліметтерді саралағанда, оңтүстік халқының 0,7 пайызы Солтүстік Қазақстанға, 1 пайызы Қостанай облысына, 1 пайызы Павлодар облысына көшкендігі белгілі. Ересек адамдарды көшірумен бірге, жастарды «Серпін» бағдарламасы арқылы оқуға жіберу де маңызды. Осы жерде оқып, білім алған олардың күні ертең тұрақтап қалуы әбден ықтимал. Облыстық «Арқа ажары» газеті өңіріміздегі кәсіптік-техникалық білім саласында білім алған жастардың алғашқы легі жүз пайызға жуық өз өңірімізде жұмысқа орналасқаны туралы жазған болатын. Демек, бағдарламаның нәтижесі осы мысалдан-ақ көрініп тұрған жоқ па?
Облыс аудандары оңтүстік өңірден көшіп келушілерді қабылдауға орай дайындық жасаған екен. Бірақ аяқсыз қалған. Біздің облыс республикалық бағдарламаға енгізілмеген. Ал енгізілуі керек еді. Жоғарыда шағын ауылдардың облыс картасынан жоғалып кету қаупі туып отырғандығын айттық. Тарап кету қаупі төніп отырған ауылдар біреу емес, бірнешеу. Ондап саналады. Егер көштің басын Көкшетауға бұрса, біз сол арқылы ата қоныстағы шағын ауылдарымызды, сол ауылдардағы мектептерді, мәдениет ошақтарын, фельдшерлік-акушерлік пунктерді, басқа да ғимараттарды сақтап қалар едік. Қазір ауылды мектеп сақтап отырғандығы баршаға белгілі. Ал мектепті сақтап қалатын көшпен ілесе келген халықтың оқушы балалары болмақ. Алдын ала түзілген тізімге әр ауданға қандай мамандар қажет екендіктері көрсетілген. Мәселен, Ақкөл ауданының орталығына, Азат, Наумовка, Урюпинка селоларына құрылысшылар, медбикелер, спорт жөніндегі әдіскерлер, сондай-ақ көптеген мектептерге пән мұғалімдері қажет екен. Ал Бұланды ауданындағы білім ошақтарының қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін сыныптарына физика, география, математика, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері және дәрігерлері керек. Осы аудандағы Отрадное, Алтынды, Шұбарағаш, Айнакөл, Тастыөзек, Воробьевка, Алакөл, Жаңаталап ауылдарындағы орта мектептер жоғарыда аталған мамандықтар бойынша сабақ беретін мұғалімдерге сусап отыр. Бұл аудан 25 отбасын қабылдауға әзір. Егіндікөл ауданының «Ушаков агро» серіктестігі айына 150 мың теңге еңбекақы төленетін механизаторға, 90 мың теңге төленетін жүк көлігінің жүргізушісіне, 70 мың теңге төленетін малшыға, 160 мың теңге төленетін комбайнерге зәру. Ал Еңбекшілдер ауданына рентгенолог, дерматолог, офтальмолог, хирург, мамолог, онколог, нарколог, психиатр, фармацевт дәрігерлер қажет. Ерейментау ауданында мұғалім, дәрігерлермен қатар, механизаторлар, малшы мен жылқышы, ауыл шаруашылығының жұмысшылары жетіспейді. Аудандағы «Жұмай», «Атамекен Аққу» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қолына құрық ұстайтын малшы таба алмай отыр. Міне, осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Біз теріп алған мысалдар, ел ішінде жұмыстың барлығын, мамандардың жетіспейтіндігін көрсетеді. Демек, оңтүстіктен ескен леп облыс экономикасын көтеруге септігін тигізетіні анық. Қаймағы бұзылмаған қазағы өңірден келген ағайындар тілімізге де, рухани әлемімізге де мол әсерін тигізер еді.

Ендігі бір ұсыныс көштің басын Ақмола облысына бұрғызу. Сөйтсек, демографиямыздың демігуі басылып, дертінен арылып, халық саны үстемелеп, көбейер еді. Бала саны жетпей, жабылып жатқан мектептеріміз аман қалар еді. Мектеп ауылды сақтар еді.

Жасыратыны жоқ, жер емшегін емген оңтүстіктің еңбекқор жұртынан үйренеріміз аз емес қой. Елбесіп-селбесіп жақсысын үйреніп, дәстүрімізге қосып, дастархандағы дәмді молайтар едік. Ол үшін көшіп келушілерге әр ауданның әкімдігі баспанасын сайлап, жұмысын дайындап, ауылға арналған «Алтын асық», «Құлан» тәрізді бағдарламалардың жай-жапсарын насихаттап, жеткіншектерін мектепке орналастырса болғаны.

Байқал БАЙӘДІЛОВ

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды