Алматы – Бішкек тас жолында құйындай жүйткіген көлік 31 жастағы келіншекті қағып кетті. Қайғылы оқиғадан кейін өре түрегелген Мыңбаев және Қасымбек ауылының тұрғындары тас жолдың бойындағы жүргіншілер жолағы бірнеше жылдан бері «өлім жолына» айналғанын айтады. Өйткені дәл осы маңда бір аптаның ішінде екі адамды көлік қағып, қаза тапқан. Сол үшін де тұрғындар тезірек жол үсті өткелін салып беруді талап етуде.
Адам өмірін жалмаған қайғылы оқиға 2 наурыз күні Алматы-Бішкек тас жолында болған. Жүйткіген көлік рұқсат етілген жерден өтіп бара жатқан жолаушыны бірнеше метрге ұшырып әкетіпті. Қапыда ажал құшқан Баян Жүнісбекова сол сәтте жұмыстан үйіне келе жатқан екен. Қайғыдан қан жұтқан туысқандары марқұмның соққыдан сынбаған сүйегі қалмағынан айтады. Жақында декреттік демалыстан шыққан 31 жастағы келіншектің артында аңыраған жолдасы мен екі қызы қалды. Балалардың үлкені 3 жаста, ал кенжесі әлі емізулі екен.
Марқұмның қайнысы Берікжан Перенов: «Мамам қайда деп іздейді. Қайдан тауып береміз мамасын. Енді ғана жұмысқа шығып, бір ай болған еді осы Фабричныйда жұмыс істеп жүргеніне. Қағып кеткен балаларды көрдім кеше. 20 жасар баланың жүргізуші куәлігі түгілі, төлқұжаты жоқ», – дейді.
Айдың-күннің аманында жақынынан айрылған туысқандары марқұмды қара жер қойнына тапсырды. Қаралы отбасы кінәлілер заң бойынша жазаланғанын қалайды.
Ал Мыңбаев және Қасымбек ауылының тұрғындары қос ауылдың тұсындағы жаяу жүргіншілер жолы алты жылдан бері «өлім жолына» айналғанын айтады. Бір апта бұрын ғана осы жерден өтпек болған жап-жас мұғалім қызды көлік қағып, ол да мерт болған.
Қасымбек ауылының тұрғыны Ермек Жақыпбеков: «Оның алдында Мыңбаев ауылынан кетіп бара жатқан жас келіншек пен баланы қақты. Олар да өліп кетті. Бұл жақта тәртіп сақшылары жоқ. Жол ережесі бойынша жаяулар өтпесін деген белгі екі жүз метр алдында тұру керек. Ол жоқ бұл жерде. Жылдамдықты шектеу деген де жоқ», – дейді ашынып.
Қауіпті жолақтың зардабын тартқандар талай мәрте әкімдікке шағымданып, тас жол бойында жер үсті өткелін салып беруді өтініпті. Бірақ сөзбұйдаға түскен уәде сол күйі орындалмаған. Жергілікті шенеуніктер өткелдің құрылысы биыл ғана басталғанын айтып ақталады. Оның жұмысына республикалық бюджеттен 180 миллион теңге бөлініпті.
Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Абзал Нұрпейісов: «Жол үсті көпірдің құрылысы қазір жүріп жатыр. Осы 2022 жылдың қараша айында аяқталады. Ауыл тұрғындары жылдамдықты өлшейтін, машинаға айыппұл келетін камера қойып берсеңіздер дейді. Ол сауалды мен жазып алдым. Республикалық жол болғаннан кейін «ҚазАвтоЖол» мекемесіне және облыстық Полиция департаментіне хат жолдадық. Жақында камера орнатып беруі керек», – дейді.
Ал тұрғындар көпір құрылысын жеделдетуді талап етеді. Қарашаға дейін қара жолдың бойында қанша адамның опат болатынын кім білсін?
Қос ауылдың тұрғындары апат жиі болатын жол бойында қой сойып, құран бағыштады. Қолдан келгені сол.
Диас Нұрақын