Көмір қымбат Көгілдір отын жоқ

09 қазан 2020, 8:58

Қысы ұзақ Көкшетау өңірінің жауындатып, дауылдатып қоңыр күз жеткенде алаңдайтын сойылдай екі мәселесі бар. Екеуі де қыстың қамы. Біріншісі – мал азығы болса, екіншісі – отын, көмір. Қыс райы қалай болар екен деп, аспан қабағын бағады. Биыл да солай.

Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Иван Юрченконың айтуына қарағанда, біршама дайындық жасалған. Әлі де шаруаны ширата түсу керек. Көмір базаларындағы өткен жылғы көрініс қайталанбаса, болғаны. Ақмола облысына жыл сайын 1,4 миллион тонна көмір қажет. Оның 730 мың тоннасы коммуналдық шаруашылық секторына, 662 мың тоннасы жекеменшікке тиесілі.

Дәл қазір облыс тұрғындарына 412 мың тонна көмір жеткізілген. Бұл – барлық керек көлемнің 62 пайызы. Өңірде 56 көмір қоймасында қатты отын сатылып жатыр. Енді бір ауыз баға туралы айта кетелік. Мәселен, дәл қазір көмірдің бағасы 12 мың теңгенің шамасында. Жоғары сұранысқа ие «шұбаркөл» көмірі 14250 теңгеден сатылса, «майкөбе» 10740, «қаражыра» 12870, «богатырь» 9780 теңге тұрады.

Бір ғажабы, көмір өндіретін кәсіпорында 1 тонна «қара отынның» бағасы 5 мың теңге шамасында. Екі ортада жіліктің майлы басын делдалдар мүжіп отыр. Біздің өңірде көтерме бағамен көмір саудасын жасайтын 17 делдал бар. Міне, табыс сол делдалдардың қалтасына құйылуда. Олар жоғарыда айтқанымыздай, тоннасын 5 мың теңгеден сатып алып, өз бағаларын қояды. Айналып келгенде, жалғыз біздің өңір ғана емес, жалпы еліміздегі көмірдің әр тоннасының бағасы 12500 теңге болып шыға келеді. Енді өздері көмір өндірмейтін, тек екі араны жалғап тұрғандардың табысын есептей алатын шығарсыз. Мұның бәрі ауадан ақша жасайтын пысықтардың тірлігі.
Көмірдің биржада сатылатындығы белгілі. Көмір қоймалары бар сатармандардың өздері нақты бағаны біле бермейді. Разрездің өзінен сатып алсақ, әлдеқайда арзанға түсер еді. Бірақ білетіндердің айтуына қарағанда, ол үшін көп қаражат керек екен.

Ел ішіндегі кейбір жай көңілге кірбің түсіреді. Мәселен, қазір білім ошақтарына жылу беру серіктестіктерге жүктелген. Ол серіктестіктер өздері пайда табуы үшін көмірдің ең арзанын, сапасызын алады. Қыраулы қыста сапасыз көмір дұрыс жанбай, мектеп пен мектепке дейінгі мекемелерде балалар мен сәбилердің шашына қырау қатып, қара суық аңырап тұрады. Таяуда Зеренді ауданының Бірлестік ауылында болғанымызда, Ақылбек Бекмағамбетов ашына айтып отыр. Округтегі төрт ауылдағы білім ошағын жылытуды мойнына алған серіктестіктің жұмысына өкпесі қара қазандай. Мектеп ұстаздары тоңған соң амалсыз округ әкіміне келеді. Ал оның қолынан келер қайран жоқ. Демек, осы арада қазандықты қарауына алған серіктестікке көмірдің қай түрін жағуды келісімшарт арқылы көрсетіп берсе, қалай болар еді? Бұл да ойланып шешетін мәселе.

Енді бір ауыз сөз қордаланып қалған қарыз туралы. Тұрғындардың жылуға қарызы миллиондап саналады. Ол да жылыту маусымына дайындыққа кері әсерін тигізіп отыр.

Көгілдір отын туралы айтсақ, көмірге жарымай отырған Көкшеге көгілдір отынның ауылы алыс сияқты. Нұр-Сұлтан қаласына жеткен газ құбыры жетпей тұр. Тіпті көгілдір отын туралы әңгіме де жоқ. Табиғи газ тартылғанша, көкшеліктер көмір жағып, қолы күс, жеңі күл болып күн көре тұруға мәжбүр.

Байкен КӨБЕЕВ,
Ақмола облысы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?