Таяуда Ақмола облысының орталығындағы «Басар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты балалардың көз емханасында болғанымызда шетін жайды естіп, жағамызды ұстадық.
Серіктестік мамандары №17 мектеп оқушылары арасында көз ауруларының қаншалықты деңгейде екендігін анықтау жұмысын жүргізген. 863 оқушы тексеруден өткен кезде, 11 пайызының көзілдірік киетіндігі, 32 пайызында көз ауруларының алғашқы белгілері пайда болғандығы, ал 43 пайызының көру қабілеті азайып бара жатқандығы белгілі болып отыр. Бұл тарапта да ата-аналар ондаған жыл бойы жергілікті биліктің назарын аудару үшін арызданып келеді. Облыс орталығында балалар көз дәрігері жоқтың қасы. Ал облыстық ауруханадағы көз бөлімшесіндегі құрал-жабдықтың бәрі ескірген. Ең керекті құрал-жабдықтың өзі 1970 жылғы. Тығырықтан шығар жол қайда?!
Қазір облыс орталығындағы «Басар» серіктестігінде біршама жақсы жағдай бар. Олар балалардың көз ауруларын анықтауға және емдеуге қажетті «Синоптофор СИНФ-1», «Визотронник МЗ» тәрізді аппаратпен жабдықталған. Бірақ мемлекеттік тапсырыс бойынша қаражат бөлінбегендіктен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары емделе алмай отыр. Бұл тарапта да ата-аналардың арыз-шағымы аз емес. Әйтсе де, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары осы жайды келіп көруге «уақыт таппайды».
Жаңа туған жас сәби ғана емес, есейіп келе жатқан балалардың ішіндегі көз ауруына душар болғандардың бүгінгі хәлі тіптен сұмдық. Облыс орталығындағы «Өркен» балалар бақшасында көруінде кемістігі бар 14 бала тәлім-тәрбие алады. Мүлде суқараңғы соқыр емес, әрқилы көз ақауы бар бүлдіршіндер.
Балабақшаның медбикесі Нина Каралаш «Бұрын, 1991 жылы «Аленушка» балалар бақшасында осындай екі топ болды. Әрқайсысында 15 баладан тәлім-тәрбие алатын. Кейін біздің «Өркен» балалар бақшасына көшірілді. Өтпелі кезеңдегі қиыншылыққа төтеп бере алмай, бір топ жабылып қалды. Мұндағы жайды айтқанда, етегің жасқа толып, жылап алуға болады. Балалардың көзін тексеруге қажетті аппарат 1970 жылы шыққан. Ертеректе жарты ставкамен жұмыс істейтін көз дәрігері болған. Әрбір бейсенбі сайын келіп, балаларды тексеріп тұратын. 2008 жылы ол да қысқартылып кетті. Бірақ жалақы алмаса да, әлі күнге дейін қамқорлыққа зәру балаларға жаны ашып, қолынан келген көмегін көрсетіп тұрады. Аты-жөні – Рахия Кәрімова», – деді.
Рахия Бәйкенқызы қазір облыстық аурухананың көз аурулары бөлімшесінде жұмыс істейді. Зейнет жасына әлдеқашан жеткен. Зейнеткердің еңбектен қол үзбеуі осы саладағы дәрігерлердің жетімсіздігінен. Ол жайлы таратып айтқанда, сөз әлібі былай өрілмек. Белгіленген талапқа сәйкес, 15 000 ересек адамға, 10 000 балаға бір көз дәрігері керек екен. Көкшетау қаласында балалардың көз дәрігері біреу ғана. Ал облыстық балалар ауруханасында да, облыстық емханада да көз дәрігері жоқ.
Рахия Бәйкенқызы «Балалардың көз аурулары туа және жүре пайда болады. Бір кезде әр көшені, әр үйді аралап, балалардың жанарын қадағалаушы едік. Қазір ондай жұмыс былай тұрсын, сырқат балаларды көрсетіп, кеңес алатын да жер жоқ. Бұл өте күрделі әлеуметтік мәселе. Қалыптасқан жағдайды түзеу үшін ең алдымен кадр дайындау керек. Онсыз ештеңе де өнбейді. Жүре пайда болатын көз ауруларының бір парасы, алыстан көрмеу. Мен дәрігер ретінде ең алдымен ана мен бала денсаулығына мұқият көңіл аудару керек деп есептеймін. Аналардың уақытылы дем алуы, дұрыс тамақтануы, жүйкесінің қалыпты болуы, бәрі де әсер етеді», – деп түсіндірді.
Білім саласындағы үздіксіз жүргізіліп жатқан реформалардың да әсері бар. Мысалы, ертеректе жарты күн ғана оқытатын. Қазіргі жаңартылған бағдарламаның да әсері болуы әбден мүмкін. Ал баланың көз жанары ақаусыз болуы үшін көп нәрсе керек. Мәселен, біздің қоғамда спорт үйірмелері қолжетімді ме, балалардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылып жатыр? Түбін қаузап келгенде, ойластыратын дүние аз емес.
Маманның айтуына қарағанда, дәл қазір көз ауруларын емдеуге жұмсартып айтқанда, көңіл өте аз бөлінуде. Айталық, белгілі бір медициналық құрал-жабдықты сатып алу жетімсіз. Егер ол жабдықпен жұмыс істей алатын білікті маман дәрігер болмаса, оның қандай қажеттілігі бар?
Рахия Бәйкенқызы «Ата-аналар әлі күнге дейін маған келіп, өтініш айтады. Тегін көмектесемін. Балалар бақшасынан кейін бұл балалар жалпы білім беретін мектептерге барады. Өйткені Көкшетауда көзілдірік тағатын балалар оқитын мектеп жоқ. Жағдайы жеткендер Нұр-Сұлтан қаласына тіркеліп, сонда оқытуда. Ал ауыл балалары ше? Облысымыздың Бурабай, Зеренді, Шортанды аудандарында ғана бір-бірден көз дәрігерлері бар. Оның өзі ересек адамдарды қарайтын мамандар. Қазіргі талап бойынша балаларды қарайтын дәрігер, ересектерді қарайтын дәрігер арнайы сертификаттарға ие болуы керек. Қалған аудандарда бірде-бір көз дәрігері жоқ. Ертеректе диспансерлік есеп жүргізілетін. Көз ауруы бар әр бала қатаң есепте тұратын. Қадағаланатын. Қазір мұндай есеп мүлде жоқ. Көз аурулары қашаннан қоғамды алаңдатып отырған дерт. 1980 жылдардың басында облыстық көз аурулары ауруханасындағы 20 төсектік орынға 40 сырқаттан жатқызатынбыз», – деп мәселенің күрделі екенін жеткізді.
Көз ауруларын емдеу ісінің кері кетуі 1999 жылы Көкшетау облыстық көз аурулары ауруханасының экономикалық қиын жағдайға байланысты, сол кездегі ірілендіру саясатына орай жабылып қалған кезінен бастау алған. Бұл кез трахома тәрізді жұқпалы көз ауруының белең алып тұрған шағы. Жағдай солай бола тұра, қазіргі облыстық аурухананың жанынан бөлімше ғана ашылған. Балалардың көзін емдеу, міне, осы кезден бастап біржола тоқтатылған десе де болады.
Ақмола облыстық аурухананың көз аурулары бөлімшесінің меңгерушісі Берік Нұрқанов «Кез келген саладағы дәстүр сабақтастығы үзілді. Аға буын дәрігерлер облыстық ауруханаға келді. Орта буынның бірі – Нұр-Сұлтан қаласына, бірі жекеменшік ауруханаларға ауысты. Ал жаңа буынмен екі ортадағы байланыс үзіліп қалды. Менің ойымша, ең алдымен, қалыптасып отырған жағдайды түзеу үшін облыс орталығында көз аурулары ауруханасын ашуымыз керек. Диагностикалық орталық керек. Кәдімгі «жүрек орталығы» тәрізді орталық болуы керек. Міне, қараңыз, жүрек орталығында кардиология, кардихирургия, емхана, бәрі бір жерде. Ал біз, көз аурулары дәрігерлері, әр жерде шашырап отырмыз. Екінші бір мәселе, материалдық-техникалық базаны нығайтып, қажетті медициналық құрал-жабдықтарды сатып алу. Біз қазір компьютерлік томография жасай алмаймыз. Түсінікті болуы үшін айта кетейін. Мысалы, адамның басын компьютерлік томографияға түсіреді ғой. Сол тәрізді көз ауруларын анықтау үшін де компьютерлік томографияға түсіру керек. Бірақ ол бізде жоқ. Катарактаға ота жасайтын аппаратура 2000 жылы алынған. Екі рет есептен шығарып тастайтын уақыт өтті, әлі жаңартылған жоқ. Мәселен, осы орайда аса қажетті «Миллениум» аппаратын сатып алуға 23 миллион, оптикалық томография аппаратына 60 миллион теңге қажет. Лазерлік ота жасау, тіпті мүмкін емес. Одан өзге де, бүгінгі күні аса қажетті медициналық аппараттарға зәру болып отырмыз. Осындай көзқараспен қазіргі бөлімшенің өзін жауып алу қаупі туындап отыр», – деген маман Көкшедегі көз ауруының көкейкесті мәселе екенін қадап айтты.
Байкен КӨБЕЕВ,
Ақмола облысы