Көкшедегі балалар лагерін қашан кәдеге жаратамыз?

24 шiлде 2020, 10:50

Елдегі Есенбай бала кезінде екі рет Жаман Жалғызтаудың етегіндегі балалар лагерінде болған. Ой ғажап! Қолдың саласындағы аққайыңдар, мәңгі жасыл қарағайлар, саф ауа, көкірегіңнен келетін жасыл шалғын. Екі ретте де құр атқа мінгендей тыңайып оралған.

Енді балаларының осындай лагерьде демалғанын қалайды. Бірақ тіленшінің сүйген асын кім берсін? Балалар лагері әлдеқашан, әлдекімдердің жұмырынан асып, кеңірдегінен өтіп кетіпті. Ақмола облысында 1994 жылға дейін балалардың 64 жазғы сауықтыру орталығы жұмыс істесе, бүгінгі күні жиырмасы ғана қалған. Оның 13-і мемлекеттік, 7-еуі жекеменшік. Тіпті бір лагерь 25 мың теңгеге сатылып кетіпті. Қайталап айтайық, 25 мың теңге! Бар болғаны лақты ешкінің құнындай болмашы қаражат. Мұны естіген Есенбай іші күйіп «ешкімнің жаны ауырмайтын ешкі тіршілік» деп еді. Әлгі сөзді сатып алған кісіге қаратып айтты ма, жоқ сатқан адамға айтты ма, ол жағын өзі де ажырата алмаған.

Ал Көкшетау мен Қараөткелдің сулы-нулы, жазиралы жалпақ даласы нағыз демалыс үшін жаратылғандай. Жеміс-жидекке толы орман-тоғайы, мөлдір суы, саф ауасы аз ғана күннің ішінде жеткіншектерді құр атқа мінгендей құлпыртып, қунатып, тыңайтып жіберер еді. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта езіліп жатқан асфальттің үстінде өкпесін шаң қапқан өндірлерді тұмса табиғаттың тұнығына бір сүңгітіп алса ғой, жетіп жатыр. Бірақ соған мүмкіндік аз. Бар мүмкіндікті біртіндеп талан-таражға түсіріп жойған және өзіміз. Осы жері өзекті өртейтін өкініш бар. Соңғы екі жылдың ішінде Қазақстан балалар және жасөспірімдер туризмі мен демалысы қауымдастығы облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып, барлық балалар лагеріндегі дүние-мүлікті түгендеді. Өтпелі кезеңде қаншама қоғам байлығы болып саналатын балалардың жазғы лагерьлері ұстағанның уысында, тістегеннің аузында кетті. Тіпті тұтас лагерьдің қаншама ғимараттарымен, бар жиһазымен қоса бар болғаны 25 мың теңгеге сатылып кеткендігі анықталып отыр. Жақсы, сатып алсын делік.

Бірақ балалардың жазғы демалысына үлесін қоспайтындығы, яғни бастапқы бағытында жұмыс істемейтіндігі қылмысқа тең қарекет. Тамылжыған табиғат аясындағы бұрын мүлтіксіз жұмыс істеп тұрған балалар лагерін бауырына басқан байшыкештер ширек ғасыр бойы есіктерін тарс жауып алған. Сонда, осыншама дүние оларға не үшін қажет?!

Қолдың саласындай ақ қайыңдар мен мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген Қатаркөлдің бауыры жер бетіндегі жұмақтай жайнап тұр. Бар балаға тиесілі, несібесіне жазылған, саумал самалы ағзаға дәру осындай жердің игілігін қашан пайдаланады екенбіз? Демалыс аймағындағы 12 балалар сауықтыру орталығының бүгінде бесеуі ғана жұмыс істейді. Бұл мүлдем аздық етеді. Оқырманға түсінікті болуы үшін сәл ғана талдау жасалық. Жаз айларында әр орталықта 200-250 баладан дем алу мүмкін болса, жаңағы жұмыс істемей тұрған орталықтарда отыз мыңға жуық бала денсаулығын нығайтар еді. Бұл дегеніңіз үлкен олжа емес пе? Қазір немкеттіліктің салдарынан осындай мүмкіндікке қолымыз жетпей отыр. Байыптап қарасаңыз, жалғыз балалардың демалысы ғана емес, осы күні биік-биік мінбелерден айтылып жүрген жұмыссыздық жағдайын біржола болмаса да, бір маусымда ішінара шешуге септігін тигізетін жай. Жаңағы біз армандап отырған орталықтар түгел іске қосылғанда 550 қосымша жұмыс орны ашылады екен.

Қазіргі күні облыстың әр ауданында жұмыс істемей тұрған лагерьлер бар. Оған бес бірдей апатты жағдайдағы қала сыртындағы мемлекеттік балалардың сауықтыру орталығын қосыңыз. Сонда қаншама мүмкіндікті пайдалана алмай отырмыз. Мәселен, Жақсы ауданындағы «Березка» балалар лагеріне күрделі жөндеу қажет. Бұл өңірдегі балалар қазір Қимадағы орта мектептің жанындағы жазғы лагерьде дем алады. Шынын айту керек, мектеп жанындағы лагерьлер амалсыздан ұйымдастырылып отырған шара. Ол жерде таза ауа жұтып, суға түсе алмаса, табиғат аясында тай-құлындай шапқылап бой жаза алмаса, оның қай жері демалыс? Әншейін жазғы демалыста балалардың уақытын тиімді пайдалансын деген, тығырықтан жол іздеген талпыныс. Шортанды ауданындағы «Ақ қайың» балалар лагерінің санитарлық жағдайы талапқа сай болмағандықтан, 2009 жылдан бері қаңырап бос тұр. Ақкөл ауданындағы Урюпинка селосының маңындағы «Березнячок» балалар лагеріне де жөндеу қажет. 1989 жылы Степногорск подшипник зауыты бұл лагерді Урюпинка балалар үйінің балансына берген болатын. Содан бері жұрт есіне жазда ғана түсетін, бір кездегі жайнап тұрған лагерь бүгінгі күні тозып барады. Қатаркөлдегі «Огонек» балалар лагерінің иесі – Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университеті. Бұл демалыс орталығы да 2010 жылдан бері балғындарға құшағын айқара ашқан емес. Астрахан ауданындағы жеке кәсіпкерге тиесілі «Дельфин» балалар лагері табаны күректей 25 жыл бойы жұмыс істемейді. Табиғаты әсем өңірлердің бірі – Сандықтау ауданындағы Балкашино селосындағы жекеменшіктің иелігіндегі «Лесная поляна» балалар лагері санитарлық талапқа сай болмағандықтан, жөндеу жұмысы жүргізілмегендіктен, 2009 жылдан бері жұмысын тоқтатқан. Бұланды ауданындағы «Шағала», Бурабай ауданындағы «Восход», «Звездочка», «Спутник», «Континент», «Чайка», «Дашенка» балалар лагерьлері де осы тізімнен табылады.

Маңызды мәселеге облыс басшылығы назар аудармай отырған жоқ. Бірнеше мәрте қаралып, тығырықтан шығар жол іздеген. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Біздіңше, бір кезде су тегін алған, ел игілігіне қызмет етуге қауқарлы балалардың жазғы лагерьлерін сол құнына қайтадан қайырып алған жөн. Әйтпесе, не өздері жұмыс істеп пайда таппайды, не қоғамға, жас ұрпаққа қызмет етпейді.

Жердің жыртығын жамайтын, қияндағы пайданы шолып тұратын бизнес өкілдері бұл бағытта неге талпыныс жасамайды? Оның ең негізгісі, біздіңше, табыстың аздығы болар. Кешегі кеңес кезіндегі балалардың жазғы лагерьлеріндегі жиһаздардың барлығы дерлік тозып бітті. Енді бәрін жаңалау қажет. Егер демалыс лагерьлерінің иелерінде айналымдағы қаржы тапшы болса, кәдімгі ауыл шаруашылығында тәрізді жылдық мөлшері 2-3 пайызды құрайтын лизинг арқылы несие алуға болмас па? Кепілдік ретінде онсыз да кәдеге аспай жатқан лагерьдің өзін қойса ше?
Мемлекет тарапынан балалар туризмін қолдауға көңіл бөлінсе, бұл сала жыл бойы үздіксіз жұмыс істер еді. Бәлкім, сол кезде табыс молаяр. Мамандардың айтуына қарағанда, қыста да қиындық аз болмауы мүмкін. Мәселен, балалар лагерьлерін жылыту үшін көмір жағуға тура келеді. Іргедегі Зеренді ауданында жағармаймен жылытатын лагерь бар. Оның шығыны қаншалықты екенін өзіңіз есептей беріңіз. Ал кәсіпкер осы шығынын жолдаманың есебінен жабуы керек қой. Міне, осыдан барып балалар жазғы лагерьлерінің жолдамасы қымбаттай бермек. Солтүстік өңірде қыс ұзақ. Сондықтан, бұл тарапта көгілдір отынды қолданбасақ, көсегеміздің көгермейтіні анық.
Мемлекеттік демалыс лагерьлерінің мұқтаждығын мемлекеттік тапсырыс жауып тұр. Бұл арада тағы бір көптен бері шешілмей келе жатқан кикілжің мәселе бар. Салық кодексінің 592-бабына сәйкес, ерекше қорғалатын аумаққа кіру – ақылы. Ал Бурабай баурайындағы балалар лагерьлері осындай ерекше қорғалатын аумақта тұр. Демек демалысқа келген бала ерекше аймаққа қадам басқан кезде лагерь иесі 265 теңге төлеуге мәжбүр. Әр күн үшін. Биылдан бастап жалғыз демалысқа келген бала үшін ғана емес, лагерьде жұмыс істейтін адамдарға да осындай тәртіп орнатылған. Осы арада қисынсыз жайды көңіл таразысымен сараптап қараңызшы, жұмыс істеуге келген адам ақша төлеуге тиісті. Мұндай келеңсіз көрініс қай жерде бар екен? Бейсауат көзге байқала бермейтін осындай кедергі балалардың жазғы демалыс орталықтарының жұмысын қожыратып тұр. Мысал үшін, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы бір жыл үшін 40 миллион теңге қаражат төлеген.

Жер бетін жаман тұмау жайлағалы ата-аналар да биылғы балалар лагері қалай жұмыс істер екен деп алаңдаулы. Қатерлі жай күрделеніп кетпесе, жазғы демалыс та мүмкіндігіне орай ұйымдастырылмақ. Оның да өз мәселелері аз емес. Айталық, бұрынғы талап бойынша әр балаға 4 шаршы метр қажет болатын болса, енді 14 шаршы метр болуы керек. Асханада балалар шахмат тәртібімен бір-бірінен алшақ отырғызылады. Әр дастарханның арасы екі метрден кем болмайды. Әр отрядқа тепловизорлар алынады. Бір тепловизордың құны 30 мыңнан 70 мың теңгеге дейін. Егер отрядта 10 бала деп есептесеңіз, 700 мың теңге шығын. Медициналық бақылау жасау да қаншама қаражатты қажет етеді. Оның үстіне, дәрігер-терапевтер де ауадай қажет.

Әуелгі тақырыпқа қайтадан оралатын болсақ, өз ұсынысымызды сыналап айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Биыл, әрине, қаңырап бос жатқан балалардың жазғы лагерьлерін толайым тексеріп, қақпасын қағып түгендеп шығуға кештеу болар. Келер жылға дейін бір кезде балалар базарына айналған бұрынғы 64 лагерьді қайтарып алып, кәдеге жаратсақ, қаншама баланың игілігіне айналар еді, шіркін?!

Байкен КӨБЕЕВ,
Ақмола облысы

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?