Елден келген Есенбай Көкшетау қаласындағы тұңғыш ұлы Айдарбектің үйінен мейірі қанып бір шай іше алмады. Суы борсыған ба, жоқ, әлде темір тати ма, ол арасын айыра алмай-ақ қойды. Келіннің қабағына қараса, тәп-тәуір. «Сірә, келіннен емес-ау» ойлаған Есенбай үй іші оңаша қалғанда ас үйдегі шәйнектің қақпағын ашып қараса, іші баттасқан тат екен. Екі литрлік су сиятын шәйнекке шамамен бір литр ғана кетуі мүмкін, қалғаны тат.
Таза судан бір мейірін қандырып шай ішпек болған Есенбай су іздеген. Сөйтсе, ол облыс орталығында қасқалдақтың қанындай тапшы болып шықты. Білетіндердің айтуына қарағанда, ел аузында ескі ет комбинаты деп аталатын ауданда, ингуш отбасының үйінде ғана бар екен. Бір ғажабы, әлгі отбасы ауыз суды қала жұртшылығына тегін таратады дейді. Көптен бері тегін деген сөзді естіп көрмеген Есенбай тебіреніп кетті. Көз ұшына келіп қалған мөлдір тамшыны келініне көрсетпей, алақанының сыртымен сүртіп тастады. Баласының ескі көлігіне мініп, дүйім қазақты сумен жарылқап отырған әлгі үйге жол тартты. Рас екен. Ел су алып жатыр. Кезек дегеніңіз сәл ғана әсірелеп айтқан адамға екі шақырым бар-ау. Шелегін, топатайын ұстап тұрған таңдайы кепкен халықпен тілдесті.
Үй иесі Лилияның айтуына қарағанда, қайынатасы Хамберд ақсақал өмірден өтерде аманат етсе керек. Аталары 1944 жылдың дәл 23 ақпан күні атамекеннен күштеп көшірілген. Бурабай баурайындағы шоқжұлдыздай шағын ғана ауылдағы қазақтардың көмегімен аштықтың аранынан аман қалыпты. Кейін сол жақсылығын өтейін деп ұрпағына тапсырса керек. Ал бұлар ұзақ ойланған. Жалқы емес, жалпы жұртқа қалай көмектеспек? Санамен сараптаса, Көкшетауға қажеті өзге емес, таза су екен.
Лилия мен Руслан Тунгоевтар 1995 жылы Қанай би көшесіндегі осы үйді неміс отбасынан сатып алған. Жөндеген, сырлап-сылаған. Скважина қаздырған. Сәтін салғанда 40 метрден астам тереңдіктен шыққан су тап-таза. Сараптамадан өткізген. Содан соң әкенің аманатына орай үй орамынан құбыр арқылы шығарып, келген жұрт алатындай етіп орнатып тастаған. Маңайы көлденең жатқан бір тал бұрау жоқ, айнадай тап-таза. Әуелі иен тегін суды көрші-қолаң алған. Кейін одан қала жұртшылығы түгелге жуық құлақтанған. Ауыз судың азабын тартып отырған жұрт дүмеп келе бастаған. Жай адамдар да, түрлі мекемелерден де.
Қала тұрғыны Нұрлан Алпысбаев: «Су құбыры арқылы келетін су сапасы күмәнді болған соң осы жерден аламыз. Кейде 2-3 сағаттық кезек пайда болады. Амал жоқ, тосамыз қысты күні үздіксіз ағып тұрмаған соң, құбыры қатып та қалады. Оны үйге кіргізіп жібітіп, әуреге түсіп жатқандары», – дейді.
Бір отбасының бүкіл қала жұртшылығына шарапаты тиіп тұр. Көкшетауда жыл аралатып ауысып жататын әкімдер осындай аманат айтып кетпеген екен деп ойлайсың кейде.
Облыс орталығының іргесіндегі әуел баста тәулігіне 21 мың текше метр суды тазалауға қуаты жетеді деп есептелінген жалғыз станса сонау 1970 жылы пайдалануға берілген. 1986 жылы арнайы комиссия стансадағы жабдықтардың ескіруіне байланысты «пайдалануға жарамсыз» деген қорытынды шығарған. Жалпы көлемі 343,93 шақырымды құрайтын су құбырларының 40,9 пайызы ескірген. Осы себепті Көкшетау қаласының тұрғындары ұзақ жылдардан бері сапасы күмәнді су ішуге мәжбүр.
Негізінде облыс орталығы Шағалалы және Сергеев су қоймалары арқылы қамтылады. Сондай-ақ Шағалалы жер асты су көздері арқылы 5,5 мың текше метр су келіп тұрған. Қазір қажетті судың біраз мөлшері Шағалалы өзенінің бойындағы су тоспасы арқылы келеді. Оның тәуліктік қуаты – 24 мың текше метр, яғни секундына 280 литр су қотарылады деген сөз.
Жаман тұмау жалпақ жұрттың есін алып тұрған биылғы жазда су қоймасының қызығын қала тұрғындары көрді. Өздері ғана емес, көліктері де. Ыстықтан бұратылып, жүре алмай қалған иттері де. Кір жуып жатқандарды да көзіміз көрді. Осы кірін жуып, итін шомылдырған, көлігін жуған су қоймасынан қала тұрғындары су ішіп отыр.
Ермек Өмірғалиев, «Көкшетау су арнасы» кәсіпорнының директоры «Шағалалы су қоймасының суын көктемде қызыл су жүрген кезде пайдалана алмаймыз, су мүлде лайланып кетеді», – дейді.
Лайланып кететін себебі де бар. Зеренді ауданының аумағын басып өтетін Шағалалы өзенінің жиегіне әлденеше мал қоралары салынған. Көктемде қар суы еріген сәтте қарғын су жар жиегіндегі бар қоқысты жылғалармен сырғытып Шағалалы өзеніне құяды. Бар қоқыс өзен арқылы су қоймасына ақтарылады. Осы қоймадан Көкшетау қаласына қажетті ауыз су алынады. Жазда да судың тазалығы күмәнді. Қала халқы жаз айларында Шағалалы өзенінің бойында суға түсіп, дем алады. Тіпті көліктерін жуып, иттерін шомылдырады. Су қоймасына қажетті көлем осы Шағалалы өзенінен жиналады. Енді тазалық туралы тіс жарып бірдеңе айта аласыз ба?
Су қоймасындағы суды тазалайтын стансаның жағдайын жоғарыда айттық. Енді су құрамын станса толық тазарта алмағаннан кейін қосылатын хлор мөлшері көбейтіледі. Ал хлор адам ағзасына қаншалықты қауіпті екендігі айтпаса да түсінікті. Бәлкім, қала тұрғындарының түрлі ауруларға көп шалдығу себебі де осында жатқан жоқ па екен. «Ауру астан» деген сөзді халық тегін айтпаған шығар.
Екінші су көзі Есіл өзенінің Сергеев тоспа су қоймасы арқылы келеді. Ол суды да жаңағы әбден ескірген станса тазалайды. 2011 жылы «Су желілерін, тазарту құрылғыларын жаңғыртып, кеңейту арқылы тәулігіне 60 мың текше метр су өткізуге жеткізу» жобасы бойынша жаңа су тазалау қондырғысының құрылысы басталды. Тапсырыс беруші – Көкшетау қалалық әкімдігінің құрылыс бөлімі. Жұмысты қолға алған AEGISinc жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мемлекеттік сатып алу келісімшарты бойынша 1,623 миллиард теңгенің келісімшарты жасалды. Әйтсе де, 2011 жылы 538,1 миллион теңге ғана игерілді. Мердігер ұйым құрылыс жұмысын бастап, цехтың, зертхананың бірлі-жарым ғимараттарын жарым-жартылай ғана көтерді. Бірақ жұмыс алға баспады. 2012 жылы қалалық сот аталмыш конкурс жүзеге асырылмады деген шешім шығарды. 2012-2013 жылдары қайтадан өткізілген конкурс нәтижесінде «АП Импекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болып танылды. Бұл серіктестік 2013 жылы 181,24 миллион теңгені игерді. Осы арада құрылыс жұмыстарының және құрылғыға қажетті техникалық жабдықтардың құны өсіп кетті де, жаңа станса салу жұмысы тоқтап қалды. Бастапқы қаржының 719,390 мың теңгесі ғана игерілді. 2014 жылы «Көкшетау қаласындағы су желілері тазарту құрылғысын тәулігіне 30 мың текше метр қуатқа жететіндей етіп жаңғырту және кеңейту» жобасына сәйкес, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Жобаның құны 2014 жылғы бағамен 2 397,7 миллион теңге болып белгіленді. Бірақ бұл жобадан да нәтиже шықпады.
Қазіргі күні облыс орталығындағы 343,90 шақырымды құрайтын су желілерінің 40,9 проценті әбден ескірген. Су құбырлары жиі жарылады. Үстіміздегі жылдың ақпан айының 5-і күні үлкен апат болып, қаланың біраз бөлігі бір тәулік бойы сусыз қалды. Жалпы көлемі 270 метрді құрайтын су құбыры істен шықты. Себебі 1961 жылы пайдалануға берілгендіктен, тозығы жеткен. 19 көпқабатты тұрғын үй мен «Таңдау» мектеп-гимназиясы сусыз қалды. Мұндай апаттар ауық-ауық орын алып тұрады.
«Біз қазір тұрғындарға су сатудан түскен қаржының есебінен ғана жұмыс істеудеміз. Алдымыздағы бес жылдың ішінде өз қаржымыздың есебінен 9,790 шақырым құбырды жөндеу межеленіп отыр. Бұл учаскеде су желілері әбден тозып біткендіктен, апат жиі болады. Түгел жаңғырта алмағанымызбен, ішінара жөндеудің өзіне 192 240 430 теңге қажет», – дейді кәсіпорын директоры Ермек Өмірғалиев.
Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі департаментіне «Құбыр арқылы келетін ауыз су ішуге жарамды ма, жоқ па?» деген сауал жолдадық. Департаменттің бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жөніндегі қызметкері Марат Шоқаев сырғытпа жауап жолдады. Онда құбыр арқылы келетін судың тәулігіне неше рет тексерілетінінен басқа еш мәлімет жоқ. Су сапасына күмәнді қала халқы болса, нешеме жылдан бері ауыз суды дүкеннен сатып алып ішіп отыр. Әйтеуір, орталықтандырылған су жүйесіне күдік көп. Көкшетаудың қолы жеткен көп кісісі ауыз суды тасымалдап ішеді. Қала ішіндегі 2-3 скважинадан, қала сыртындағы қосалқы шаруашылық деп аталатын елді мекеннің іргесіндегі бұлақтан.
Бәйкен Көбеев,
Көкшетау қаласы