Кинодағы «кино»

29 қантар 2021, 11:05

Суреттен көріп тұрғандарыңыздай, бұл – заттардың бағасы. Шын бағасы ма, әлде қолдан жасаған ба, ол жағы әзірге беймәлім. Үш киіз үйдің құны 50 млн теңге деп көрсетілген. Уығы алтыннан, шаңырағы күмістен емес, сазды жерге өсетін кәдімгі қара талдан. Бір тал садақ қорамсағымен бірге 500 мың теңге деп көрсетіліпті. Баяғы батырлардың қозыкөш жерге ұшатын қозыжауырын, қылтамақ садағы емес, бұл да кәдімгі өлеңді жерге өсетін сары талдан иілген әдеттегі садақ болуы мүмкін. Бірақ бағасына қарап бағжаң етесіз.

Қару-жарақ жасауға – 75 млн
3 киіз үй – 50 млн
Декорация – 18 млн
1 ту – 800 мың
Садақ-қорамсақ – 500 мың
Қылыш – 380 мың
Балта – 150 мың
(Әр қару-жарақ 10 талдан)
Автобус пен жүк көлігі – 1,6 млн
(бір күндік жалдау ақысы)

Бұл – басы таудай, аяғы қылдай болған «Қасым хан» фильміне бөлінген қаржының қағаз бетіндегі есебі. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын «Қазақфильм» киностудиясы Қасым хан туралы тарихи фильм түсірмекші болып, басын таудай қылған-ды. Соның аяғы қылдай болыпты.
Әуелде фильм сценарийін белгілі жазушы Смағұл Елубай жазғанымен, сол кездегі мәдениет және спорт министрі тарихи драманы түрік режиссері Метин Гүнайға тапсырып, дау содан шыққан-ды. Ол туралы газетіміздің 2019 жылғы (№43, 25.10) санында жазып, Смағұл Елубайдан сұхбат алғанбыз.

«Қазақфильм» киностудиясы фильмнің алғашқы дайындығына 30 млн теңге бөліпті. «Время» басылымы келтірген мәліметке сүйенсек, әлгі ақшаның 22,5 млн теңгесін әлі түсірілмеген киноның продюсері Қуаныш Ахметов алып, фильмге қажетті қару-жарақ жасатпақшы болған көрінеді. Бірақ қағаз бетінде бар, қоймада жоқ қарудың әңгімесі соттан бір-ақ шығыпты.
Әуелде 90 минуттық 25 сериалы фильм болады деп жоспарланған тарихи драмаға 1,3 млрд теңге бөлініпті. Кейін прокаттық фильмге ауысқан кезінде, оған тағы да ақша қосылған. Енді осы картинаның ісі сотта қаралып жатыр. Бұрын аурухана, мектеп, зауыт сияқты ірі өндірістің құрылысына бөлінген ақшаны жеп ұсталыпты дегенді естуші едік. Енді түсірілмеген киноның тиынын жегендер шықты.

Жарас КЕМЕЛЖАН

БІР ПІКІР

Смағұл Елубай, жазушы:

Бұған дейін мен журналистердің сұрағына бір ауыз сөзбен жауап берген едім. «Бұл қандай жағдай? Сіз қандай жағдайда сценарийді бастаған едіңіз?» деген сұрақтар қойды. Сол кезде сценарий «тарихын» түгел айтып берген едім. Ол енді бұған дейін айтылып жүрген, бүкіл қоғамға белгілі жағдай. О баста түрік режиссері Метин Гүнай 70 сериалы фильм түсіремін деді ғой. Біз: «Қазақ тарихына қатысты фильмді түрік режиссері қалай түсіреді?» деп қарсы мақала жазғаннан кейін, жоғарғы жақтан бұл әңгімеге нүкте қойылды. Сөйтіп, Гүнай кино түсірмейтін болды.
Кейін, көпбөлімді емес, прокаттық бір фильм жасайтын болды. Оны Ақан Сатаевқа тапсырды. Ал менің жазған сценарийім, екі жыл еткен еңбегім далада қалды. Ешкім екі тиын төлеген жоқ. Журналистер «фильм туралы пікір айтасыз ба» деп хабарласты. Фильм түгілі, сценарийді көрген жоқпыз ғой. Көрмеген дүниеге не айтамын? Ақан жазып жатыр. Жазып біткен соң оқып, танысып көрейік. Пікір беру қашпас. Сценарий біткен соң талқылау болады. Жақсы болса, батамызды берерміз. Өйткені Қасым хан тұтас қазаққа ортақ тұлға. Оның өмірбаяны туралы картина жасау – үлкен жауапкершілікті қажет ететін дүние. Ондай фильмге жүрдім-бардым қарауға болмайды. Ал фильмге бөлінген ақшаның не үшін талан-таражға түскенін білмеймін.

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?