«Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әуезхан Дарынов «Жас қазаққа» сұхбат беріп, бүгінгі қарапайым шаруаның хал-күйі, жерді сату мен жалға беру, Елбасы мораторийі және т.б. сауалдарға ашық жауап берді.
Жас қазақ: Әуезхан аға, Елбасының Жер кодексінің кейбір нормасына жариялаған мораторийін қарапайым шаруа қалай қабылдады?
Әуезхан Дарынов: Шындығын айтсақ, Елбасының жер мәселесіне қатысты мораторий жариялауы халықтың, соның ішінде, қарапайым шаруаның көңілінен шықты. Бір жыл заңды халыққа түсіндіруге жеткілікті уақыт. Бастысы, Елбасымыз жер мәселесін халықпен біріге отырып, талдап, таразылауға шақырды. Бұл іске біздің бірлестік те атсалысуға дайын. Ел-жұрттың ой-пікірін жинап, ұсынысымызды береміз. Қуанарлығы, Үкіметтің біздің сөзімізге құлақ асатыны. Негізі, Елбасы жер кодексіне өзгеріс енгізерде былтыр оны бір жыл талдауды тапсырды. Өкініштісі, экс-министр Е. Досаевтың тобы қалың елдің ойына құлақ аспай-ақ 2-3 айда заңды қабылдатты. Меніңше, 1 жыл ішінде ел, қоғам болып талқылап бұл мәселеде бір оң мәмілеге келеміз.
Жас қазақ: Ауылдағы шаруаның жерді сатып алуға шамасы жете ме?
Әуезхан Дарынов: Турасын айтсақ шаруаның жер сатып алуға шамасы жетпейді. Мұны түсіндіріп берейін. Мысалы, шаруа 1 мың гектарға егін егуге 3 млн теңге қарыз алады. Онысын айналымдағы ақшаға, тұқымға, жанармайға, қосалқы бөлшекке, арамшөпті улауға, тыңайтқышқа және т.б. жұмсайды. Енді салыстырайықшы, егер оған қазір сатып ал десек, жердің әр гектары ең арзаны 30 мың теңге тұрады. Сонда 1 мың гектарың – 30 млн теңге. Оны 50 пайызға жеңілдетсек, 15 млн теңге. Осыны 10 жыл мерзімде жекеге алу керек дейді. Әлгі шаруа жыл сайын мемлекетке 1,5 млн теңге төлеуі тиіс. Сонда 3 млн теңгені несиеге алса, 1,5 млн теңгені жер үшін төлесе 4,5 млн теңге береді. Бұл өте қиын.
Жас қазақ: Өзіміздің шаруа жерді сатып алып, жұмыс істете ала ма? Көп жағдайда өзге елдерге қарағанда өнім аз алып жатады. Бұған не себеп? Шаруа икемсіз бе, жер құнарсыз ба, алпауыт кедергі жасай ма, ғылым мен тәжірибе ұштаспаған ба? Осыны тарқатып түсіндіріп беріңізші?
Әуезхан Дарынов: Шындығына келсек, бұл жалпы емес, жалқы мәселе. Бүгінгідей халде қалуымыздың себебі көп. Мысалы, агрохолдингтер ең құнарлы жерді иеленіп алған. Одан түскен пайдасын шетел асырады. Елге түк пайдасы жоқ. Елбасының өзі сондай 4 холдингтің атын атады. Олардың үкіметке 800 млрд. теңге қарызы барын айтты. Міне, мәселе! Екіншіден, әкімдер жерді аламын деген адамға бермейді. Жерге қатысты тендер бармақ басты, көз қыстымен өтеді. Әр облыста, әр ауданда қаншама жер бос жатыр. Оны аламын деген адам ала алмайды. Жемқорлық деген жегі құрт алғызбайды. Меніңше, біздің жемқорлықпен күресеміз дегеніміз жәй әңгіме. Күрескен сайын, көбейіп барады. Соны жою үшін, тендерлік комиссияға шаруа, қоғам мүшесі қатысуы қажет. Ал бүгінгі комиссияда әкімдік, соның айналасындағы адамдар ғана бар. Комиссия деген аты, заты басқа. Әкім комиссияға кірмесе де, сыртынан тапсырма беріп отырады. Міне, мораторийді пайдалана отырып, осы мәселені де шешу керек. Нағыз еңбекқор шаруа жерді алып, жұмыс істеуі үшін жер туралы ақпаратты ашық жариялаған жөн. Қай облыста, қай ауданда қанша гектар жер бар деген ақпарат ашық болса, оны алғысы келетін әр адам арыз береді. Жерді жұмыс істете алатын күш-қуатын дәлелдесе, ала берсін. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық жайлаған соң, жер туралы ақпарат ашық болмады.
Жас қазақ: Жерге қатысты «күйіп тұрған» тағы қандай түйткілді мәселе бар?
Әуезхан Дарынов: Мәселе көп. Біреуіне ғана тоқталайын. Мысалы, жерді тиімді пайдалану ережесінің көрсеткіші шындықтан алшақ. Фермерлер одағы осы ережеге қарсы шықты. Түсіндіріп көрейін. Қостанай облысында бір шаруақор азамат 50 мың гектарға егін егеді. Есімі кеңес заманынан бері танымал. Жерді жақсы күтіп-баптап, тыңайтқыш салады. Тұқым айналымын сақтайды. Сорақысы сол, «ережедегі көрсеткіш дұрыс емес» деп құзырлы орган Артемюкке 400 мың теңге айыппұл салды. Шетін мәселенің көкесі осы. Қазір Қостанай, Ақмола, Қарағанды облысында фермерді сотқа сүйреуде. Әуелі «Химзертхана» деген мекемедегілер жердің құнарлылығын тексереді. Гәптің бәрі осы тексеруден шығады. Жерді тиімді пайдалану ережесінде былай жазылған: жердің гумосы, азоты, фосфоры азайса, жер пайдаланушыны жазалау керек. «Шындықтан алшақ көрсеткіш» дегенім осы. Меніңше, шаруаның жерге тұқым айналымын сақтап отырғанын, тыңайтқыш салғанын тексеру керек. Мәселен, Қазақстан бойынша орташа есеппен 20 млн. гектарды алсақ, соның ішінде 2 млн-на ғана тыңайтқыш салуда. Басқасы салмайды. Себебі біреудің ақшасы жоқ, біреудің тыңайтқышы жоқ және т.б. Бұл мәселені құзырлы органға жеткізіп-ақ бақтым. Себебі ертең 18 млн. гектардың иелерін сотқа шақырып, соттасумен күніміз өтеді. Масқара дегізген мәселені көтеріп, үкімет басшысына, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына хат жаздым. Ауыл шаруашылығы тақырыбына арналған Сенаттағы жиында да айттым. Меніңше, су жаңа Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бізді шақырып, сөзімізге құлақ асады деп үміттенемін.
Сұхбаттасқан Төлен Тілеубай
Астана