Ұлан-байтақ жерінің кеңдігімен ғана емес, табиғатының алуан түрлілігімен де таң қалдыратын қазақ даласы сирек кездесетін жабайы аң-құстарға аса бай. Сол сиректердің бірі – киіктер. Бұл жануарды қазақ ақбөкен деп те атайды. Оған әйгілі ақын Сәкен Сейфуллиннің «Киікті қазақ және дейді бөкен, Бетпақты байғұс бөкен қылған мекен», – деп жырлағаны дәлел.
Жалпы, түз тағысы ақбөкеннің кешкен тағдыры мен тартқан тауқыметі туралы сөз қозғағанда, тебіренбей жазу мүмкін емес.
Ақбөкендердің жаппай қырылуы елімізде әлденеше рет қайталанған жайт. Мысалы, 1962 жылғы авиасанақ қорытындысы бойынша, қазақ даласындағы киіктердің саны 650 мың басқа жетсе, ал 1971 жылғы санақта 1,3 миллионға дейін өскен. Осының арқасында бұл аң жоспарлы түрде ауланып, 40 жыл бойы мемлекет қазынасына жылына 3 миллиондай АҚШ доллары есебінде табыс түсірген. 1976 жылғы санақта бұл көрсеткіш екі есеге кеміп, 600 мың басты құраған. Мамандар киіктер санының бұлайша күрт қысқарып кетуін 1974-1975 жылдағы құрғақшылықпен байланыстырады. Бұл жылы күннің ыстығынан Сахарадағы шүйгін шөп күйіп, су тапшылығы да байқалған. Сондай-ақ 1975-1976 жылғы оңтүстіктегі қыс әдеттегіден ызғарлы, суық, қар қалың түсіп, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Батыс Қазақстан облыстарында киіктер жаппай қырылған. Оған қоса, төрт аяқты жыртқыштардың көбеюі де өз залалын әжептеуір тигізген деседі. Сонымен бірге осы жылдары аң аулау жоспары да жоғары болып, жабайы аңшылар 500 мыңнан аса ақбөкенді атып алған. Дегенмен, өсімтал жануар 1978-1980 жылдары қайта ес жиып, олардың саны 800 мыңға дейін жеткен. Алайда 1981 жылы Торғай облысында ғана 180 мың бас ақбөкен пытырап қалды. Үш жылдан кейін бұл жағдай тағы қайталанған. 1984 жылы Еділ мен Орал құмында – 250 мың, ал 1988 жылы Байқоңырдан зымыран ұшқаннан кейін бірнеше күннің ішінде 434 мың ақбөкен опат болған. Кезінде бұл мәліметтер ресми түрде баспасөзде жарияланды. Айта кететін нәрсе, өкілетті мекемелер осы оқиғаның бәрінде түз тағыларының жаппай қырылуына себеп «пастереллез індеті кінәлі» деген қорытынды шығарған.
Енді Тәуелсіз елімізге қатысты жағдайға келейік. 1993 жылғы санақ нәтижесі бойынша, еліміздегі ақбөкендердің жалпы саны 1,2 миллион басты құраған. Бұл көрсеткіш одан кейінгі жылдары күрт кеміп, 2003 жылы 21 мың 200 басқа дейін азайған. Күлесің бе, жылайсың ба?! Табиғатқа қатысты мұндай қаскөй қылмысты қалай ақтап алуға болады?! Көрдіңіз бе, Тәуелсіздік қазаққа құт болғанымен, киікке жұт әкелген. Өлім себебін анықтау үшін құрылған арнайы комиссия «киіктер пастереллез ауруына шалдыққан» деген қорытындыға келген. Артынша «жоқ, олай емес екен» деп жалтарған. Бұл қырғын да киіктердің жаппай ажал құшуының соңғы дерегі болмай шықты. Одан кейінгі жылдары да бірнеше өңірде киіктердің жаппай ажал құшуы тіркелді. Мысалы, 2010 жылы мамыр айында 4 күннің ішінде Орал құмында 12 мың бас киік қырылып қалды. Оның 64,2 пайызы аналық, 35,4 пайызы лақ, 0,4 пайызы теке. Өлген киіктердің барлығының да белгілері ұқсас болған: мұрындары мен ауыз қуыстарында қанды көбік байқалған, іштері кеуіп, тышқақтаған. Өліктерді сойып тексергенде өкпеге, кеуде қуысына, бауыр мен көкбауырға қан толғаны (гиперемия) анықталған. Ауру өте ауыр токсикалық жағдайда жүріп, аңдар 4-5 күннің ішінде жаппай өлім-жітімге ұшыраған. Дәл осы белгілерге сүйеніп, комиссия сарапшылары киіктердің тек пастереллезден емес, сонымен қатар ылғалды шүйгін шөпті шектен тыс көп жегендіктен, яки қомағайлықтан өлген деген болжамын ұсынды. Шын мәнінде, сол өлген ақбөкендердің неден қырылғаны бүгінгі күнге дейін нақты анықталған жоқ. Араға жыл салып осы өңірдегі ақбөкендердің қырылу оқиғасы тағы қайталанды. Түз тағыларының саны 500-ге кеміді. Өлген аңдардың 90 пайызы аналықтар мен лақтар болып шыққан. Киік тұқымдас бұл аң түрінің жаппай қырылуы 2012 жылдың көктемінде Торғай даласында да орын алды. Осы аумақта мекен еткен сұлу жануардың 600-ге жуығы тағы да белгісіз себептермен қырылды.
Сарапшылардың бұл жолғы болжамы: «даладағы шашылып жатқан химиялық тыңайтқыштар мен ғарыштық кемелерден бөлінетін улы заттар киіктердің өліміне әсер етуі мүмкін», – дегенге сайды. Киіктердің жаппай қырылу фактісі мұнымен де тоқтай қойған жоқ. 2013 жылы Қарағанды мен Ақмола облыстарының аумағында 3 мың бас ақбөкен тағы баудай түсті. Жүргізілген сараптаманың нәтижесі бұлардың өліміне де бұрынғыдай пастереллез індеті себепкер деп шықты. Яғни қыстың қатал, аязды күнін көтере алмай төлдеу кезінде ортаға бейімделу қасиеті төмендеген, сөйтіп, иммунитеті әлсіреп, іші өткен, жұқпалы ауру бірінен екіншісіне жұғып, ақыры жаппай өлімге әкелген дейді. Қысқасы, тұқымы жер бетінен жойылып кету алдында тұрған ақбөкендердің жаппай қырылу фактісінің жыл сайын қайталануы халықты ашындырып, ашу-ызасын тудырса да, зерттеушілер мен шенділер оның нақты себебін анықтай алмады.
Сонан соң не болды дерсіз? Киіктерге қатысты түсініксіз жағдай 2015 жылы көктемде тағы да қайталанды. Бұл жолғы апаттың зардабы өте ауқымды және қайғылы болды. Киіктердің жаппай өлім құшу фактісі әуелі Қостанай облысында тіркелді. Одан кейін Ақтөбе және Ақмола облыстарында киіктердің жаппай қырылуы байқалды. Мамыр айының соңында осы үш облысына қырылған киіктердің саны 120 мың 977 басқа жеткен. Оның үстіне ажал тапқандардың көпшілігі – аналықтар мен лақтар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми мәліметі бойынша, киіктердің жаппай қырылуы олар төлдейтін мезгілде және жануарлар тұрақты мекендейтін өңірлерде болған. Енді мынаған қараңыз, мамыр айында басталған киіктердің белгісіз себеппен жаппай қырылуы маусым айының басында Ақтөбе облысының Әйтеке би және Ырғыз аудандарында тағы да қайталанды. Бұл аймақтарда 18 мамыр мен 1 маусым аралығында 9 мыңнан астам киік ажал құшса, 3 маусымда бір күнде 10 мың киік мерт болған. Сөйтіп, екі аптаның ішінде қырғын тапқан түз тағысының жалпы саны 130 мыңнан асып түсті.
Сайын дала сұлуларының нендей індетке ұрынғанын анықтау ауыл шаруашылығы министрлігі мен білім және ғылым министрлігіне қарасты Биология институтына жүктелген болатын. Әуелде олардың неден қырылып жатқандығын анықтау мүмкін болмады. Сөйтіп, еліміздің шенділері мен мамандары киіктердің қандай індетке шалдыққандығын анықтай алмай шетелден арнайы мамандар шақыртуға тура келген. Шекара асып келген неміс, ағылшын және орыс ғалымдары қазақ даласында жортқан киікті қырғынға ұшыратқан аурудың себебін анықтауға бірден кірісіп кетті. Қорытындысында, мамандар киіктердің қомағайлық дертіне шалдыққанын айтып, өздерінің тексеру жұмысына нүкте қойды. Олардың пайымдауынша, киіктер тойған-тоймағанын білмей қалған, сөйтіп ашкөздікпен көк майсаны шектен тыс көп жеп, бөгіп қалған-мыс. Осындай болжамын ұсынған Ұлыбританиядағы «Киіктерді сақтау альянсының» жетекшісі Миллер Гулланд «киіктер пастереллезден басқа індетке шалдыққан, олар улы майсаны қомағайлана жайылу барысында уланып әлсіреген, содан өлуі мүмкін» – деді.
Оған қарсы пікір білдіргендер де болды: «Киік – туғаннан түз тағысы. Жабайы аңның инстинкті далалы жерге жақсы бейімделген, қай жерде қыстап, қандай шөп жеу керектігін жақсы біледі. Сондықтан оның улы шөпті ажырата алмауы мүмкін емес», – дейді мамандар. Олардың дәлелдеуінше, далада, тауда, орманда өсетін улы өсімдіктердің саны, сапасы, қауіптілігі әлдеқашан анықталған. Біздің елімізде жүз мыңдаған жануарды бірден жалп еткізердей көлемде бірде-бір улы шөп өспейді екен.
Сол екі арада Ресейдің ауыл шаруашылығын бақылау федералдық қызметі бұл апатқа байланысты өте қызық мәлімдеме жасап үлгерді. Олардың болжамынша, киіктердің жаппай ажал құшуына пастереллез де, олардың қомағайлығы да кінәлі емес екен, оған Өзбекстаннан иммиграция жасайтын жануарлардың теріс әсері бар болып шықты. «Аусыл, оба, шешек сынды жұқпалы дерт киіктердің жаппай қырылуына түрткі болуы мүмкін. Ал бұл дерттен ада емес жануарлар Өзбекстан жерінен Қазақстан аумағына мың-мыңдап қоныс аударады», – деген ресми ақпаратта.
Біздіңше, бұлай болжам жасауға ешқандай негіз жоқ. Себебі Өзбекстан мен апат орын алған өңірдің арақашықтығы тым алшақ. Егер өзбек жерінен келген ауру түрі болса, киіктер миграциясы Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарын кесіп өтеді, жергілікті үй жануарларына да өз әсерін тигізуі керек еді. Ондай факті тіркелмеген. Ресейліктердің бұл әрекетіне күле қараған кейбір сарапшылар, Сарыарқада орын алған апат пен «Байқоңыр» аэроғарышының қызметі арасында тікелей байланыс жоқ екенін меңзеп, халықтың көңіл-күйін басқа жаққа аудару үшін жасалған «арзан саяси трюк» деп бағалады.
Осылайша, киіктердің жаппай қырылу себебін ешкім нақты анықтай алмады. Ашынған «жұрт бұл қалай?» десті. Сөйтіп, 2015 жылғы апаттан соң халық биліктің болжамдарына (пастереллез нұсқасына) тұңғыш рет күдік келтірді, шындықты жариялауды талап етті. Оған себеп жоқ емес еді. Өйткені, киік-қырғын болардан бір күн бұрын ғана «Байқоңыр» аэрокешенінен аспанға көтерілген «Протон» апатқа ұшыраған болатын. Одан кейінгі төрт-бес күннің ішінде далада ақбөкендер қынадай қырылып қалды. Түсінбестік те осыдан басталды. Қараңыз, аспаннан 600 мың тонна өте қауіпті у көтерген зымыран құлайды, ертеңіне киіктер қырылады, оған неге екені пастереллез індеті кінәлі болып шығады. Қисын қайда?!. Жалпы, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай резерваты ақбөкендердің жаппай қырылатын эпиорталығына айналғалы қашан. Бұған не себеп? Апатқа ұшыраған «Протоннан» осыншама көлемде гептил уы шашылуы мүмкін бе? Алайда Аэроғарыш комитеті төрағасының міндетін атқарушы, академик Мейірбек Молдабеков оның мүмкін еместігін мәлімдеді.
Болат ШАРАХЫМБАЙ,
ақын
(Жалғасы бар)