Прокурорлар мен полицейлер шалғайдағы қыстауларды аралап, түрлі себептермен жеке куәліктерін жоғалтып алған азаматтарды құжаттандырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Полицейлер, дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер мен прокурорлар Жаңаарқа ауданындағы шалғайдағы 33 ауылға, 17 шаруа қожалығына, 49 қыстауға, сондай-ақ Атасу кентіне, Қызылжар станциясына, 12 ауылдық округке барған.
Қарағанды қыстақтарында құжатсыз жүргендер жеке куәлік алды
«Барлық жұмысшыларды қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіп, олардың сұрауы бойынша жеке куәліктерін алуға көмектестік. Аталмыш елді мекендерде мәжбүрлі түрде жұмыс істеп жатқан адамдардың жоқ екендігін мәлімдейміз. Барлық жұмысшылар өз еріктерімен жұмыс істеп жатыр», — деп хабарлады Қарағанды облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Жұмысшылар да қыстауда жұмыс істеу үшін ешкімнің өздерін мәжбүрлемегендігін айтты.
Сондай-ақ, көптеген жұмысшылардың еңбек келісімшартын рәсімдемей жұмыс істеп жатқандықтары анықталды.