Шымкент қаласының тұрғыны Қыздығой Жалмырзақызы Баишева зейнетке шықса да, бір тыным таппайды. Соңғы кезде көп айтылатын масылдыққа қарсы күресте үлгі болатын жан. «Ғасыр» әжелер тобында өнер көрсетеді. 2021 жылы «Ақ кимешек» әжелер байқауын қала бойынша бес ауданның ішінде бірінші болып өткізген де осы Қыздығой апамыз. Әр мерекеде жоспарға сәйкес іс-шара өткізетін де осы әжей. Жылда Наурыз мерекесінде бес ауданның әжелерімен сайысып, бірінші орынды бермейтін де осы «Ғасыр» әжелер тобы. Қай сайыстан да жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Мәселен, биылғы Наурызда «Ұлт ұясы – бесік» тақырыбында өткен байқауда қаншама қатысушының арасынан 700 мың теңгелік жүлдені қанжығасына байлаған. Одан бөлек, жыл сайын Қырғызстан еліне барып, «Ыр Кербен» фестиваліне қатысып, «Үздік жетекші» деген медалмен марапатталып, жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Осымен биыл бесінші рет қырғыздарға барып, кезекті рет бағын сынап қайтпақшы.
Қыздығой Баишеваның марапаттары туралы әңгіме бөлек. «Құрметті ардагер», «Сауап», «Алтын ана», «Анаға тағзым», т.с.с. медальдармен марапатталған.
Өзі тұратын Шымкенттің Бозарық елдімекеніндегі №131 мектептің қамқоршылық кеңесінің төрайымы деген де міндетін айта кету керек. Аталған білім ордасынан «Әжемнің өнегелі үлгісі» атты қазақы бұрыш ашып, анасынан қалған көне құнды жәдігерлер мен тұрмыстық бұйымдарды сол жерге сыйға тартыпты. Ондағы бар бұйым өскелең ұрпаққа қазақылықтың дәнін себудің төте жолын тапқан ананың өз қолынан шыққан. Бүгінде Қыздығой Баишеваның бұрышы №131 мектептің сәнінен сән, мәніне мән қосып тұрғаны көңілге қуаныш сыйлайды.
Отбасы мен қоғамдық жұмыстарынан бөлек, Қыздығой апамыздың жеке кәсібі бар. Осыдан бес жыл бұрын есігінің алдынан наубайхана ашып, өз бала-шағасы мен өзгелерді де жұмыспен қамтып келеді. Күніне 4 қап ұннан 1000-ға жуық нанды қала дүкендеріне кіші ұлы таратып шығады екен. Наубайханадан басқа қала орталығында азық-түлік дүкенін үлкен ұлы жүргізеді. Наубайхана мен дүкенді отбасылық кәсіпке айналдырған еңбек ардагері осылайша немерелерін де еңбекке баулып, нәпақа айырудың жолын көрсетіп берген.
«Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзбей, жеңіл табыс табуға ұмтылу белең алып бара жатқан сияқты. Ұлы Абайдың «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген сөзі айна-қатесіз келіп жатыр ма деп ойлаймын. Қазір зейнеттегі адам былай тұрсын, жұмыс істеуге құлқы жоқ жастарымыз да бар. Оларды еңбекке тек ата-анасы өзі үлгі болу арқылы тәрбиелей алады», — дейді Қыздығой әже.
Еңбек шыңдалып, еңбекпен қайралған ел анасы қоғамдағы патерналистік көңіл-күй мен әлеуметтік масылдықты төмендету үшін халық арасында ақпараттық жұмысты күшейту басты міндет деп есептейді. Зейнет жасына жетіп тыным таппай, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген осындай еңбеккер жандар қоғамға үлгі.
Мөлдір Кенжебай,
Шымкент қаласы