jasqazaq.kz

Қыздығой әженің өнегелі үлгісі

27 тамыз, 13:03

Маңдайын күн сүйген көне шаһар – Шымкенттің тынымсыз тіршілігі тоқтамайды. Қоғамдық іс-шаралар күн құрғатпай өтіп жатады. Сол іс-шаралардың алдында үнемі жүзінен нұр шашқан бір әжейді көреміз. Әжей деген аты, Қыздығой Жалмырзақызын әже деуге қимайсыз. Жастармен жарысып жүріп барлық іс-шараны жарқыратып атқарады. Зейнетке шықса да, тыным тапқанын көрмеппіз. Қашан хабарлассақ та, жұмыс кестесі тығыз. Еңбекпен қайнап, еңбекпен жетілген жан. Ал бүгінгі қоғамда еңбектің қадірін білетіндер де, білмейтіндер де бар. Өйткені «алма піс, аузыма түс» дейтін заманда ішер ас, киер киім, барлығы дайын. Содан кейін де «Мемлекет істеп берсін», «мемлекет жасап берсін» дейтін масылдық көңіл-күй басым болып тұр ма деген ойға қаласың. Міне, осы тұста 19 жыл мұғалім болып, ұл-қыз өсіріп, кәсіп ашып, оны дөңгелетіп, барлығын қатар алып жүрумен бірге қоғамға да қосар үлесі ұшан-теңіз Қыздығой Баишева сияқты еңбек ардагерлерін қалай үлгі етсек те жарасады.

Қыздығой Баишева Өзбекстанның Жизақ облысы, Пахтакор ауданы, Қарамырза ауылына келін болып түскен. Ата-енесі, қайынаға-абысыны, алты бала-шағасымен, қайынапа, үш қызымен, екі қайынінісі, жолдасы және өз балаларын қоса алғанда келіндік өмірінің алғашқы сатысында 26 жаны бар отбасына қызмет көрсетуді нәсіп етіпті.

«Барлығымыз таң қылаң бергеннен сағат 5.00-де тұратынбыз. 9.00-ге дейін екі тандыр нан жабамын. Күбіде сары май пісемін. Ыстық нан мен сары маймен ата-енеме, үйдегілерге самаурында қайнатылған ыстық шәй беремін. Таңғы шәйдан соң жер жаңғақ шабуға барамыз. Үйдің тірлігімен қатар өзбек мектебінде 19 жыл технология пәнінің мұғалімі болып істедім. Өзім тігінмен айналысамын. Көрші-қолаңның ұзатылатын қыздарының көйлек, нымшасын тігіп беретінмін. Кейін санасам, 26 қыздың ұзату көйлегін тігіппін», — деп келіндік өмірін еске алды кейіпкеріміз.

Қыздығой апа бүгінде 3 ұл, 1 қыздан 15 немере сүйіп, әжелік бақытқа кенеліп отырған жайы бар. «Осы өмірге әуелі Алла, сосын жастайымнан талапшылдығыммен жеттім деп ойлаймын. Айналамдағылардың көпшілігі үнемі «Жап-жас көрінесіз! Бұның сыры неде?» деп сұрап жатады. Адамның бірінші денсаулығы мықты болса, екіншіден көңіл-күйі жақсы болса, әрқашан да күліп-ойнап, адамдарға шуағыңды шашып жүрсең, жасарып жүрудің себебі сол деп ойлаймын. Ешқашан ешкімге қапа болмаймын. Үнемі жадырап жүргеннен соң келіндерім де қабағын шытқан емес. Аллаға шүкір, үш келінім бар. Отбасым өте өнерлі. Қызым музыкалық университетті бітірген. Немерелерімнің бәрі домбыра, жетіген тартады. Барлығы мектепте үздік оқиды деп мақтана аламын. Өзім бос уақытта тігінмен айналысамын. Үйде келініміз екеуміз жоқтан барды шығарып, тігіс тігіп, құрақ құраймыз. Немерелеріме көйлек тігіп, кесте тоқуды үйретіп отырамын», — деді кейуана жасарып, сергек жүруінің сырымен бөлісіп.

Қ. Жалмырзақызының өнегелі өмір жолына қарап отырып адам бейнеттің үстінде жүрсе қартаймайтынын, еңбекпен шыңдалатынын сөзсіз ұғынасыз.
«Азанда ерте тұру – менің айнымас әдетім. Күн сайын ерте тұрып, 15 минуттық дене шынықтыруымды бітіргеннен кейін есік алдындағы үйіргелік жерге екке бау-бақшама шығамын. Бақшамда өрік, жүзім, шие сияқты жеміс ағаштарынан бастап қызанақ, бәдіренге дейін өзіміз егіп, баптаймыз. Гүлдің түр-түрін еккенбіз. Жеміс-жидек, көкөністі сырттан сатып алмаймыз. Қысқа тосап, салаттарымыз да сол есік алдындағы бақшаның өнімдерінен дайындалады. Аулада бау-бақшаның болғаны денсаулыққа пайдалы әрі көрер көзге де керемет көрініс, таза ауамен тыныстауға сеп. Көршілеріміз кілең жас отбасылар. Оларға да қолымнан келгенше ақылымды айтып, бағыт-бағдар беріп отырамын», — дейді ол.

Қыздығой Баишева төрайымдық ететін Қаратау аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған Аналар алқасы «Ғасыр» әжелер тобының құрылғанына биыл алтыншы жыл. Шымкентте өтетін қайсыбір іс-шара «Ғасыр» әжелерінсіз өтпейді. Топ құрамындағы 7 әже де әр түрлі салада жемісті еңбек етіп, абыроймен зейнетке шыққан белді мамандар.

«Әжелеріміздің қай-қайсысы да салт-дәстүрді жетік біледі. Қаратау аудандық аналар кеңесінің төрайымы болғалы барлық жұмысқа құлшыныспен кірісемін. Бізде жылдық жоспар бойынша бір күніміз бос болмайды. Әжелерді жастармен, қыздармен кездесуге жиі шақырады. Атам қазақ аттан жығылса да, салт-дәстүрден жығылмаған. Жүрген жерімізде халқымыздың бай мұрасы салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды дәріптеп жүреміз. Біздің қазіргі қыздарымыздың басым бөлігі Еуропаға еліктейді. Шашты жайып жіберіп, далақтатып кең бір нәрселерді, кіндігі мен иығын көрсетіп, жеңсіз киініп алады. Осы орайда шашын жайып жүрген қыздарға айтарым бар. Қыздар, айналайын, шаштарыңды жаймай, тоқпақтай әдемі шаштарыңды түйіп алып, қазақтың қызы екеніңді көрсетіп жүріңдер. Кіндіктеріңді көрсетпей, келте көйлек кимей, тізеден төмен түсетін көйлек киіп жүріңдер. Сонда аналарың алғыс алады деп айтқым келеді», — деп жаулығы қарқарадай ана бүгінгі буын қыздарға өкпе-назын да жеткізді.

Өмірі, қоғамдық жұмысы салт-дәстүрмен байланысты болған соң Қыздығой әжей отбасында да ұрпағына ұлттық педагогиканың әдіс-тәсілдерін қолданатын көрінеді.

«Үйдегі балаларыма ұлттық құндылықтарды сіңіруге, салт-дәстүрді үйретуге тырысамын. Немерелерім ешқашан шашын жаймайды, көкірегі ашық көйлек кимейді. Көшеде жүргенде үлкен кісілердің алдын кеспе, үлкендерге сәлем беруді ұмытпа деп айтудан жалыққан емеспін», -дейді.
«Ғасыр» әжелер тобы – ортаның гүлі, байқаулардың жеңімпазы. 2021 жылы «Ақ кимешек» әжелер байқауын қала бойынша бес ауданның ішінде бірінші болып өткізген де осы Қыздығой апамыз. Әр мерекеде жоспарға сәйкес іс-шара өткізетін де осы әжей. Жылда Наурыз мерекесінде бес ауданның әжелерімен сайысып, бірінші орынды бермейтін де осы «Ғасыр» әжелер тобы. Қай сайыстан да жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Мәселен, биылғы Наурызда «Ұлт ұясы – бесік» тақырыбында өткен байқауда қаншама қатысушының арасынан 700 мың теңгелік жүлдені қанжығасына байлаған. Одан бөлек, жыл сайын Қырғызстан еліне барып, «Ыр Кербен» фестиваліне қатысып, «Үздік жетекші» деген медалмен марапатталып, жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Осымен биыл бесінші рет қырғыздарға барып, кезекті рет бағын сынап қайтпақшы.

Қыздығой Баишеваның марапаттары туралы әңгіме бөлек. «Құрметті ардагер», «Сауап», «Алтын ана», «Анаға тағзым», т.с.с. медальдармен марапатталған.
Өзі тұратын Шымкенттің Бозарық елдімекеніндегі №131 мектептің қамқоршылық кеңесінің төрайымы деген де міндетін айта кету керек. Аталған білім ордасынан «Әжемнің өнегелі үлгісі» атты қазақи бұрыш ашып, анасынан қалған көне құнды жәдігерлер мен тұрмыстық бұйымдарды сол жерге сыйға тартыпты. Ондағы бар бұйым өскелең ұрпаққа қазақылықтың дәнін себудің төте жолын тапқан ананың өз қолынан шыққан. Бүгінде Қыздығой Баишеваның бұрышы №131 мектептің сәнінен сән, мәніне мән қосып тұрғаны көңілге қуаныш сыйлайды.

Отбасы мен қоғамдық жұмыстарынан бөлек, Қыздығой апамыздың жеке кәсібі бар. Осыдан бес жыл бұрын есігінің алдынан наубайхана ашып, өз бала-шағасы мен өзгелерді де жұмыспен қамтып келеді. Күніне 4 қап ұннан 1000-ға жуық нанды қала дүкендеріне кіші ұлы таратып шығады екен. Наубайханадан басқа қала орталығында азық-түлік дүкенін үлкен ұлы жүргізеді. Наубайхана мен дүкенді отбасылық кәсіпке айналдырған еңбек ардагері осылайша немерелерін де еңбекке баулып, нәпақа айырудың жолын көрсетіп берген.

«Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзбей, жеңіл табыс табуға ұмтылу белең алып бара жатқан сияқты. Ұлы Абайдың «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген сөзі айна-қатесіз келіп жатыр ма деп ойлаймын. Қазір зейнеттегі адам былай тұрсын, жұмыс істеуге құлқы жоқ жастарымыз да бар. Оларды еңбекке тек ата-анасы өзі үлгі болу арқылы тәрбиелей алады», — дейді Қыздығой әже.
Еңбек шыңдалып, еңбекпен қайралған ел анасы қоғамдағы патерналистік көңіл-күй мен әлеуметтік масылдықты төмендету үшін халық арасында ақпараттық жұмысты күшейту басты міндет деп есептейді. Зейнет жасына жетіп тыным таппай, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген осындай еңбеккер жандар қоғамға үлгі.

Мөлдір Кенжебай,
Шымкент қаласы

03 қыркүйек, 14:27
«Шанхай рухымен» - сенімді серіктестік пен кемел келешекке
31 тамыз, 11:07
USAID ақыры жабылды
29 тамыз, 19:32
Шетелден ақша алатын белсенді мен блогерге жайсыз жаңалық
27 тамыз, 12:47
The Guardian: Темірлан Анарбеков «Қайратты» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне алып шықты
27 тамыз, 10:24
Жолдау-2024: «Таза Қазақстан» - кемел келешектің қайнар көзі
26 тамыз, 15:56
Баланың психологиялық саулығы – қоғамның басты құндылығы
22 тамыз, 14:11
Өнер өмірге құштарлықты арттырады немесе «Ақжайық» мектебіндегі музыкатерапия
20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы - басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда