Қыздан туған бала жиен бе әлде немере ме?

Бүгін, 14:01

Белгілі әнші Жанар Айжанова “LStories” бағдарламасында қыздан туған баланың статусына қатысты пікір білдіріп, көпшіліктің қызу талқысына түсті:
“Қыздан туған бала немере емес дейді. Ол қалай сонда? Қыздан туған бала немере болмайды дегенге келіспеймін. Қыздан туған бала да немере саналады. Немеренің екі атасы, екі әжесі болады: нағашы атасы мен нағашы әжесі және өз атасы мен әжесі. Қалған нағашыларына жиен болады. Бірақ тұқым негізі қыздан тарайды. Ол өзінің туған атасы мен әжесімен қатарласып, құрдасындай ойнап өсуі керек. Ал нағашы атасы мен әжесімен олай еркін ойнай алмайды», – деді әнші.

Қоғам екіге жарылып, бірі Жанар Айжанованы қолдап, қыздан туған бала да немере болуы керек десе, енді бірі қазақтың дәстүріне сүйеніп, қыздан туған баланың «жиен» екенін дәлелдеуге тырысты.
Бұл мәселе саясаткерлердің де назарын аудартты. Мәжіліс депутаты Қазбек Иса Facebook парақшасында өзінің қатаң көзқарасын білдірді:

«ҚАЗАҚТА ҚЫЗДАН ТУҒАН – ЖИЕН! Өйткені, оның руы басқа! Ол немере болатын өз атасы бар! Сен оған нағашы ата-нағашы әжесің! Болды!
жиен дегенді жау, бөтен көру қайдан шыққан вирус?!. Жиен деген ерекше статус! Нағашы жиеннің қалағанын беруі тиіс! Жиен болмаса, нағашы деген орны ерекше, құрметті туыс қайдан болады?!
Ұлдан туған — НЕМЕРЕ! Тұқым ұлдан тарайды, қыздан емес! Халықты шалағайлықпен шатастырмау керек!»

Белгілі этнограф Болат Бопайұлы қазақ халқының дәстүріне сүйене отырып, жиеннің мән-маңызын былайша түсіндіреді:

“Қазақ халқының туыстық, қандастық қатынасында қыздан туған ұл мен қыз «жиен» деп аталады. Жиен атанған ұл мен қыздың шешесінің әке-шешесі, аға-бауыры, әпке-сіңлісі қызынан туған ұл мен қызды «жиен» деп атайды, «жиен» деп шақырады, «жиен» деп таниды. Жеті ата салтын берік ұстанған қазақ халқы жиендік тұқым жалғасуында жеті ұрпаққа дейін әдемі атаумен атай білген:
1. Қыздан туған бала – Жиен
2. Жиеннің баласы – Жиеншар
3. Жиеншардың баласы – Дегеншар
4. Дегеншардың баласы – Көгеншар
5. Көгеншардың баласы – Көбеңшар
6. Көбеңшардың баласы – Тебеншар
7. Тебеншардың баласы – Өлеңшар
8. Сегізінші ұрпағы – Қаймана”

Мәдениеттанушы Бердалы Оспан да бұл пікірді қостаса да қыз бен ұлдан туған балаларды алаламай немере екенін мойындау қажет деп санайды: “Қазақ ұл мен қызға бірдей қараған. Сондықтан ұлдан да туған, қыздан да туған бала — немере. Бірақ қыздың баласы — басқа рудың адамы. Одан бөлек, баланың ұл не қыздан екенін ажырату үшін қазақ жиен деп атаған.
Қыздан туған баланы немерең емес деген қате түсінік. Егер өз қаныңнан туған перзентіңнің, қыздан болсын, ұлдан болсын, қалай немерең болмайды?

Негізі ең дұрысы — “жиен” деп атау. Бұл мәселенің түп-төркіні тұрмыс салтымызда жатыр. Бұрынғы мен қазіргіні салыстыруға келмейді. Қазір бәріміз қалада тұрамыз, көп дәстүрлерді ескере бермейміз, тіпті көбін білмейміз де. Сол себепті ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпас үшін осындай пікірталастар орын алып жатқанын байқаймыз. “-деді ол.

Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 18:47
Транскаспий дәлізі: Орнықты да оңтайлы
Бүгін, 18:31
Файзулла Мұстафинұлы: Мақта кластері сыртқы нарыққа тәуелділікті азайтады
Бүгін, 14:01
Қыздан туған бала жиен бе әлде немере ме?
05 наурыз, 12:03
Дәулет Дидахметұлы: Әкемнің шығармалары – уақытпен өлшенбейтін құндылық
01 наурыз, 10:08
Президент: Асыл дініміз де, ата дәстүріміз де жұртты жақсылық пен жасампаздыққа үндейді
24 ақпан, 11:57
Жалған психологтар мен коучтардан қалай арыламыз?
19 ақпан, 16:29
Ораза ұстап арақ ішсе, сауабы болмайды
19 ақпан, 14:25
Алмақтың салмағы: танымал тұлғалардың салық төлеуден басқа амалы жоқ
18 ақпан, 12:10
"Б/У" гүлдің саудасы. Шын көңілмен сыйлаған гүлді сату дұрыс па?