Құтқарушы – мәртебелі мамандық

11 қыркүйек, 15:03


«Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады».
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Тосыннан болатын төтенше жағдайдың сипаты әр түрлі. Өртпен де, селмен де, сумен де қаймықпай күресетін құтқарушылардың қызметі қауіп пен қатерге толы. Жұмысқа шыққанда алдында не күтіп тұрғанын топшылау қиын мамандықты көлденең көк атты таңдамайды. Солардың бірі -көкшетаулық Мұрат Асылбеков. Аймақтың тыныштығы, табиғаттың бүтіндігі үшін осы салаға өлшеусіз үлесін қосып келе жатыр. Мәртебелі мамандық иесімен Көкшетауға барған сапарымызда үйінде жолығып, арнайы сұхбат құрған едік.

Мұрат Асылбеков осыдан отыз жыл бұрын өрт сөндірушілердің сапын толықтырды. Өзге жас әріптестеріндей бірінші шақыртуға шыққанда бойында қобалжу болмапты. Өйткені әкесі Сапарғали да жарты ғасырдан астам ғұмырын осы салаға арнаған құрметті маман еді. «Жоғары сыныптарда оқығанда әкем дала өртіне бірге алып кететін еді», — деп есіне алады. Тілсіз жаумен күрестің қыр сырын жастайынан меңгеріп, әкесіне еліктеген Мұрат 1991 жылы Алматыдағы техникалық училищеге түседі.

1994 жылы оқуын аяқтап, туған жері Көкшетауға оралады. Лейтенант шенімен қызмет жолын бастайды. Сол жылы Шучинск қаласындағы мұнай базасында жарылыс болады. Он мың тонна жанармайды жалмаған жалын бет қаратпайды. Мұндай алапат өрт аймақта бұрын-соңды болмаған еді. Тіпті 5 шақырым қашықтықта орналасқан үйлердің терезесі шытынап, сынып кеткен. Тұрғындарға қауіп төнген сын сағатта әр минут маңызды. Көкшетаудан жедел жеткен құтқарушылардың арасында Мұрат та бар еді. Олар тілсіз жаумен жеті сағат алысады. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Басын қатерге тіккен құтқарушылардың еңбегі ерен. Осы оқиғадан соң Мұрат Асылбеков Президент Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

Адал еңбегінің арқасында Төтенше жағдай басқармасының басшысы қызметіне дейін өсті. Десе де, мансапқа, марапатқа тоқмейілсіген жан емес. Осыдан бес жыл бұрын зейнетке шықғыпты. Соған қарамастан, бұл саладан алыстамады. «Қол қусырып отырмаймын» дейді. Өз еркімен облыстық жедел құтқару жасағына оралды. Бүгінде білген-түйгенін жастармен бөлісіп, жол сілтейді. Былтыр Түркиядағы жойқын жер сілкінісінің салдарымен күресуге аттанған қазақстандық құтқарушылар жасағының құрамында болды.


«Бауырлас түрік халқына оңайға соқпады. Зілзаланың салдары сұмдық еді. Біздің құтқарушылар тәуліктің 24 сағатында тоқтамайй, ауысыммен жұмыс істеді. Арнайы үйретілген иттерді үйінді астынан адам іздеуге пайдаландық. Елге оралғаннан кейін мемлекеттік наградаға ұсынылдық. Шыны керек, марапат алайыншы деген ой ешқашан болған емес. Еңбегіміздің еленгені ол әріптестерімнің ортақ жемісі деп білемін», — деді ол сұхбат барысында.

Туған інісі Жанат та әке жолын қуған. Бүгінде Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы. Әріптестері Асылбековтер отбасын «құтқарушылар әулеті» деп атап кеткен.

«Біз жұмыс барысында өзімізді мүлде ойламаймыз. Бірінші кезекте төтенше жағдайға тап болған адамға көмектесу көкейімізде тұрады. Әкеден алған тәлім-тәрбие қызмет барысында бізге темірқазық болды десем артық айтқандық емес. Әкеміз мамандыққа деген адалдықтың дәнегін бала кезден санамызға екті. Бүгінде жеткен жетістігіміз әкеміздің арқасы», — деп Мұрат аға ағынан жарылады.

Халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздік пен апаттық жағдайға жол бермеуді қадағалайтын төтенше жағдайлар қызметі жауапкершілікті, ерлік пен батылдықты талап етеді. Адамдарды құтқару — қауіпті, бірақ абыройлы міндет. Мұрат Асылбеков — сондай абыройлы міндетті өмір бойы арқалап келе жатқан Адал азамат.

Асқарбек Қазанғап

26 желтоқсан, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?