Бүгін Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына тура 80 жыл толып отыр. Дәл қазір Бейжіңде Ұлы Жеңіске арналған салтанатты әскери парад өтіп жатыр, оған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуда. Бұған дейін Мемлекет басшысы мен қазақстандық әскери қызметшілер Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысқан болатын.
Бұл іс-шаралардың басты мақсаты — аға буынның ерлігіне терең құрмет білдіру және болашақта сол сұмдық трагедияның қайталануына жол бермеу.
1945 жылы милитаристік Жапония басқыншыларынан Қытайды азат етуге қазақ жауынгерлері де белсене қатысып, сол Жеңіс жолында өз өмірлерін қиды. Мысалы, Қытай Халық Республикасының Чжанбэй уезінде қаза тапқан қаһармандарға арналған ескерткіш орнатылған. Онда біздің отандастарымыз Әселжан Бербеков, Әуезхан Жапаров, Төлепбек Өтебаев және басқа да батырлардың есімдері мәңгілікке жазылған. Біздің бірлестік қыршын кеткен боздақтардың Қазақстанда тұратын туыстарын іздеп тапты. Олардың көпшілігі кешені күнге дейін ата-бабаларының қайда жерленгенін білмей келген көрінеді, тек ұзынқұлақтан естулерінше майданнан оралмаған.
Майдангер Төлепбек Өтебаевтың туыстары Созақ ауанының әкімі Мұхит Тұрысбеков пен сол өңірдің тумасы, танымал журналист Тоқтар Жақаштың арқасында санаулы сағаттардың ішінде табылды. Майданға үш ағайынды – Үсенбек, Толымбек, Төлепбек деген жігіттер аттанған екен. Үшеуі де сол соғыстан оралмапты.
«Толқымбек Өтебаев Украина жерінде каза тауып, Житомирде жерленген. Екінші бауыры Үсенбек Өтебаев Ленинград облысында опат болып, сонда жатыр. Менің әкемнің атын сол Үсенбектін аты өшпесін деп Үсенбек қойган екен»,- дейді майданердің ұрпағы Бақытжан Қуанышбаев. Бақытжан қазір Астана қаласында тұрады. Төлепбек атаның қайда жатқанын кешеге дейін білмей келдік, өткен ғасырдың сексенінші жылдары әкем әскери комиссариатқа барғанда соғысқа осы жерден шақырылған деген анықтама қағаз ғана беріпті деп еске алады ол.
Жақында Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь мырзамен кездесуде ҚР ҚК ардагері, «Atamnyn Amanaty» ҚБ Бақылау кеңесінің мүшесі, генерал-майор Марат Нағұмановпен бірге Қытайда қаза тапқан жауынгерлердің ұрпақтары туралы баяндадық. Олардың қазақтың салтына сай ата-бабаларының басына барып тағзым етіп, құран бағыштап, өздерімен бірге туған жердің бір уыс топырағын апарғысы келетінін жеткіздік. Осы мәселеге байланысты Қытай тарабы мүмкіндігінше қолғабыс берсе деген тілегімізді де айттық. Оның қаншалықты жүзеге асатынын енді уақыт көрсетеді.
«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірестігі осыған дейін бұрынғы Кеңестер Одағы мен Шығыс Еуропа жерінде қаза тапқан, хабарсыз кеткен қазақ жаунгердерді іздестірумен айналысса енді оның зерттеуге тиіс географиялық аумағы ұлғая түсті. Өйткені Қытай Халық Республикасының Чжанбэй уезінде жерленген кеңестік жауынгерлердің толық емес тізімінде алпыстан астам адамның аты-жөні көрсетілген. Олардың ішінен басқа да отандастарымыздың табылып қалуы әбден мүмкін.
Әбубәкір Смайылов,
«Atamnyn Amanaty» ҚБ
Басқарма төрағасының орынбасары