Қысқы Олимпиада: қауқарымыз қандай?

11 ақпан 2022, 11:10

Осы күнде халқының саны жағынан, экономикалық әлеуеті бойынша дүниежүзінде үстем тұрған Қытай мемлекетінде қысқы Олимпиада ойындары өтіп жатыр. Бейжің қаласында 5 ақпанда алауы тұтанған қысқы аламан 20 ақпанда аяқталады. Әзірге біздің елден барған 34 спортшының додаға қосылғандары жүлде алуы былай тұрсын, бестікке де ене алған жоқ.

Қысқы Олимпиада ойындарына аттанар алдында бас қалада дайындық барысына қатысты кеңейтілген отырыс өткен еді. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев осы жиында дайындықтың қай деңгейде жүргені, спортшылардың бабы мен күйі жайында айтты. Министр Д.Абаев: «Еліміз үшін осындай қысылтаяң шақта біз спортшыларымызға алдағы ақ Олимпиадада допингсіз, дау-жанжалсыз лайықты дәрежеде өнер көрсету міндетін қойып отырмыз. Әрине, әр спортшы жеңіске жету жолында бар күш-жігері мен шеберлігін көрсететіні анық. Біз спортшыларымыздың кез келген жетістігіне қуанамыз. Бұл үшін мемлекет қолынан келгеннің бәрін жасады: спортшыларды даярлау, сапалы жаттығу процесі, жиындар мен біліктілік жарыстарына қатысу қаржыландырылды», – деген-ді. Шынында да солай.

Спортшыларымыз қаржыдан қағажу көрмесе, жаттығуды алаңсыз өткізсе, қарны тоқ, көйлегі көк болса, неге нәтиже төмен? Айтпақшы, қаржыға қатысты болған соң қыстыра кетейік, Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков Бейжің қысқы Олимпиадасына баратын делегацияға деп қазынадан 250 миллион теңге бөлу жоспарланып, кейін барушылардың қарасын азайту арқылы 228 миллион теңге жұмсағанын жеткізді. Тағы бір дерек, қысқы Олимпиада ойындарына жолдама алған спортшылардың дайындығына 400 миллион теңге бөлініпті.
Біз кімдерден үміт күттік? Ең алдымен, 2018 жылы Пхенчхан (Оңтүстік Корея) қысқы Олимпиадасында фристайлдың могул түрінен Юлия Галышева қола медаль алған еді. Бұл жолы да біз «үлкен пышақ ұялғаннан өтедіге» имандай ұйып, кәміл сендік. Өйткені Юлия Галышева 2010 жылы Канада елі өткізген қысқы Олимпиада ойындарына алғаш қатысып, 11-орынды місе тұтты. Ол кезде Юлия 18-ден енді асқан бойжеткен еді. 2014 жылы Сочи Олимпиадасынан (Ресей) 7-орынмен оралды. 2018 жылғы додадағы жетістігін айттық. Бір мүшел уақытта төрт Олимпиада додасына қатысқан Галышева кәсіби спорттың өлшемімен алғанда «қартайды». Отыз жаста шыңнан құлдилап келіп, секундтар ішінде әуеде айналып құламай, жерге қону, әрине, қиын. Бейжің Олимпиадасында 11-орын алған спортшы кәсіби мансабын тоқтатуды жоспарлап жүргенін де айтып қалды.

Талантты спортшы жүлдеге жете алмағанын дайындығының аз болғанымен, бабының кемшін түскенімен түсіндірді. Жаттығуды алаңсыз өткізуіне коронавирусқа қарсы тапсырған тест қорытындысы кешеуілдеп, уақыттан ұтылған.

Фристайлдың могул түрінен ерлер арасында сынға түскен Павел Колмаков пен Дмитрий Рейхердтен де жүлде күттік. Әсіресе, Колмаковқа көптің сенімі мол еді. Өйткені ол Алматыда өткен әлем чемпионатында қола, осы жылы Финляндия елі ұйымдастырған әлем кубогында күміс медаль олжалаған-ды. Әлемдік рейтингтегі көрсеткіші де тәп-тәуір болды. Бірақ сенген серкеміз Бейжің Олимпиадасын 21-орынмен тәмамдады. Қайта Рейхердтің жетістігі тәуір – ондыққа еніп, 8-орынды місе тұтты.

Үміт отын маздатады деген шорт-трекшілеріміздің ішінде әзірге Әділ Ғалияхметовтің 8-орын алуы ғана жетістік. Денис Никиша биылғы қысқы маусымда әлем кубогының кезеңдерінде екі рет қола медаль алды. Ал Әділ Ғалияхметов әлем кубогынан күміс жүлдемен оралған.
Өкінішке қарай, шорт-тректен 1500 метрге жарысуда Денис Никиша сүрініп кетіп, жарыс жолынан шығып қалды. Никиша канадалық атлетті де қағып ескерту алды. Ә.Ғалияхметов іріктеуден өтіп, финалдық бәсекеде жүлдеге жетпей тоқтады. Сайыстан кейін өзінің пікірін айтып, алғашқы Олимпиадасында 8-орын алуына көңілі толатынын жеткізді.

Кейбір спортшылар Бейжің Олимпиадасындағы сәтсіздікті табиғаттың тосын мінезіне жауып, желдің соғуына, жасанды қардың кедергі келтіргеніне аударып жатыр. Былтыр Токио Олимпиадасында «күн ыстық болды» деп желеулетіп еді.

Бұл да ештеңе емес-ау, қазір әлем үшін ең үлкен кедергі – коронавирус. Спортшылардың да басты уайымы – ковид жұқтырып алмау. Әлемдегі бірнеше талантты спортшы осы сырқатқа шалдығып, Бейжің қысқы Олимпиадасына қатыса алмады.

Дегенмен үміт оты әлі де сөнген жоқ. Жарыс жолына енді шығатын спортшыларға үміт артамыз. Әлемдік спорт сарапшылары Бейжің қысқы Олимпиадасынан қазақстандық спортшылар 1 медаль (не күміс, не қола) еншілейді деп топшылаған-ды.

Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннен айырылып қалдық. Тағы бір талантты спортшымыз, осы мәнерлеп сырғанаудың жарқын жұлдызы Элизабет Тұрсынбаева да спорттағы сапарын тым ерте аяқтауға мәжбүр болды.

2007 жылы қысқы Азиада ойындарын өткіземіз деп Алматы мен Нұр-Сұлтанда спорт кешендері салынып, кейбірін заман үдесінен шығатындай етіп жаңғырттық. 2017 Алматыда дүниежүзілік қысқы универсиада додасын өткізу үшін бірнеше ірі спорт кешені бой көтерді. 12 мың көрермен еркін отырып, сайысты тамашалайтын «Алматы-Арена», «Халық Арена» кешендері бой көтерді. Осындай ареналарда біз кешегі Людмила Прокашевалардың (1995 жылы өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен қысқы Олимпиаданың қола жүлдегері) ізін өрбітіп, жеңісін жалғайтын ізбасарларды шығара алмай келеміз.

Тәуелсіз Қазақ елінің тарихында Олимпиада чемпионы атанған алғашқы спортшы Владимир Смирновтың 1994 жылы Лиллехаммерде (Норвегия) алтын медаль алғанына да 28 жыл өтіпті. Содан бері біздің спортшылар қысқы Олимпиадаға осымен сегізінші рет қатысты, алтынсыз қайтып жүр.

Көріпкелдігі бар еді демейміз, жалпы қысқы Олимпиада ойындарындағы нәтижеміз қандай болмақ дегенді былтыр күзде Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов біздің газетіміз арқылы «Спорт кешендері қаңырап тұр» деп (№39 1 қазан 2021) мәселе көтерген болатын. Орынды сыннан сабақ алып, қисығымызды түзеп, кетігімізді бүтіндесек, қанеки.

Былтыр жазда Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін бірнеше шенділер тағын босатып еді, Бейжің Олимпиадасы біткен соң абың-күбің әңгімесі біразға дейін басылмайын деп тұр. Спортты біз статистика үшін емес, таланттарды баптау бағытында дамытқанда ғана көсегеміз көгереді.

Қуаныш Рахмет

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?