Қысастық

26 наурыз 2021, 11:08

«Шымкент әкімдігі Наурызға 565 миллион теңге бөліпті» деген алыпқашпа әңгіме әлемжеліні жарып тұр. Біреулер мұны шамалы азайтып 322 миллион теңгемен доғарыпты. Ақшаның құлағы көрінген жерде сөздің қадірі бола ма? Жұрт та әлгі әңгімені сан-саққа жүгіртуде. Бірақ мәселенің мәніне үңілген ешкім көрінбейді. Сосын бұл әңгімені кім шығарып, кімдер таратып жүр? Оған да ешкім бас қатырып жатқан жоқ.

Асылы, Наурыз мерекесі сияқты мәдени, рухани шараға мұндай қаржының бөлінгенінде тұрған томпақ ешнәрсе жоқ. Оны алаулатып-жалаулатып отырғандардың емеурініне бойлап қарасаңыз, Наурызға мұндай қаржы бөлу қисынсыз сияқты. Жалпы соңғы жылдары қазақтың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, ұлттық мерекесіне қырын қарайтын, соған бөлінген тиын-тебенді санап, тырнақ астынан кір іздейтіндер көбейген. Неге?

Әуелі, бұл әңгіме шығатын кезде Шымкент қалалық мәдениет басқармасының басшысы, белгілі әнші Сәкен Майғазиевке соқтықты блогерлер. Олардың қисынына сенсеңіз, Наурызға орай өткізілген айтысқа Шымкент әкімдігі 40 миллион теңге бөліпті. Әлгі блогерлердің пейілін тарылтып тұрған сол қаржы көрінеді. Соқтығудың жөні осындай болу керек деді ме, әлде жібі түзу дерек таппады ма, айтысты өткізген компанияға тиісіпті. Сондағысы – «Бұрын-соңды ондай шара өткізбеген», «Бір көзден алған» деген сияқты қисынсыз айыптаулар. Бейресми мәліметтерге сенсек, Шымшаһардың әкімдігін айыптап жатқан блогерлер, естуімізше, шетел грантымен жұмыс істейтіндер көрінеді.

Миллиондарды айтып, оқырманды елең еткізбекші болғандар өз айыптауларына өздері жауап берген. Мысалы, блогер жазбасында «Наурызға орай «Bala дауысы», «Super Live», «Жұлдызай» сияқты іс-шараға 80 миллион теңге бөлді» депті. Одан кейін «Дәстүрлі ән мен жырлар» – Дина Нұрпейісова» іс-шарасын өткізуге – 50 миллион теңге қарастырылғанын жазыпты. Тағы да осындай қаржыға «Айқап» журналының 110 жылдық» іс-шарасын ұйымдастырмақшы деген. Осының бәрін қосып, 530 миллион теңгенің есебін шығарыпты. Бір емес, бірнеше шараға бөлінген ақша екенін сөз соңына қалдырып, жазбаның басына әдейі миллиондарды шығарған. Бұл енді барып тұрған қысастық. Айыптау. Шырғаға тарту.

Жасыратыны жоқ, мұндай миллиондар күн сайын қаншама іс-шараға, қаншама сауық-кештерге де бөлініп жатыр. Бірақ не айтылмайды, не жазылмайды. Мысалы, былтыр есім-сойы белгісіздеу әлдебір ақынның кешін өткізуге 30 миллион теңгеге жуық ақша бөлінгенде, осы «жанашыр» блогерлер қайда жүрді? Неге дәл бүгінгідей байбалам салмады? Тек қазақтың ұлттық құндылығына арнап тиын-тебен бөлінген кезде ғана «жанашырлар» пайда болып, есепшоттарын қаға қалады. Жаһандану кезінде ұлттық құндылыққа: салт-дәстүрдің насихатына бөлінген ақшаға, тіл мен ділге кеткен қаржыға «қарауылдың» аяқ астынан пайда бола қалатыны несі екен?

Жарас КЕМЕЛЖАН

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?